ВС РК - Постановление от 04.03.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2484 (Административное)

6001-23-00-6ап/2484

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 4 наурыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,

судьялар – Г.К.Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

талап қоюшы О[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот отырыс залында талап қоюшы О[...] жауапкер «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма) тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығару әрекеттерін заңсыз деп тану және тұрғын үй кезегін қалпына келтіру туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 15 наурыздағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 тамыздағы қаулысына жауапкер өкілінің келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы О[...] жоғарыда аталған талап арызбен сотқа жүгініп, Басқарманың заңсыз әрекеттерінен тұрғын үй кезегінен негізсіз алынып тасталғанын негіздеген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 15 наурыздағы шешімімен талап арыз толығымен қанағаттандырылған.

Шымкент қаласының тұрғын үй комиссиясының О[...] тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығару әрекеттері заңсыз деп танылған.

«Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне О[...] тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қайта алып, тұрғын үй кезегі қалпына келтіру міндеттері жүктелген.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкерлердің өкілі Т[...] кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Сот алқасы, талап қоюшы О[...] кассациялық шағым уәждерімен келіспеген пікірін тыңдап, әкімшілік іс құжаттарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарына қарағанда, О[...] 2015 жылғы 29 сәуірден бастап коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж бюджеттік ұйымның қызметкері ретінде кезекке тіркелген.

Басқармамен «Kezekte kz» сайтының мәліметтеріне сәйкес О[...] мемлекеттік кәсіпорындағы немесе мемлекеттік мекемедегі еңбек қатынастары болмаған деген негізбен 2022 жылғы 20 желтоқсанда тұрғын үйге мұқтаждар тізімінен шығарылған. Талап қоюшы тұрғын үйге мұқтаждар есебінен негізсіз шығарылғанын көрсетіп, сотқа жүгінген.

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының (бұдан әрі-Заң) 69-бабының 1) тармақшасына сәйкес, осы елді мекенде тұрақты пайдалануында коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайы жоқ Қазақстан Республикасының азаматтары, егер есепке қойған кезде және коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорынан тұрғын үй берген кезде Қазақстан Республикасының аумағында меншiк құқығында олардың тұрғын үйi болмаса, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаж деп танылады.

Жергілікті соттармен істі қарау барысында анықталғандай, Түркістан облысы, [...] әкімдігі, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Ордабасы аудандық мәдениет үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорының 2022 жылғы 1 желтоқсандағы №181 бұйрығына сәйкес О[...] осы кәсіпорында хатшы лауазымына жұмысқа қабылданған.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2023 жылғы 19 қаңтардағы мәліметтеріне сай талап қоюшының «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының шотына 2022 жылғы желтоқсан айынан бастап жоғарыдағы жұмыс беруші мекемеден зейнетақы жарналары түсіп отырған.

Яғни, О[...] 2022 жылғы 20 желтоқсанда тұрғын үйге мұқтаждар тізімінен шығарылған кезде мемлекеттік кәсіпорында жұмыс жасаған.

ӘРПК-нің 5-бабы 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

ӘРПК-нің 10-бабында әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс екендігі көзделген.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, Басқарма тарапынан талап қоюшыға қатысты қызметтік хатты қарау барысында істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттелмеген, сәйкесінше, ӘРПК-де көзделген әкімшілік рәсімдердің әділдік және мөлшерлестік қағидаттары бұзылған деген тұжырымға келген. Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.

Жауапкерлер өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал жауапкерлердің сотта зерттеліп, дәлелдемелермен негізделген сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 15 наурыздағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкерлердің өкілі Т[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

Көшірмесі дұрыс.

Г.К. Нұрбаев Е.Ж. Өмірәлиев Г.Б. Дуйсенбаев

Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.