№6001-22-00-6ап/1069
ҚАУЛЫ
20 қазан 2022 жыл Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Н.Ү. Қайыпжан, судьялар – Ж.Б. Ермагамбетова, Д.А. Токмурзина болып, талап қоюшының өкілі К[...],
жауапкердің өкілі Ш[...],
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының прокуроры Д[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында мобильді бейне-конференц байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы «П[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – серіктестік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Атырау қаласы бойынша кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – жауапкер, Басқарма) есеп айырысу шотын жабу және мүлікке ауыртпалықтар салу әрекеттерін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 қаңтардағы шешіміне және Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 19 сәуірдегі қаулысына серіктестіктің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Серіктестік сотқа берген талап қою арызында Басқармаға өзінің банктік– шотына және дүние мүлкіне салынған тоқтамдар мен шектеулерді алып тастау туралы өтінішпен жүгінгенін, бірақ жауапкердің тоқтамдар мен шектеулерді алып тастаудан негіссіз бас тартқанын көрсетіп, жауапкердің банктік есеп айырысу шотын жабу және мүлікке ауыртпалықтар салу әрекеттерін заңсыз деп тануды сұраған. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырылудан бас тартылған.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 19 сәуірдегі қаулысымен сот шешімі күшінде қалдырылған.
Серіктестік кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын, салықтық қарыздарды өндіріп алу мерзімінің өтіп кеткенін көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдауды сұраған.
Серіктестік өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілінің пікірін және прокурордың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 18 бабының 1-тармағымен мемлекеттік кіріс органдарына салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің түсу толықтығы мен уақтылылығын қамтамасыз ету міндеті жүктелген.
Соттармен анықталғандай, 2016 жылы салық органдарымен серіктестікке қатысты тексеру жүргізіліп, тексеру қорытындысымен талап қоюшыға 2016 жылы қазан айының 28 күнгі тексеру қорытындысы туралы хабарламамен төленуге жататын салықтық төлемдер есептелген.
Талап қоюшымен төленуге жататын салықтық төлемдер уақытылы төленбегендіктен, 2017 жылдан бастап жауапкер тарапынан салыққа төленетін төлемдердің түсу толықтығын қамтамасыз ету мақсатында серіктестіктің банктік – шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру және мүлікке билік етуін шектеу шаралары қолданылынған, Басқарманың бұндай шараларды қолдану құқығы Салық кодексінің 116бабының 1-тармағымен көздеген.
Сондықтан, алқа жергілікті соттардың салық органдарымен қолданылынған қамтамасыз ету шаралары заңды деген тұжырымдарымен толығымен келіседі.
Бұдан басқа жергілікті соттармен анықталғандай бүгінгі күнге Салық кодексінің 119 бабының 2-тармағымен және 120 бабының 9-тармағымен көзделген қамтамасыз ету шараларының күші жойылуға жататын әрекеттер мен төлемдер орын алмаған.
Яғни, қамтамасыз ету шараларының күшін жоюға қандайда бір негіз жоқ. Сондай-ақ, алқа талап қоюшының Салық кодексімен көзделген үш жылдық талап қоюдың мерзімі ескірді, сондықтан салық органдарымен қолданылынған қамтамасыз ету шаралары босатылуға жатады деген уәждерін негіссіз деп санайды, себебі салық кодексінің 48-бабының 1- тармағының талабына сай, талап қоюдың ескіру мерзімі салық органы салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есептеуге, есепке жазуға немесе олардың есептелген, есепке жазылған сомасын қайта қарауға ; салық төлеуші (салық агенті) салықтық есептілікті ұсынуға міндетті, салықтық есептілікке өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, салықтық есептілікті кері қайтарып алуға; салық төлеуші (салық агенті) салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді, өсімпұлды есепке жатқызуды және (немесе) қайтаруды талап етуге құқылы болатын уақыт кезеңіне ғана қолданылынады.
Сондықтан есептеліп қойылған, мәжбүрлеп өндіру шаралары қолданылынып жатқан салықтық қарыздар бойынша үш жылдық талап қоюдың ескіру мерзімі қолданылынуға жатпайды.
Жоғарыда көрсетеліген іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы жергілікті соттардың сот актілері заңды, ақылға қонымды қағидатына сай қабылданған деп санайды. Істің бұл тұрғысында жергілікті соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға, ал талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 5 қаңтардағы шешімі және Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 19 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «П[...]» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Н. Қайыпжан
Судьялар Ж. Ермагамбетова Д. Токмурзина
Көшермесі дұрыс
Судья
Д. Токмурзина
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.