КСАД РК - Постановление от 05.05.2026 по делу 6003-26-00-4к/128 (Административное)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 5 мамыр 6003-26-00-4к/128

Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші - судья М.А.Туғанбаев,

судьялар - Р.М.Айнақұлова, Е.М.Нұралиев,

ашық сот отырысында, талап қоюшы З[...] Атырау облысы, [...] әкіміне (әрі қарай - Ж[...] әкімі) хаттамалық шешімнің өзіне қатысты бөлігіне дау айту туралы талап қою арызы бойынша қабылданған, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 24 сәуірдегі шешіміне, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 шілдедегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы З[...] жоғарыда көрсетілген талап арызымен сотқа жүгінген.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 24 сәуірдегі шешімімен талап қоюшы З[...] Ж[...] әкіміне табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) бағалау және өтеу жөніндегі комиссия отырысының 2025 жылғы 5 қаңтардағы №103 хаттамалық шешімінің өзіне қатысты бөлігін заңсыз деп тану туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Соттың қаулыларымен келіспей, кассациялық шағымда талап қоюшы З[...] үйінің жағдайын жер асты суын зерттейтін маманның қорытындысын алып қайта қарауға міндеттеу керектігін көрсетіп, сот қаулыларының күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық шағымға берген пікірінде Ж[...] ауданы әкімінің міндетін атқарушы А[...] Ж[...] ауданы әкімі аппаратымен 2024 жылғы қараша айында мемлекеттік сатып алу порталында гидрогеологиялық жұмыстарға екі мәрте конкурс жарияланғанымен, әлеуетті өнім берушілерден өтінімдердің түспегенін, З[...] үйі жанында орналасқан Қамыскөл арнасынан шықпағанын көрсетіп, шағым уәждерімен келіспей, оны қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Кассациялық шағымға берген қарсы пікірінде мүдделі тұлға Атырау облысы әкімінің өкілі - Атырау облысы әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушысы М[...] кассациялық шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Мүдделі тұлға Қазақстан Республикасы өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геология комитетінің «Батысқазжерқойнауы» Батыс Қазақстан өңіраралық геология департаменті республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы О[...] істі қатысуынсыз қарауды сұрады.

Талап қоюшы З[...] және жауапкер өкілі А.Теміржанов сот отырысына бейнебайланыс арқылы жалғауды сұраған.

Кассациялық сот тараптардың сот отырысын бейнебайланыс арқылы жүргізу туралы өтінішхаттарын қанағаттандырусыз қалдырды, өйткені тараптарға сот отырысы Қазақстан Республикасы әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот ғимаратында өкілдердің міндетті қатысуымен өтетіні жайлы алдын ала хабарланған болатын.

Тиісті түрде хабарланған іске қатысушы тұлғалар өкілдерінің кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік - процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот, шағым уәждері мен іс құжаттарын жанжақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодекспен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Осы іс бойынша бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарымен аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Талап қоюшы Атырау облысы, [...] мекен-жайы бойынша орналасқан жылжымайтын мүліктің меншік иесі.

2024 жылғы 4 сәуірде Ж[...] ауданы әкімінің шешімімен аталған аудан аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған және 2024 жылдың 15 сәуірінде аудан әкімінің қаулысымен табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) бағалау және өтеу бойынша аудандық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылған.

Талап қоюшы 2024 жылдың 14 маусымында су тасқынының салдарынан өзінің үйіне зақым келгенін көрсетіп, аталған Комиссияға өтінішпен жүгінген.

Комиссияның 2024 жылғы 25 маусымындағы №24 санды хаттамалық шешімімен талап қоюшының үйіне топан судың кірмегенін, яғни талап қоюшының тұрғын үйі суға кетпеген аймаққа жататындығын ескеріп, өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.

Комиссияның аталған шешімімен келіспей З[...] сотқа жүгінген және Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 11 қыркүйектегі №2394-24-00-4/631 шешімімен Комиссияның 2024 жылғы 25 маусымындағы №24 санды хаттамалық шешімінің талапқоюшыға қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған. Ж[...] ауданы әкіміне З[...] өтінішін су зерттейтін тиісті маманның қорытындысын алып, соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып, қайта қарау міндеттелген.

Аталған сот шешімін орындау барысында Комиссияның 2025 жылғы 5 қаңтардағы №103 санды хаттамалық шешімімен «Батысжерқойнауы» Батыс

Қазақстан өңіраралық геология Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің хатына сәйкес аймақта жер асты суы деңгейінің көтерілмегендігін ескере отырып, талап қоюшының өтінішін қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа хаттамалық шешім қабылданған.

Сот шешімін орындау және осыған байланысты гидрогеолог маманды тарту мақсатында жауапкер жер асты суын зерттейтін мамандардан коммерциялық ұсыныстарын білдіруді сұрап, Алматы қаласындағы «Алматыгидрогеология», Қостанай қаласындағы «Тобылгидрогеология», Көкшетау қаласындағы «Гидрогеология-KZ», Алматы қаласындағы «СПК Гидрогеология», Атырау қаласындағы «Атыраугидрогеология», Жамбыл облысы, [...] жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Батысқазжерқойнауы» өңіраралық департаментіне, Ахмедсафин атындағы гидрогеология және геоэкология институтына хаттар жолдаған.

Бұдан басқа 2024 жылғы қараша айында мемлекеттік сатып алу порталында гидрогеологиялық жұмыстарға екі мәрте конкурс жариялаған, алайда тиісті мерзімде әлеуетті өнім берушілерден өтінімдер түспеген.

Сондықтан, жауапкер дауланып отырған хаттамалық шешімді қабылдау барысында жер асты суының көтерілуі туралы «Батысқазжерқойнауы» өңіраралық Департаментінің ақпараттық хатын негізді түрде басшылыққа алған, себебі аталған Департамент жер асты суын зерделеуге негізделген мемлекеттік мекеме болып табылады және оның 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №26-10-2-1585 жауап хатында, Құлсары қаласында жерасты суының режимі (судың деңгейінің, химиялық құрамының өзгеруі) 1988 жылы орналастырылған 16 гидрогеологиялық байқау ұңғымалары арқылы зерттелуде екені, салыстырмалы түрде 2022 жылғы наурыз, мамыр, тамыз айларындағы, 2023 жылғы наурыз, мамыр, тамыз айларындағы және 2024 жылғы наурыз, мамыр, тамыз айларындағы орташа өлшеу деректері бойынша, жер асты суларының орташа жылдық деңгейлері орташа жылдық норма шегінде орналасқандығы және қаланың су басуына әсері келмегені хабарланған.

З[...] №2394-24-00-4/631 істегі талап қою арызында үінің іргетасына су жетпегені көрсетілген.

Талап қоюды қанағаттандыруға құқықтық негіздемелер болмағандықтан, соттардың З[...] талап қоюын қанағаттандырусыз қалдыру туралы тұжырымдары негізді.

ӘРПК 155-бабының төртінші бөлігіне сәйкес сот талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік), шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық шағымның уәждерін қайталайды, оларға екінші сатыдағы сот тарапынан дұрыс құқықтық баға берілген.

Жоғарыда келтірілген мәнжайларды ескере отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп табады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 24 сәуірдегі шешімі, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 шілдедегі қаулысы өз күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші: М. Туғанбаев

Р. Айнақұлова

Судьялар:

Е. Нұралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.