ҚАУЛЫ
2026 жылғы 9 сәуір №6003-26-00-4к/74 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші судья Ә. Назарова,
судьялар Г. Ыдырысова, Д. Нұрлыбаева,
жауапкерлер: Батыс Қазақстан облысының Психикалық денсаулық орталығының өкілі А. Мағзумованың, Батыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасының өкілі С. Сатыбаеваның, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің өкілдері А. Жунисбекованың, Б. Султановтың, Батыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің А. Баймуханбетованың, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің өкілі С. Дуйсенғалиеваның қатысумен ашық сот отырысында
талап қоюшы Уралхан Хужабаевич Кузанбаевтың және Галияш Торакулыевна Кулбалаеваның жауапкерлер Батыс Қазақстан облысының Психикалық денсаулық орталығына, Батыс Қазақстан облысының балалар көпбейінді ауруханасына, Батыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасына, Алматы қаласының Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығына, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне, Орал қаласының Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру мекемесіне, Орал қаласының Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына, Орал қаласының № 4 емханасына, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне, Орал қаласының № 20 жалпы орта мектебіне, Орал қаласының Білім бөліміне, Батыс Қазақстан облысының Білім басқармасына, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігіне, Орал қаласының Полиция басқармасына, Батыс Қазақстан облысының Полиция департаментіне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Орал қаласының прокуратурасына, Батыс Қазақстан облысының прокуратурасына, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына, Батыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Адам құқығы жөніндегі Қазақстан Республикасының ұлттық орталығына, Батыс Қазақстан облысы бойынша балалар құқығы жөніндегі уәкіліне, Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне, «Ақжайық» жеке қорына, «Қазақстан халқына» жеке қорына, «Global information systems» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, Батыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментіне, Батыс Қазақстан облысының Сот сараптама институтына, Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігіне, Батыс Қазақстан облысы бойынша Әділет департаментіне, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму және инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне, Қазақстан Республикасының Үкіметіне
дау айту және моральдық шығындарды өндіру туралы әкімшілік талап қоюы бойынша қабылданған Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 7 қазандағы ұйғарымына, Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 қарашадағы ұйғарымына талап қоюшылардың кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшылар жоғарыда аталған әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгініп, сапасыз медициналық қызмет көрсетілгеніне шағым беріп, материалдық шығыны және моральдық зиянды өндіруді сұраған. Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 7 қазандағы ұйғарымымен талап қою кері қайтарылған.
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 қарашадағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшылар кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды, істі жаңадан қарау үшін тиісті сотқа жолдауды сұрайды.
Орал қаласының Білім бөлімінің, Батыс Қазақстан облысының Полиция департаментінің, Батыс Қазақстан облысының прокуратурасының өкілдері істі онлайн түрде мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұрады.
Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының отырысы осы соттың ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Сот жоғарыда аталған өкілдердің сотқа келмеуі туралы уәжін дәлелді деп санамайды.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің, Батыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Адам құқығы жөніндегі Қазақстан Республикасының ұлттық орталығының өкілдері сотқа істі өздерінің қатысуынсыз қарау туралы өтінішхат берді.
Талап қоюшы және қалған сотқа қатысушылардың өкілдері кассациялық сот отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық шағымның уәждері мен жауапкерлердің өкілінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот дауланып отырған сот актілері төмендегі негіздерге байланысты күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Жергілікті соттар талап қоюды қайтарғанда даудың жария-құқықтық қатынастардан туындамағанын, сондықтан әкімшілік іс жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтынын негізге алған.
ӘРПК-нің 5-бабында көрсетілгендей, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті - жария-құқықтық қатынастардағы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру болып табылады.
Осы Кодекстің 4-бабының бірінші бөлігінің 33) тармақшасында келтірілген түсіндірмеге сәйкес талап қоюшы ретінде өзінің бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінген адам не оның мүддесі үшін прокурор, Қазақстан Республикасының заңдарында осындай өкілеттік берілген өзге адам талап қоюды берген тұлға деп түсіндірілген.
Жария-құқықтық қатынастар құқық субъектілері арасындағы қатысушылардың бірінің билікті өкілеттерін басқаларға жүргізуіне байланысты туындайтын қатынастар болып табылады.
Талап қоюдың мазмұны мен оның құқықтық негіздемесі бойынша талап қоюшылар іс жүзінде кәмелетке толмаған ұлына медициналық қызмет көрсетудің дұрыстығын және белгіленген медициналық диагнозды даулап отырғаны байқалады.
Диагноз қою, емдеу тәсілін таңдау және медициналық көмек көрсету сияқты мәселелер медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметі болып табылады және бұл медициналық білімге, пациенттің денсаулық жағдайының көрсеткіштеріне және оларды бағалауға негізделеді.
Мұндай қызмет жария билік өкілеттіктерін жүзеге асырумен байланысты емес және әкімшілік сот ісін жүргізу шеңберінде сот бақылауының нысанасы болмайды.
Сондықтан, төменгі сатыдағы соттардың талап қоюды әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтын талап қою ретінде қайтару туралы тұжырымдары дұрыс әрі негізді болып табылады. ӘРПК-нің 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес егер іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні бойынша талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен, сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен бірдей.
Бұл дәлелдемелерге соттар тиісті құқықтық баға берген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Мұндай жағдайда кассациялық шағымда жаңа дәлелдер келтірілмегенін ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, кассациялық сот дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан, сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз жоқ. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 7 қазандағы ұйғарымы, Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 қарашадағыұйғарымы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшылардың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ә. Назарова
Судьялар
Г. Ыдырысова
Д. Нұрлыбаева
⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.