6001-22-00-6ап/1265
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 26 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б.Дүйсенбаев, судьялар – Н.Ү.Қайыпжан, Б.Т.Нажмиденов болып, талап қоюшы А[...], оның өкілі К[...], жауапкерлер А[...] пен Ж[...], мүдделі тұлғаның өкілі С[...] қатысуларымен,
А[...] жеке сот орындаушылар (бұдан әрі – ЖСО) А[...], Ж[...], Шымкент қаласы жеке сот орындаушылар өңірлік палатасына, К[...], К[...], С[...], «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – КЕ АҚ) сот орындаушылардың мүлікті заттай өткізу және тыйым салынған мүлікті өткізу туралы қаулыларының күшін жою туралы талап қоюы бойынша әкімшілік іс бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 6 мамырдағы ұйғарымына талап қоюшы өкілі К[...] кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жауапкерге аталған әкімшілік талап қоюмен жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 6 сәуірдегі шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 6 мамырдағы ұйғарымымен бірінші саты соты шешімінің күші жойылып, талап қоюмен сотқа жүгіну үшін берілген мерзімді өткізіп алу себебіне байланысты кері қайтарылған.
Талап қоюшы өкілі кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған апелляциялық сатыдағы соттың сот актісімен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Сот алқасы, шағымның уәждерін қолдаған талап қоюшы А[...] пен оның өкілі К[...] түсінігін, жауапкер А[...] шағым уәждеріне қарсылығын, Ж[...] іс бойынша шешімді соттың қарауына қалдырған және мүдделі тұлға өкілі С[...] шағымға қарсы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын және шағымдағы уәждерді зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша осындай негіздер бар.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2002 жылғы 12 ақпанда Сайрам ауданы әкімдігінің қаулысымен «Е[...]» шаруа қожалығын (бұдан әрі – ШҚ) жүргізу үшін А[...] 49 жылға жалға берілген.
Аталған қаулы негізінде көлемі 48 гектар жер учаскесіне, көлемі 21 гектар жер учаскесіне мемлекеттік актілер рәсімделген.
2002 жылғы 17 мамырда Сайрам ауданы әкімдігінің қаулысымен «Бадам» ауыл округінің аумағындағы арнайы жер қорынан жалпы көлемі 70 гектар, оның ішінде 50 гектар тәлімі жерден, 20 гектар жайылымдықтан жер учаскесі алынып, қосымша «Е[...]» ШҚ-ын жүргізу үшін А[...] 49 жылға жалға берілген.
Аталған қаулы негізінде жалпы алаңы 20 гектар жер учаскесіне, жалпы алаңы 50 гектар жер учаскесіне мемлекеттік актілер рәсімделген.
2004 жылғы 1 қыркүйекте «Валют-Транзит Банк» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – АҚ) мен «Л[...]» ӨК арасында жасалған банктік қарыз шарты бойынша А[...] жалпы алаңы 50 гектар жер учаскесін кепілге қойған.
2005 жылғы 24 маусымда «Валют Транзит Банк» АҚ-ы мен «Е[...]» ШҚ-ы арасында жасалған банк кепілдемесі бойынша А[...] жалпы алаңы 20 гектар, көлемі 48 гектар, жалпы алаңы 21 гектар жер учаскелерін кепілге қойған.
Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2017 жылғы 27 наурыздағы шешімімен талап қоюшы К[...] жауапкер А[...] қарыз өндіру туралы талап қоюы қанағаттандырылып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына 9 500 000 теңге қарыз және 95 000 теңге мемлекеттік баж салығы, барлығы 9 595 000 теңге өндірілген. 2017 жылғы 2 мамырда сот шешімі заңды күшіне еніп, атқару парағы берілген.
Осы атқару парағы негізінде 2017 жылғы 29 мамырда ЖСО У[...] борышкер А[...] өндіріп алушы К[...] пайдасына 9 595 000 теңге қарыз өндіру туралы атқарушылық іс жүргізу өндірісін қозғалған.
2018 жылғы 5 қаңтарда борышкердің Қазақстан Республикасы шегінен шығуына уақытша шектеу қойылған.
2018 жылғы 30 наурызда өндіріп алушыға жер учаскелері сол қалпында қарыз есебіне өткізілген.
2018 жылғы 24 сәуірде атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған.
Бұдан әрі 2018 жылғы 3 сәуірде қарыз беруші С[...] пен қарыз алушы К[...] арасында қарыз шарты жасалып, К[...] 4 400 000 теңге ақшалай қаражатты 2018 жылғы 9 сәуірге дейін С[...] қайтаруға міндеттенген. Шарт Шымкент қаласының нотариусі У[...] куәландырылған.
2018 жылғы 10 сәуірде осы нотариуспен қарыз алушы К[...] қарыз беруші С[...] пайдасына 4 400 000 теңге қарыз және 5 983 теңге атқарушылық жазба шығынын, барлығы 4 405 983 теңге өндіру туралы атқарушылық жазбасы шығарылған.
2018 жылғы 2 мамырда осы атқарушылық жазба негізінде ЖСО А[...] борышкер К[...] өндіріп алушы С[...] пайдасына 4 405 983 теңге қарыз өндіру туралы атқарушылық іс жүргізу өндірісі қозғалған.
2018 жылғы 5 мамырда ЖСО У[...] борышкер К[...] пен өндіріп алушы С[...] қарыз ақшаны мүлік есебінен өндіруге келісуіне байланысты кадастрлық жер учаскелерін 4 400 000 теңгеге бағалап, мүлікті қарыз есебіне өткізу туралы қаулы қабылдаған.
2018 жылғы 14 мамырда сот орындаушысының қаулысы негізінде аталған жер учаскелеріне С[...] құқықтары тіркелген.
2020 жылғы 25 ақпанда «Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен С[...] арасында жер учаскелерін жалға беру туралы №150 шарт жасалып, жер учаскелеріне жаңа кадастрлық (№19295-068-1150 (№[...]), №[...] (№[...]), №[...] (№[...]), №[...] (№[...]) нөмірлер беріліп, істер рәсімделген.
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 126бабының 3-тармағына сәйкес сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.
Заңның 27-бабының 1-тармағымен атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар атқарушылық әрекеттер және мәжбүрлеп орындату шаралары туралы хабархатпен хабарландырылатындығы қарастырылған.
Заңның 55-бабының 4-тармағына сәйкес борышкерде берешекті өтеу үшін жеткілікті ақша сомасы болмаған кезде, өндіріп алу борышкерге тиесілі басқа мүлікке қолданылады. Сот орындаушысы өндіріп алушының немесе бір кезектегі өндіріп алушылардың және борышкердің жазбаша келісуімен мүлікті алдын ала бағалап, осы Заңның 68-бабына сәйкес, оны өткізбей, сол қалпында өндіріп алушыға немесе бір кезектегі өндіріп алушыларға беруге құқылы екені көзделген. ЖСО У[...] борышкер А[...] өндіріп алушы К[...] пайдасына қарыз сомасын өндіру туралы атқарушылық іс жүргізуге ЖСО-ның мүлікті беру, атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыларының борышкерге табыс етілгені туралы құжаттары тіркелмеген.
Оған қоса, борышкердің мүліктік жағдайы, ақша қаражатының баржоғын анықтауға, борышкердің мүлкін бағалауға бағытталған іс-әрекеттерін растайтын дәлелдемелер, өндіріп алушы мен борышкердің мүлікті сол қалпында беру туралы жазбаша келісімдері жоқ.
Сондықтан, бірінші саты сотының ЖСО У[...] атқарушылық іс жүргізуде талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына жол берілгендігі туралы тұжырымдары дұрыс. Іс бойынша ЖСО А[...] өндіріп алушы С[...] мүлікті өткізу туралы қаулы шығаруына ЖСО У[...] мүлікті өткізу туралы қаулысы негіз болған.
ӘРПК-нің 84-бабының үшінші бөлігінде заңсыз әкімшілік актінің күші жойылған кезде әкімшілік актіні заңсыз деп танудың заңды салдары туралы шешім қабылданатындығы көрсетілген.
Сотта ЖСО У[...] әрекетінен талап қоюшы А[...] құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны анықталған.
Яғни, бірінші саты сотының осы бөліктегі талап қоюшының ЖСО А[...] мүлікті беру туралы қаулысына шағым келтіру құқығы бары және ЖСО А[...] 2018 жылғы 5 мамырдағы қаулысы заңсыз деп танылуға жататындығы туралы тұжырымдары дұрыс. Апелляциялық саты сотының ұйғарымындағы 2020 жылғы 19 қыркүйектегі қылмыстық іс бойынша беттестіру хаттамасындағы А[...] жауаптарынан жер пайдалану құқығы К[...] өтіп кеткендігі және сол себепті ол атқарушылық өндіріс туралы хабардар болғандығы жөнінде тұжырымдары негізсіз.
Сілтеме жасалған беттестіру хаттамасында талап қоюшы тек сотпен шығарылған сот шешімімен одан берешек соммасы өндірілгені туралы хабардар екенін көрсеткен. Сот орындаушысымен атқарушылық өндіріс қозғалғаны, оның әрекеттері туралы хабардар екені көрсетілмеген. Сотта анықталғандай атқарушылық өндіріске талап қоюшы А[...] ЖСО У[...] жер учаскелері түріндегі мүлікті өндіріп алушыға өткізу туралы қаулысы табысталғаны туралы мәлімет тіркелмеген.
Талап қоюшыға жер учаскелерінің К[...], кейін С[...] өтіп кеткені туралы мәліметтер оған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның Түркістан облысы бойынша филиалының 2022 жылғы 18 ақпандағы жауап хатынан белгілі болған.
ӘРПК-нің 136-бабының жетінші бөлігіне сәйкес дәлелді себеппен өткізіп алынған талап қоюды беруге арналған мерзімді сот АПК-нің қағидалары бойынша қалпына келтіруі мүмкін.
Сол себепті бірінші саты сотының А[...] талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы тұжырымдары дұрыс.
Істі қарау барсында бірінші саты соты істің мән-жайын толық және дұрыс анықтаған, алайда апелляциялық алқа материалдық және процестік нормаларын қолдануда қателік жіберілген.
Сот алқасы, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, апелляциялық сот алқасының қаулысы толығымен күші жойылуға, бірінші саты сотының шешімі күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.
Сонымен қатар, сот алқасы апелляциялық саты сотының осы іс бойынша жол берілген процестік бұзушылығына назар аударады.
Істің материалдарына сәйкес іс бірінші сатыдағы сотпен мәні бойынша шешім шығарумен қаралған.
Апелляциялық сатыдағы сот істі алқа құрамында қарап, сот актісін ұйғарым түрінде қабылдаған.
АПК-нің 425-бабының 1), 2) тармақтарына сәйкес апелляциялық сатыдағы сот істі қарау нәтижесі бойынша сот актіні қаулы немесе ұйғарым түрінде шығарады.
АПК-нің қағидалары талап қоюды қараусыз қалдыру туралы шешім қабылданған жағдайда ұйғарым шығаруды көздейді, ал ӘРПК-де талап қоюды қараусыз қалдыру немесе іс бойынша іс жүргізуді тоқтату кезеңдері көзделмеген.
Егер бірінші сатыдағы сот істі мәні бойынша шешім шығарумен қараса, ал апелляциялық сатыдағы сот іс бойынша жаңа қорытынды шешім қабылдаса, іс мәні бойынша қаралған болып есептеледі.
Сол себепті апелляциялық сатыдағы сотқа сот актісін қаулы түрінде қабылдауы керек болған.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 6 мамырдағы ұйғарымының күші жойылып, Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 6 сәуірдегі шешімі күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы өкілі К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Г. Дүйсенбаев
Судьялар
Н. Қайыпжан Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.