ВС РК - Постановление от 19.04.2021 по делу 6001-21-00-3Г/1260 (Гражданское)

6001-21-00-3г/1260

Қ А У Л Ы

2021 жылғы 19 сәуір Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы С[...] талап қоюшы «Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы» ММ-нің (бұдан әрі – Мекеме) жауапкер жеке кәсіпкер Б[...] (бұдан әрі – ЖК Б[...]) соманы өндіру туралы талап арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 29 қыркүйектегі шешімін, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысын

қайта қарау туралы жеке кәсіпкер Б[...] келтірген өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

Мекеме сотқа жүгініп, ЖК Б[...] заңсыз 170 000 000 теңге аудару төлем өндіруді сұраған.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 29 қыркүйектегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.

ЖК Б[...] мемлекет кірісіне 170 000 000 теңге, 5 100 000 теңге сот шығындарының сомасы өндірілді.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта ЖК Б[...] сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын бұзуға жол бергенін көрсетіп, дауланған сот актілерін күшін жойып, істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберуді сұрайды.

Іс құжаттарын және өтінішхат уәждерін зерделеп, судья төмендегі негіздерге байланысты өтінішхат кассациялық сатыдағы сот отырысында қарау үшін берілуге жатады деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

2018 жылғы 20 желтоқсанда тараптар арасында тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы №80 шарт (бұдан әрі - шарт) жасақталған.

Шарт бойынша ЖК Б[...] Атырау облысының құрама командасын 2018 жылғы маусымдағы хоккейден республикалық чемпионатқа дайындау және қатыстыру қызметін көрсетуге, ал Мекеме қызметтерді көрсеткені үшін ақы төлеуге міндеттенген. Шарттың жалпы құны 170 000 000 теңгені құрайды. Шарт мемлекеттік тіркеуден 2018 жылғы 20 желтоқсанда өткізілген. Шарттық міндеттеменің орындалу мерзімі 2018 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген.

2018 жылғы 20-26 желтоқсан аралығында көрсетілген қызметтер үшін 2018 жылғы 27 желтоқсанда істелінген жұмыстар актісі жасақталып тараптармен қол қойылған. 2018 жылғы 27 желтоқсандағы №2851251/18-970 төлем құжатымен Мекеме 170 000 000 теңгені хоккейден Атырау облысының құрама командасын Қазақстан Республикасының чемпионатына және Қазақстан Республикасының кубогына дайындау және қатыстыруға байланысты көрсетілген қызметтер үшін ЖК Б[...] толық төлеген. Мекеме талап арызында Атырау қаласының прокурорының 2020 жылғы 13 қаңтардағы ұсынуына сәйкес шарт бойынша тек 2018 жылғы 20 желтоқсаннан осы жылғы 31 желтоқсан аралығында көрсетілген қызмет үшін төлем жасауға міндетті болғандығына қарамастан, шарт жасақталғанға дейінгі мерзімде істелінген қызметтерге 170 000 000 теңге заңсыз төленгендігін көрсетіп, бюджет қаржысын бюджет кірісіне қайта өндіруді сұраған.

Жергілікті соттар дауды Мекеменің пайдасына шешіп, келесідей қорытындыға келген:

  • Шарттың 8.1-тармағына сәйкес шарт тапсырыс беруші оны қазынашылық органында тіркегеннен кейінгі күннен бастап күшіне енетіні көзделген, ал шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын 1-қосымшасында қызметтерді көрсету мерзімі 2018 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген;

  • мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындау сатысы ол тіркелген сәттен бастап жүзеге асырылады;

  • Шарт мемлекеттік тіркеуден 2018 жылғы 20 желтоқсанда өткізілуіне байланысты тараптардың міндеттемелері 21 желтоқсанда ғана туындап, 31 желтоқсанда аяқталуы тиіс, алайда Заңның талаптары өрескел бұзылып, Шарт бойынша тараптардың міндеттемелері 2018 жылғы 21 желтоқсанда туындағандығына қарамастан бюджет қаражаты ЖК Б[...] шарттың жасақталу мерзіміне дейін көрсетілген қызметтер үшін 170 000 000 теңге заңсыз төленген;

  • Шартта көзделген жұмыстың орындалу мерзіміне өзгеріс немесе қосымшалар енгізілмеген;

  • 2018 жылғы 20-26 желтоқсан аралығында көрсетілгені бекітілген, алайда, көрсетілген 7 күннің ішінде 170 000 000 теңгенің жұмысы істелінгені туралы дәлелдемені тараптар сотқа келтірген жоқ.

Өтініш беруші соттардың жоғарыда көрсетілген сот актілерінде іс үшін маңызы бар сот белгілеген мән-жайлардың дәлелденбеуіне, сондай-ақ сот тұжырымдарының осындай мән-жайларға сәйкес келмеуіне және материалдық және іс жүргізу құқығы нормаларының дұрыс қолданылмауына байланысты заңсыз және негізсіз деп санайды.

Тараптар арасында жасақталған Шарт пен істелінген жұмыстардың актісіне тараптар қолдарын қойып, осы акт жарамсыз болып танылмағандығын, Шарт бойынша міндеттемелерін тараптар тиісті тәртіппен орындағандығын, бірінші сатыдағы сот Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментімен шарт бойынша атқарылған жұмыстар үшін төленген 170 000 000 теңгенің Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкестігіне аудиторлық тексеру жүргізіліп, департаментпен заңсыз төленген қаржы анықталмағандығы туралы қорытындысын назардан тыс қалдырғандығын, Сонымен қатар, ЖК Б[...] мен «Бейбарыс» хоккей клубының (бұдан әрі – Клуб) арасында 2018 жылғы 27 желтоқсанда жасақталған №2 шарт негізінде ЖК Б[...] есеп шотына, Клубтың қызметкерлері мен ойыншыларына еңбек ақы төлеуге, сонымен қатар Клубтың ерлер арасындағы шайбалы хоккей бойынша Қазақстан Чемпионатына қатысуына байланысты шараларды қаржыландыруға бағытталған 170 000 000 теңге мөлшерде қаражатты аударуға міндеттенген.

Жоғарыда аталған қаражаттың Клубқа аударылғаны 2018 жылғы 27 желтоқсандағы №№40, 41 төлем тапсырмаларымен аударғандығын назардан тыс қалдырғанын. «Бейбарыс» хоккей клубы қосымша жауапкер ретінде тартылмаған.

Өтінішхатта дау айтылған сот актілерін қайта қарау үшін келтірген негіздер бар болуына орай, өтінішхатты іспен бірге азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін беру қажеттігін ескере отырып, АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 29 қыркүйектегі шешімін, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 22 желтоқсандағы қаулысына келтірілген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

С[...]

Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.