ҚАУЛЫ
2023 жылғы 9 ақпан 6001-22-00-6ап/1988 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,
жауапкер «Казакстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (РММ) өкілдері – О[...] мен А[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «G[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) «ҚРҚМҚК[...]» РММ-нің (бұдан әрі – Қазынашылық комитеті) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз катысушылар тізіміне енгізу туралы 2022 жылғы 29 қаңтардағы №126168-01-22 бұйрығының күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған, Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 8 сәуірдегі шешіміне, Павлодар облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 шілдедегі « қаулысына жауапкер «ҚРҚМҚК[...]»» РММ-нің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 8 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Қазынашылық комитетінің Серіктестікті мемлекеттік сатып алудың жосықсыз катысушылар тізіміне енгізу туралы 2022 жылғы 29 қаңтардағы №126168-01-22 бұйрығының күші жойылған.
Павлодар облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Жауапкер өкілі кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, жаңа шешім шығаруды сұраған.
Талап қоюшы немесе оның өкілі сот алқасының мәжілісіне қатысуға дәлелді себепсіз келген жоқ. Бұл жағдай істі олардың қатысуынсыз қарауға кедергі болып табылмайды.
Жауапкер өкілдерінің шағымды қолдаған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктерге жол берілмеген.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, талап қоюшы 2022 жылғы 20 каңтарда «Теплокоммунэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнымен (бұдан әpi – тапсырыс беруші) мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы жарияланған мемлекеттік сатып-алу бойынша жеңімпаз болып танылған.
2022 жылғы 21 қаңтарда тапсырыс бepyші мемлекеттік сатып алу вебпорталы арқылы талап қоюшыға мемлекеттік сатып алу туралы шартты қол қоюға жолдаған.
Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 43-бабына, 44-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы қоса берілген хабарлама мемлекеттік сатып алу веб-порталына келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алу туралы қол қойылған шартты ұсынбаса, онда мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарды деп танылады.
Бұл жағдайда Заңның 12-бабының 5-тармағына сай мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі уәкілетті органның әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі негізінде қалыптастырылады.
Серіктестік келісім шартқа заңда көзделген мерзімде қол қоймаған. Осыған байланысты Қазынашылық комитетінің бұйрығымен Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген.
Төменгі сатыдағы соттар Серіктестіктің шарт жасасудан жалтару ниеті болмағандығын анықтап талапты қанағаттандырған кезде әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын басшылыққа алғаны негізді болып табылады. АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 8 сәуірдегі шешімі, Павлодар облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 22 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
«ҚРҚМҚК[...]» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.