6003-25-00-2к/5764
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 26 мамыр
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,
прокурор А.Е.Кадылбековтың, талап қоюшының өкілі Ғ.Ө.Әзімбайдың, жауапкерлер А.С.Кожабергеновтың, Л.О.Жунусованың, Н.А.Кожабергеновтың, А.С.Кожабергенованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласының әкімдігі атынан «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер Абай Солтанович Кожабергеновқа, Латипа Омаровна Жунусоваға, Нуржан Абаевич Кожабергеновқа, Айсулу Сартаевна Кожабергеноваға және кәмелетке толмаған Аделя Нұржанқызы Абайдың, Алинур Нуржанович Абайдың, Амирали Нуржанович Абайдың және Амре Нуржанович Абайдың заңды өкілдері ретінде Нуржан Абаевич Кожабергеновқа, Айсулу Сартаевна Кожабергеноваға ақшалай өтемақы төлеумен мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару және бау-бақшалық үйден мәжбүрлеп шығару туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 2 мамырдағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 шілдедегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкердің меншігіндегі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 шілдедегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 2 мамырдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
А.С. Кожабергеновқа 37 262 831 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы төлеумен, Астана қаласы, «Сарайшық» ауданы (бұрынғы Алматы ауданы) Мичуринец бағбандық серіктестігі, Малая көшесі, №176 учаскесі мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 0,0840 га кадастрлық нөмірі 21-318094-112 жер учаскесін және онда орналасқан жылжымайтын мүлік мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған.
А.С. Кожабергеновқа 37 262 831 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы төленгеннен кейін А.С.Кожабергеновты және онымен бірге тұрып жатқан Л.О.Жунусованы, Н.А.Кожабергеновты, А.С.Кожабергенованы, кәмелет жасқа
толмаған балалар: А.Н.Абайды, А.Н.Абайды, А.Н.Абайды және А.Н.Абайды Астана қаласы, «Сарайшық» ауданы (бұрынғы Алматы ауданы) Мичуринец бағбандық серіктестігі, Малая көшесі, №176 учаске мекенжайында орналасқан баубақшалық үйден шығаруға шешім етілген. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, төленетін өтемақыны 28 575 670 теңге мөлшерінде айқындауды сұраған.
Кассациялық сот тараптарды, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Астана қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 13 сәуірдегі №510-1252 және 2023 жылғы 4 желтоқсандағы №510-2588 қаулыларына сәйкес, Астана қаласы, «Алматы» ауданы, Хусейн бен Талал көшесі, № 38 (жобалық атауы) көшесінен Абылай хан даңғылына дейінгі мекенжайда орналасқан, жалпы ауданы 3 учаске - 2,9257 га, 4 учаске - 4,6998 га жер учаскелері мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп, оның ішінде сатып алу жолымен Хусейн бен Талал көшесін жобалау жұмыстарын жүргізу үшін иеліктен шығаруға жатады.
Алынатын жер учаскесінің шегінде А.С.Кожабергеновқа 2003 жылғы 23 қазандағы сатып алу-сату шарты негізінде меншік құқығына тиесілі Астана қаласы, «Алматы» ауданы, «Мичуринец» баубақшалық серіктестігі, Малая көшесі, №176 учаске, кадастрлық нөмірі 21-318-094-112, жалпы ауданы 0,0840 га жер учаскесі, және ол жерде орналасқан құрылыс енеді.
Баубақшалық үйде А.С.Кожабергеновпен бірге Л.О. Жунусова, Н.А.Кожабергенов, А.С. Кожабергенова және олардың кәмелет жасқа толмаған балалары Аделя Нұржанқызы Абай, Алинур Нуржанович Абай, Амирали Нуржанович Абай және Амре Нуржанович Абай тұрады.
Уәкілетті органмен жауапкерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталып, 28 575 670 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.
Алайда, жауапкер талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен
келіспеген.
Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған «Прогресс Консалтинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сараптама қорытындысымен Астана қаласы, «Алматы» ауданы, «Мичуринец» баубақшалық серіктестігі, Малая көшесі, №176 учаске, кадастрлық нөмірі 21318-094-112, жалпы ауданы 0,0840 га жер учаскесі және ол жерде орналасқан құрылыстың нарықтық құны 37 262 831 теңгеге бағаланған (бұдан әрі - сарапшының қорытындысы).
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.
Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды. «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар. Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшымен сараптама салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс жер учаскесі және ол жерде орналасқан құрылыстың нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде
құрастырылған.
Сарапшының бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер талап қоюшымен ұсынылмаған.
Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.
Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі мен мүлік үшін өтемақыны 37 262 831 теңге мөлшерінде анықтауы заңды.
Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 2 мамырдағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: А.О.Тогумбетова
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.