ВС РК - Постановление от 18.12.2024 по делу 6001-24-00-3гп/478 (Гражданское)

6001-24-00-3гп/478

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 18-желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - төраға Н.К.Шәріповтің,

судьялар М.Т.Балкеннің, Ғ.Ж. Мырзакенің,

талап қоюшының өкілдері: М.С.Сомтемировтің, М.С.Серікбайдың, жауапкердің өкілі: А.Жабайұлының,

талап қоюшы жағындағы даудың нысанасына дербес талаптарды мәлімдемейтін үшінші тұлға «Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаменті» мемлекеттік мекемесінің өкілі - Т.Т. Ертугановтың қатысуымен,

талап қоюшы - «Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) жауапкер - дара кәсіпкер (бұдан әрі - ДК) Акбота Берикбаевна Ерназароваға сауда ғимаратын өз есебінен мәжбүрлеп бұзуды міндеттеу туралы талап қоюмен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 27-ақпандағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23мамырдағы қаулысына Басқарманың келтірген өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Басқарма сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 27-ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23-мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арызданушы сот актілерінде баяндалған түйіндердің істің мән-жайларына сәйкес келмеуін, іс үшін маңызы бар мән-жайлардың дәлелденбеуін, материалдық құқық нормаларының бұзылып, дұрыс қолданылмауын көрсетіп, жергілікті соттардың сот актілерінің күшін жойып жаңа шешім қабылдауды сұраған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі - сот алқасы, кассациялық алқа) Тексеру комиссиясының өтінішхатты қолдаған түсінігін тыңдап, өтінішхат уәждерін талқылап, іс-құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта

қарауға негiздер болып табылады. Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттардың тарапынан жол берілген деген пікірге келуге болады.

Азаматтық іс құжаттарынан көрінгендей, Ж.Р.Сақтағанованың арызы негізінде Басқарма тарапынан жүргізілген тексерудің нәтижесінде даулы ғимарат жобалау алдындағы рәсімдер жүргізілмей, эскиздік жоба мақұлдаудан өтпей, яғни уәкілетті органдардың рұқсатынсыз өз бетінше құрылыс нысаны салынғаны анықталып, кәсіпкерге қатысты әкімшілік құқық бұзущылық туралы хаттамалар толтырылып, айыппұл түріндегі жазалар қолданылған.

Басқарма құрылыс жұмысын жүргізбей тұрып құрылыс жобаларын іске асыру жер учаскесіне тиісті құқығы негізінде және эскизді әзірлеу және келісуден кейін жүзеге асырылатынына қарамастан құрылысты заңсыз жүргізген деген уәждермен жауапкерді сауда ғимараты нысанының құрылысын өз есебінен мәжбүрлеп бұзуды міндеттеу туралы талаппен жүгінген.

Жергілікті соттар өз бетінше салынған құрылыс нысанын бұзу туралы талап қоюдан бас тартуын даулы жауапкердің көрші меншік иесі Ж.Р.Сақтағанованың жер учаскесіне кедергі келтірмей, құрылыс нысанын өз жер учаскесінің шегінде жүргізген деп негіздеген.

Сондай-ақ, сот бұл шешімді жауапкердің мемлекеттік органға қосымша жер учаскесін беру және жауапкердің қолданылған әкімшілік жазаны орындау туралы өтінішімен негіздеген.

Басқарма кассациялық шағымда даулы ғимараттың «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген қажетті құжаттарды алмай, тәртіпті бұза отырып салынғанын, сондай-ақ, көрші ғимараттар арасындағы өрт қауіпсіздігін кем дегенде 6 метр арақашықтықты қамтамасыз ету талабының бұзылғанын көрсеткен.

Басқарма кассациялық шағымның уәждерін растай отырып, жауапкердің даулы ғимараты көрші учаскенің шекарасынан 1,57-ден 0,07 метрге дейінгі арақашықтықта орналасқаныны, екінші меншік иесінің құқықтарының бұзылу қаупін тудыратынын көрсеткен.

Кассациялық сатыдағы сотта жауапкер өз қарсылығында жобалауға арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасын (СЖТ) мемлекеттік органдармен бекіту туралы, жұмыс жобасы және басқа да құжаттарға қорытындыны алу туралы мәліметтерді ұсынған. Дегенмен, бұл мәліметтер мен дәлелдемелер жергілікті соттармен зерттелмеген.

Бұл тұрғыда, жауапкердің құрылыс нормалары мен талаптарын бұзу фактілерінің жоқтығы туралы жергілікті соттардың қорытындылары тым ерте деген пікірге келуге болады. Қазақстан Республикасының «Қала құрылысы, қалалық және ауылдық елді мекендерді жоспарлау және құрылысын салу» 3.01-101-2013 Ережелер жиынтығына сәйкес, отқа төзімділіктің I және II дәрежелі ғимараттар арасындағы арақашықтық 6 метр болуы керек. Ғимараттың қабырғасы өртке қарсы қабырғадан биік болса, ондай жағдайда 6 метрден аз қашықтыққа рұқсат етіледі.

Аталған талаптардың орындалуы, сондай-ақ құжаттардың және жауапкердің дәлелдемелерінің бекітілуі жергілікті соттармен зерделенбеген. Сонымен қатар, жергілікті соттар көршілер арасында келісімге қол

жеткізілгенін немесе жауапкердің олардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу үшін олармен дауды шешу шараларын қолданғанын тексермеген.

Жоғарыдағылардың негізінде, кассациялық сот алқасы жергілікті соттардың осы істі қарау барысында АПК-нің 224-бабының талаптары сақталмай, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамауы және анықтамауы, қолдануға жататын материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауына және істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан деген қорытындыға келеді. Ал істі қайта қарау барысында аталған мән-жайларға мән беру керек.

Істің мұндай тұрғысында, іс бойынша қабылданған даулы сот актілерін негізді деп тануға болмайды. Сондықтан кассациялық сот алқасы апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жойып, азаматтық істі Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына судьялардың басқа құрамымен жаңадан қарауға жіберу туралы тұжырымға келді.

Істі жаңадан қарау кезінде апелляциялық сатыдағы сот жоғарыда аталған қайшылықтарды жоюға, тараптардың дәлелдері мен дәлелдемелерін тексеруге, Заңды дұрыс қолдану үшін қажет болған жағдайда барлық мүдделі тұлғаларды, уәкілетті органның, оның ішінде орталық органның мамандары мен өкілдерін тарту керек. Ал, қарау нәтижелері бойынша заңды және негізді шешім қабылдау қажет.

АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы,

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 23-мамырдағы қаулысының күші жойылып, іс Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына судьялардың басқа құрамымен жаңадан қарауға жіберілсін.

«Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Н.К. Шәріпов

Көшірмесі дұрыс

Судья М.Т. Балкен

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.