Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 22.09.2025 по делу 6003-25-00-2к/847 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/847

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 22 қыркүйек Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Н.Б.Ормаханов, судьялар А.К.Рамазанова, А.А.Айкенова, талап қоюшы С.Н.Жумашеваның қатысуымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Сараш Насипуллаевна Жумашеваның жауапкер Шара Табигатовна Тасимоваға «Whats App» әлеуметтік желісіне талап қоюшы бейнеленген видеожазбаларды, жөнсіз жала жауып оны қаралап жазған жазбаларды (хабарламаларды) және аудиожазбаларды салып, рұқсатсыз пайдалану әрекетін заңсыз деп танып, моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы жөніндегі азаматтық ісі бойынша қабылданған Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, жауапкердің рұқсатсыз пайдалану әрекетін заңсыз деп танып, 200 000 теңге моральдық зиянды өндіруді сұраған.

Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 20 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, рұқсатсыз пайдалану әрекеті заңсыз деп танылып, талап қоюшының пайдасына 100 000 теңге моральдық зиян және сот шығыны өндірілген.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 маусымдағы ұйғарымымен сот шешімінің күші жойылып іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған.

Талап қоюшы қабылданған сот ұйғарымымен келіспей, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот талап қоюшының шағымды қолдаған пікірін тындап, электронды іс құжаттарын зерделеп, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сот АПК-нің 277, 428-баптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны 2024 жылғы 8 тамызда талап қоюшы сотқа жүгініп, талап қоюында 2024 жылғы 4 маусымда жауапкер Ш.Тасимова «Whats App» әлеуметтік желісіне өзін бірнеше рет өзі бейнеленген бейнежазбаларды, фотосуреттік бейнесін салып, жөнсіз жала жауып, қаралап жазған хабарламаларды және аудиожазбаларды салғандығын, 2024 жылғы маусымның 14-і, 17-і, 24-і, шілденің 10-ы, 11-і, 14-і және осы күнге дейін әдейі қасақана тағы басқа да топтарда өзін балағаттап, азаматтық құқығын таптап, денсаулығына зиян келтіргенін көрсетіп, соттан бейнені рұқсатсыз пайдалану әрекетін заңсыз деп танып, жауапкерден 700 000 теңге моральдық зиянды өндіруді сұраған.

Атырау қалалық сотының 2024 жылғы 26 қыркүйектегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкердің рұқсатсыз жариялау әрекеті заңсыз деп танылып, талап қоюшының пайдасына 50 000 теңге моральдық зиян және баж салығы өндірілген.

Шешім заңды күшіне енген.

Талап қоюшы 2024 жылғы 31 желтоқсанда сотқа жүгініп, талап қоюында жоғарыда аталған мән-жайларды қайталап көрсетіп, жауапкерден 200 000 теңге моральдық зиянды өндіруді сұраған.

Атырау қалалық сотының 2025 жылғы 20 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, рұқсатсыз пайдалану әрекеті заңсыз деп танылып, талап қоюшының пайдасына 100 000 теңге моральдық зиян және сот шығыны өндірілген.

Алайда апелляциялық сатыдағы сот аталған сот шешімімен келіспей АПК-нің 277-бабының 2) тармақшасы негізінде шешімнің күшін жойып, азаматтық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатқан.

Кассациялық сот апелляциялық сатыдағы соттың бұл шешімімен келіседі.

Себебі талап қоюшының екі талап қоюларының мазмұны бір-біріне сәйкес келеді. Бірінші талап қою бойынша сот шешімі шығып, заңды күшіне енген.

Демек бір дау бойынша екі сот актісі шығарылған.

Мұндай жағдайда сол тараптардың арасындағы дау бойынша сол нысана туралы және сол негіздер бойынша шығарылған, заңды күшіне енген сот шешімі болуына байланысты апелляциялық сатыдағы соттың іс бойынша іс жүргізу тоқтатылуға жатады деген тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Шағым уәждері апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген,

шағымдалған сот ұйғарымының күші жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сондықтан алқа ұйғарымы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 маусымдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Н.Ормаханов

Судьялар

А.Рамазанова

А.Айкенова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.