ВС РК - Постановление от 12.05.2021 по делу 6001-21-00-3гп/165 (Гражданское)

6001-21-00-3гп/165

ҚАУЛЫ

2021 жылғы 12 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші алқа төрағасы М.Таймерденов,

судьялар З.Кейкибасова, Б.Тоқтарова,

талап қоюшы Қ[...] және оның өкілі Т[...] қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында, ашық сот отырысында мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы

Қ[...] «АЗИЯ АВТО» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - АҚ) бүлінген автокөлікті жаңа автокөлікпен ауыстыру міндетін жүктеу, моральдық залалды өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Маңғыстау облысы Ақтау қаласы №2 сотының 2020 жылғы 1 шілдедегі шешімін және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 23 қыркүйектегі қаулысын қайта қарау туралы талап қоюшының өкілі Т[...] келтірген өтінішхаты бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Қ[...] сотқа «АЗИЯ АВТО» АҚ-ға бүлінген автокөлікті жаңа автокөлікпен ауыстыру міндетін жүктеу және 1 000 000 теңге моральдық залалды өндіру туралы талап қою арызымен жүгініп, талабын төмендегі мән-жайлармен негіздеген.

2018 жылғы 9 тамыздағы сатып алу-сату шартына сәйкес талап қоюшы «AЗИЯ АВТО» АҚ-дан 2018 жылы шыққан ақ түсті «Skoda Rapid» маркалы автокөлікті (бұдан әрі – даулы автокөлік) 6 497 500 теңгеге сатып алған. Шарттың 5.4 тармағына сәйкес тауардың сапасына қойылатын талап бұзылған жағдайда сатып алушы сапасыз тауарды толықтай ұқсас тауарға ауыстыруды немесе оның толық соммасын өндіруді талап етуге құқылы. 2018 жылғы 23 желтоқсанда сағат 04:30 шамасында даулы автокөлік өртеніп кеткен.

«AM[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әріЖШС) 2019 жылғы 22 қарашадағы № 0122/19 актісіне сәйкес көліктің өртену себебі электр сымдары балқуынан болған деген қорытындыға келген. Осы актіні негізге алып, талап қоюшы талап арызын қанағаттандыруды сұраған. Маңғыстау облысы Ақтау қаласы №2 сотының 2020 жылғы 1 шілдедегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 23 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта талап қоюшының өкілі соттардың тұжырымдары істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыруды сұраған.

«АЗИЯ АВТО» АҚ-ға кассациялық сатыдағы соттың істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған, алайда сот отырысына қатыспады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 445-бабының 3-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың істі қарау уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылған іске қатысатын адамдардың келмеуі істі қарауға кедергі болмайды.

Кассациялық сот алқасы арызданушының өтінішхат уәждерін қолдаған түсінігін тыңдап, іс құжаттарын тексеріп, іс бойынша сот актілерін қайта қарау үшін негіздер жоқ деп санайды.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады. Істі қарау барысында жергілікті соттармен заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына қарағанда, 2018 жылғы 9 тамыздағы сатып алу-сату шартына сәйкес Қ[...] «AЗИЯ АВТО» АҚ-дан даулы автокөлікті қосымша жабдықпен 6 497 500 теңгеге сатып алған. 2018 жылғы 9 тамыздағы алу-беру актісі негізінде автокөлік Қ[...] табысталған.

Шарт жасау барысында «AЗИЯ АВТО» АҚ-мен автокөліктің техникалық және кепілдік қызмет көрсетілуі 24 ай немесе 30 000 шақырым жүруге дейін деп белгіленген.

2018 жылғы 23 желтоқсанда сағат 04.30 шамасында автокөлік Қ[...] үйінің ауласында тұрған кезінде өртеніп кеткен.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 42-4-бабының 1-тармағына сәйкес құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған тұтынушы сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтарды жою және тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан осы бұзушылықтар келтірген залалды (зиянды) тұтынушыға ерікті түрде өтеу туралы наразылықпен жүгінуге құқылы. Алайда, Қ[...] осы заң нормасында көзделген құқықтарын пайдаланып, сатушы «AЗИЯ АВТО» АҚ-ға жүгінбеген, сатушыға даулы автокөлікті өртену себептерін анықтау үшін ұсынбаған.

Өз кезегінде, Қ[...] негіз ретінде ұсынылған «AM[...]» ЖШС-нің директоры Б[...] қолы қойылған актіні жергілікті соттар дұрыс назарға алмаған, себебі Б[...] актіге қол қоюға құқығы бар екендігін дәлелдейтін тиісті құжаттар тіркелмеген, хатта көрсетілген автоэлектрик Л[...] маман ретінде құзыреті көрсетілмеген. Сонымен қатар, сатушы «AЗИЯ АВТО» АҚ даулы автокөлікті қарауға қатыстырылмаған және ол «AM[...]» ЖШС-не өрттің себептерін анықтауға және зерттеу жүргізуге өкілеттілік бермеген.

Сондай-ақ, талап қоюшы сатып алған көліктің сапасы мен өрт шығудың арасында себеп-салдарлық байланыс бар екендігін дәлелдейтін тиісті дәлелдемелерді сотқа ұсынбаған және іс материалдарымен аталған байланыс өз дәлелін таппаған.

Ал, Маңғыстау облысының Сот сараптамалары институтының сарапшысы К[...] 2019 жылғы 23 қаңтардағы №61 қорытындысына сай өрт ошағының орналасуы және өрт шығудың техникалық себептері анықталмаған, өйткені талап қоюшы көліктің құралдары өртеніп кетуіне байланысты және сарапшының өтінішхаты бойынша мәліметтерді сарапшыға ұсынбаған. АПК-нің 72-бабына сәйкес әр тарап өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғаныс құралдарын пайдалануға, фактілерді растауға, оларға дау айтуға, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін және іс жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған дәлелдемелер және дәлелдемелерге қарсы қарсылықтарды судья белгілеген мерзімде келтіруге тиіс.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, алқа

Маңғыстау облысы Ақтау қаласы №2 сотының 2020 жылғы 1 шілдедегі шешімі және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 23 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының өкілі Т[...] өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: М.Таймерденов

Судьялар: З.Кейкибасова

Б.Тоқтарова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.