КСАД РК - Постановление от 01.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/362 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 1 қазан №6003-25-00-4к/362 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев, судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов,

жауапкер мен мүдделі тұлғаның өкілі А.Т. Сарсенбековтың

қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Silk Way International – 7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер «Сарыағаш ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Жер қатынастары бөлімі), Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылдық округінің әкіміне қатысты жер комиссиясының қорытындысын, әкімнің шешімін заңсыз деп танып, күшін жою, қолайлы әкімшілік актіні қабылдауды міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысына прокурордың кассациялық өтінішхаты, жауапкерлердің және мүдделі тұлға «Сарыағаш ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Құрылыс бөлімі) берген кассациялық шағымдар бойынша әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Серіктестік жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жер учаскелеріне құқық беру жөніндегі бас тартудың заңсыздығымен негіздеген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2024 жылғы 10 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

ӘІжСА-ның 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысымен МАӘС-тің 2024 жылғы 10 қазандағы шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған. Сарыағаш ауданының жер комиссиясының 2024 жылғы 30 сәуірдегі №19-07 қорытындысы мен Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылдық округі әкімінің 2024 жылғы 30 сәуірдегі №46 шешімі заңсын деп танып, күші жойылған. Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылдық округі әкіміне қолайлы әкімшілік акті қабылдау туралы міндет жүктелген.

Жауапкер мен мүдделі тұлға, сондай-ақ прокурор кассациялық шағымдар мен өтінішхатта іс бойынша мән-жайлардың дұрыс анықталмағаны негізге ала отырып, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысыныі күшін жоюды және бірінші сатыдағы сотының шешімін күшінде қалдыру сұраған. Талап қоюшының өкілінен сот отырысына бейнеконференцбайланыс режимінде қосылу туралы өтінішхат түсті. Алайда, аталған өтінішхат қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында тараптардың міндетті түрде жеке қатысуымен қарауға тағайындалған, бұл жөнінде іске қатысушылардың барлығы алдын ала хабардар етілген. Көрсетілген мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды. Осыған байланысты, іс оның қатысуынсыз қаралды.

Кассациялық шағымдар мен прокурордың өтінішхатында келтірілген уәждерді талқылай отырып, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерге баға беріп, кассациялық сот келесі қорытындыға келеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сот жол берген.

Жер учаскесiне құқық беру тәртiбi Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 43-бабымен реттеледі.

Кодекстің 48-бабының 1-тармағына сәйкес, жер учаскесі немесе жер учаскесін жалдау құқығы белгілі біл жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын беру сауда-саттықта (аукциондарда) жүзеге асырылады.

Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, ауылдық округ әкімінің шешімдерімен Серіктестікке 19-296-011-1717, 19-296-011-1664, 19-296-0111663, 19-296-011-1721, 19-296-010-2109 және 19-296-010-2110 кадастрлық нөмірлері бар жер учаскелері уақытша жер пайдалану құқығымен және жеке меншікке берілген. Аталған жер учаскелерінің нысаналы мақсаты — кеден терминалы мен автовокзал ғимаратын, автовокзал тұрақтарын және қонақ үй салу болып белгіленген.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 тамыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан әрі – МАЭС) 2023 жылғы 7 маусымдағы шешімімен «Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментінің» РММ-ның талап қоюы бойынша Серіктестікке қатысты ауылдық округ әкімінің келесі шешімдері мен жер учаскелеріне меншік (жалдау) құқығын беру туралы шарттар заңсыз және жарамсыз деп танылған:

  • 2021 жылғы 30 наурыздағы №28 шешім және жалпы алаңы 0,8669 га, кадастрлық нөмірі 19-296-011-1717 жер учаскесіне қатысты сатып алу-сату шарты;

  • 2021 жылғы 19 сәуірдегі №38 шешім және жалпы алаңы 0,0620 га, кадастрлық нөмірі 19-296-011-1664 жер учаскесіне, сондай-ақ жалпы алаңы 0,2273 га, кадастрлық нөмірі 19-296-011-1663 жер учаскесіне қатысты сатып алу-сату шарттары;

  • 2021 жылғы 30 сәуірдегі №43 шешім және жалпы алаңы 0,1320 га, кадастрлық нөмірі 19-296-011-1721 жер учаскесіне қатысты жерді жалға беру шарты;

  • 2021 жылғы 9 маусымдағы №54 шешім және жалпы алаңы 0,2726 га, кадастрлық нөмірі 19-296-010-2109 жер учаскесіне қатысты жерді жалға беру шарты;

  • 2021 жылғы 9 маусымдағы №55 шешім және жалпы алаңы 1,1444 га, кадастрлық нөмірі 19-296-010-2110 жер учаскесіне қатысты жерді жалға беру шарты.

Жоғарыда көрсетілген шешімдердің күшін жоюға және шарттарды жарамсыз деп тануға негіз болған мән-жай ретінде аталған жер учаскелерін беру тәртібінің бұзылуы болып табылады. Бұл жер учаскелері сауда-саттық (аукцион) арқылы беруге жататын, салдарынан Кодекстің 48-бабының 1- тармағында көзделген, жер учаскелерін немесе жерді жалға алу құқығын сауда-саттықтан (аукционнан) тыс беруге мүмкіндік беретін айрықша жағдайлар болмаған.

Кейіннен Серіктестік аталған ауылдық округ аумағында орналасқан жалпы алаңы 1,1716 га, 0,2863 га, 0,1320 га, 0,2726 га және 1,1443 га жер учаскелерін беру туралы ауылдық округ әкімінің атына өтінішпен жүгінген.

Жер комиссиясының 2024 жылғы 30 сәуірдегі №19-07 қорытындысына сәйкес, Серіктестікке сұратылған жер учаскелерін беруден бас тарту ұсынылған, себебі олар Кодекстің 48-бабына сәйкес сауда-саттық (аукцион) арқылы беруге жатады.

Ауылдық округ әкімінің 2024 жылғы 30 сәуірдегі №46 дауланған шешімімен Серіктестікке жер учаскелеріне құқық беру жөнінде бас тартылған.

Бірінші сатыдағы сот дауды шешу барысында және талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, Кодекстің 48-бабы мен 109-бабының 1-тармағының ережелерін басшылыққа ала отырып, аталған нормаларға сәйкес сұратылған жер учаскелері сауда-саттық (аукцион) арқылы беруге жатады, ал оларды сауда-саттықтан тыс беруге мүмкіндік беретін айрықша жағдайлар жоқ деген тұжырымға келген. Серіктестік жоғарыда көрсетілген жер учаскелерін пайдаланып, оларда бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына қайшы нысандар салған, бұл әрекеттер өз бетінше (рұқсатсыз) жүзеге асырылған. Сонымен қатар, нысан уәкілетті орган қабылдамаған актімен пайдалануға берілген.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сотының шешімінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыра отырып, Серіктестікке қатысты сенім құқығын қорғау қағидатын қолданған. Сонымен бірге, Серіктестік эскиздік жобаны ұсынғанын және салынғанын, ғимараттардың салтанатты ашылуы өткенін назарға алған.

Кассациялық сот істің материалдарын мен мән-жайларын зерттеп, сот отырысына қатысушыларды тыңдай келе, келесі қорытындыларға келеді.

Анықталған мән-жайларға сәйкес, 2021 жылы Серіктестікке кеден терминалы мен автовокзал ғимаратын, автовокзал тұрақтарын және қонақ үй салу мақсатында жер учаскелері меншік және уақытша жер пайдалану құқығымен берілген.

Кейіннен аталған жер учаскелерін беру туралы шешім МАЭС-тің 2023 жылғы 7 маусымдағы шешімінің негізінде заңсыз деп танылып, ауылдық округ әкімінің тиісті шешімдерінің күші жойылып, шарттар жарамсыз деп танылған.

Шешімдердің күшін жоюға және шарттарды жарамсыз деп тануға негіз болған мән-жай ретінде аталған жер учаскелерін беру тәртібінің бұзылуы болып табылады. Бұл жер учаскелері сауда-саттық (аукцион) арқылы беруге жататын, салдарынан Кодекстің 48-бабының 1-тармағында көзделген, жер учаскелерін немесе жерді жалға алу құқығын сауда-саттықтан (аукционнан) тыс беруге мүмкіндік беретін айрықша жағдайлар болмаған.

Заңды күшіне енген сот шешімі АПК-нің 76-бабының екінші бөлігіне сәйкес преюдициялық мәнге ие, іс үшін маңызы бар мән-жайларды және дәлелдемесіз анықталатын нақты деректерді белгілеу кезінде кез келген сот үшін міндетті болып табылады.

Кейіннен Серіктестік осы жер учаскелерін беру туралы ауылдық округ әкімінің атына қайтадан өтінішпен жүгінген.

Дауланған жер комиссиясының қорытындысы мен ауылдық округ әкімінің шешімімен Серіктестіктің сұратылған жер учаскелеріне құқық беру туралы өтініші қанағаттандырудан заңды түрде бас тартылған, бұл үшін жеткілікті құқықтық негіздер болған.

Жауапкер талап қоюшыға бұл жер учаскелерін беру үшін негіздердің болмағанын дұрыс көрсеткен, өйткені аталған жер учаскелері сауда-саттық (аукцион) арқылы беруге жатады. Сонымен қатар, Кодекстің 48-бабының 1- тармағында көзделген, жер учаскелерін немесе жерді жалға алу құқығын сауда-саттықтан (аукционнан) тыс беруге мүмкіндік беретін айрықша жағдайлар болмаған. Кодекстің 44-2-бабының 3-тармағына және 109-бабының 1-тармағына сәйкес облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың әкімі елді мекендердің бекітілген бас жоспарларының және егжейтегжейлі жоспарлау жобаларының не аумағын орналастыру схемаларының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.

Қалалардың, кенттердiң, ауылдық елдi мекендердiң барлық жерi олардың бас жоспарларына, егжей-тегжейлі жоспарлау мен құрылыс салу (ондай жобалар болған жағдайда) жобаларына және аумақтың жершаруашылық орналастыру жобаларына сәйкес пайдаланылады. Анықталған мән-жайларға сәйкес, Серіктестік сұратқан жер учаскелерінде Сарыағаш аудандық мәслихатының 2017 жылғы 26 желтоқсандағы шешімімен бекітілген Жібек жолы ауылдық округінің бас жоспарына және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына қайшы келетін нысандар салынып, пайдаланылып жатыр. 2024 жылғы 10 қазандағы МАӘСтің шешімінде осы бөліктегі сәйкессіздіктер нақты айқындалған.

Осы мән-жайларды ескере отырып, талап қоюшының өзіне жер учаскелерін беруден бас тартудың заңсыздығы туралы талабы негізсіз болып табылады, себебі аталған жер учаскелері басқа аймаққа жатқызылған.

Жергілікті атқарушы органда жер учаскелерін беру үшін жеткілікті құқықтық негіздер болмаған, сондай-ақ бекітілген бас жоспар мен егжейтегжейлі жоспарлау жоспары бар кезде өзге әкімшілік қалау құқығы да болмаған. Барлық жерлер өздерінің бас жоспарларына сәйкес пайдаланылуы тиіс, ал жергілікті атқарушы орган олардың қатаң сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Осыған сәйкес, қолайлы әкімшілік акт қабылдауға мәжбүрлеу үшін де негіздер болмаған.

Мұндай жағдайларда заң шығарушы жер учаскелерін беруді императивтік тәртіппен шектеп, кейбір жағдайларда оны толығымен алып тастаған. Сұратылған жер учаскелері сауда-саттық (аукцион) арқылы беруге жатады, ал Серіктестікке қатысты айрықша жағдайлар болмаған.

Сонымен бірге, Серіктестік заңда белгіленген тәртіппен сауда-саттыққа (аукционға) қатысып, жер учаскелерін алу мүмкіндігінен айырылған жоқ.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сотының шешімін жоя отырып, аталған тұжырымдарды жоққа шығармаған, оларға құқықтық баға бермеген және бұл мәселе сот қаулысында көрініс таппаған.

Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды жоққа шығаратын дәлелдемелер кассациялық сатыдағы сотқа да ұсынылмаған, Серіктестікке жер учаскелерін беру мүмкін еместігі теріске шығарылмаған.

Сонымен қатар, осы жағдайда Кодекстің 48-бабының 1-тармағының 5) тармақшасының ережелері қолдануға жатпайды, өйткені аталған нормада көзделген барлық міндетті және өзара байланысты критерийлердің толық жиынтығы болған жоқ. Ғимараттың салтанатты түрде ашылуы мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар жер комиссиясының заңды қорытындысын және ауылдық округ әкімінің шешімін жоюға негіз бола алмайды, себебі мұндай рәсімдік тәртіп Кодексте де, Заңда да көзделмеген салдарынан қолданылуға жатпайды.

Серіктестікке қатысты сенім құқығын қорғау қағидатын қолдану мүмкін емес, өйткені мұндай құқық заңсыз әрекеттерді ақтауға негіз бола алмайды. Бұл жағдайда қоғамдық мүдделерге нұқсан келтірілген, сонымен қатар 2023 жылғы 3 мамырдағы сот қаулысымен Серіктестік нысандардың құрылысы кезінде жол берілген құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

2024 жылғы 3 желтоқсандағы МАЭС-тің нысанды пайдалануға қабылдау актісін даулауға қатысты заңды күшіне енбеген шешімі кассациялық соттың қорытындыларына әсер етпейді, өйткені оның жер учаскелерін беру мәселелеріне қатысы жоқ.

Осылайша, кассациялық сот апелляциялық сатыдағы сотының қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы сотының шешімін күшінде қалдыру қажет деген қорытындыға келеді. Апелляциялық сатыдағы сотпен материалдық және процестік құқық нормалары елеулі түрде бұзылған, оның тұжырымдары іс бойынша нақты мән-жайларға сәйкес келмейді. Осы мән-жайларды ескере отырып, жауапкерлер мен мүдделі тұлғаның кассациялық шағымдары, сондай-ақ прокурордың кассациялық өтінішхаты қанағаттандыруға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-Нің 451-бабының екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 13 наурыздағы қаулысының күші жойылсын.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 қазандағы шешімі күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің, мүдделі тұлғаның кассациялық шағымдары, прокурордың кассациялық өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Д. Әбдіғалиев

Судьялар

Г. Ыдырысова М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.