1
6001-23-00-6ап/168
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 27 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Н.Ү.Қайыпжан, судьялар - Б.Т.Нажмиденов, Г.К.Нурбаев болып,
жауапкер өкілі А[...] қатысуымен,
ашық сот отырысында бейнеконференцбайланыс жүйесі арқылы талап қоюшылар М[...], «IAШ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - ЖШС, Серіктестік) жауапкер жеке сот орындаушы (бұдан әрі - ЖСО) Қ[...] оның әрекеттеріне шағымдану туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 қарашадағы қаулысына жауапкер өкілі А[...] келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшылар сотқа жауапкерге атқарушылық өндірістерді мәжбүрлеп тоқтатуды, атқарушылық өндірістерді тоқтатпау әрекетін заңсыз деп тануды, 2022 жылғы 5 тамыздағы атқарушылық өндірістерді тоқтату туралы қаулыға өзгеріс енгізуді, Серіктестіктің есеп-шоттарына салынған тыйымды алып тастауды міндеттеу туралы талабымен жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 31 қазандағы шешімімен талап қоюшылардың талаптары ішінара қанағаттандырылған.
ЖСО Е.Қ.Қ[...].М[...], И[...], «IAШ[...]» ЖШС-нен, А[...] (бұдан әрі - борышкерлер) «Арнұр Кредит» микроқаржылық ұйымы» ЖШС-нің (бұдан әрі - өндіріп алушы, Микроқаржылық ұйымы) пайдасына қарыз сомасын өндіру туралы 2020 жылы 9 желтоқсанда қозғалған атқарушылық өндірісін тараптар арасында жасалған медиативтік келісім негізінде тоқтатудан бас тарту әрекеті заңсыз деп танылған.
ЖСО Қ[...] «ION AQUA» Шипажайы» ЖШС-ның «Береке Банк» акционерлік қоғамындағы есеп шотына салынған тыйымды алып тастауға міндеттелген. Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 қарашадағы қаулысымен бірінші сатылы сотының шешімі өзгертілген.
Шешімнің ЖСО Қ[...] борышкерлерден өндіріп алушының пайдасына қарыз сомасын өндіру туралы 2020 жылғы 9 желтоқсанда қозғалған атқарушылық өндірісін тараптар арасында жасалған медиативтік келісім негізінде тоқтатудан бас тарту әрекетін заңсыз деп таныған бөлігінің күші жойылған.
Талап қоюдың бұл бөлігі қанағаттандырудан бас тартылып, шешімнің өзге бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер өкілі кассациялық шағымында апелляциялық саты сотының тұжырымдарымен келіспей, оның күшін материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына орай жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сот алқасы, шағымның уәждерін қолдаған жауапкер өкілінің түсіндірмелерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Қызылорда қалалық сотының 2020 жылғы 28 тамыздағы атқару парағы негізінде ЖСО Қ[...] 2020 жылғы 9 желтоқсанда борышкерлерден өндіріп алушының пайдасына ортақтасқан 8 581 664 теңге өндіру туралы атқарушылық істерді қозғаған.
2022 жылдың 5 шілдесінде Серіктестік пен Микроқаржылық ұйым арасында дауды медиативтік келісіммен шешу туралы шарт жасалған.
Серіктестік ЖСО Қ[...] жоғарыда көрсетілген шартпен бірге тараптар медиативтік келісімге келулеріне байланысты атқарушылық істі тоқтату туралы өтінішхат жолдаған. ЖСО Қ[...] Серіктестікке жолдаған жауап хатында өндіріп алушыдан атқару парағын қайтару жайлы арызы және дауды реттеу жөнінде келісімі түспеуіне байланысты атқарушылық іс жүргізу тоқтатылмайтынын хабарлаған. 2022 жылғы 4 тамызда Микроқаржылық ұйым ЖСО-на хат жолдап, борышкер тарапынан төлем толығымен төленгенін хабарлаған.
2022 жылғы 5 тамыздағы ЖСО-ның Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 47-бабының бірінші тармағының 7) тармақшасы негізіндегі, яғни атқарушылық құжаттың өндiрiп алу немесе өзге де талабы толық көлемде орындалуына байланысты, қаулысымен атқарушылық өндіріс тоқтатылған.
Заңның 47-бабының 1-тармағаның 2-1) тармақшасында атқарушылық іс жүргізу тараптары медиация тәртібімен дауды реттеу туралы келісім жасасса, ол тоқтатылатыны қарастырылған.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңының 25-1-бабымен медиацияның сот актісін орындау сатысындағы ерекшеліктерімен атқарушылық өндірісті тоқтатудың келесі тәртібі бекітілген:
сот актісін орындау сатысында жасалған дауды (жанжалды) реттеу туралы келісімді тараптар сот актісі орындалатын жердегі бірінші сатыдағы сотқа немесе көрсетілген сот актісін шығарған сотқа бекітуге ұсынады;
атқарушылық іс жүргізу тараптар сот актісін орындау сатысында дауды (жанжалды) реттеу туралы келісім жасасқан және оны сот орындаушысына ұсынған жағдайда тоқтатылады.
Яғни, тараптар немесе тарап атқарушылық өндірісті сот актісін орындау сатысында жасалған дауды (жанжалды) реттеу туралы келісім негізінде тоқтату үшін оны алдымен сот актісі орындалатын жердегі бірінші сатыдағы сотқа немесе сот актісін шығарған сотқа бекітуге ұсынып, ол көрсетілген тәртіп орындалған жағдайда ғана ЖСО-на тиісті арызбен жүгіне алады.
Сондықтан, ЖСО-ның ұсынылған дауды реттеу жөнінде келісім тиісті тәртіппен бекітілмегеніне байланысты атқарушылық іс жүргізуді тоқтатудан бас тартқан әрекеті заңды.
Осы тұрғыда апелляциялық сатылы сотының жауапкердің ісәрекеттері заңға қайшы келмейтіндігі туралы тұжырымдары негізді, ал оның қаулысы заңды.
Сонымен қатар, «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасының Заңының түсіндірмесіне сәйкес инкассолық өкім қою - ақшалай өндіріп алу тәсілі болып табылатындығы және ол арнайы тәртіппен жүргізілетіндігіне, ал мүлікке тыйым салу - атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету шарасы болып табылатындығына байланысты борышкердің шотына салынған инкассолық өкімді жауапкерге алып тастауды міндеттеу туралы қаулы бөлігі де дұрыс.
АПК-нің 126-бабының жетінші бөлігіне сәйкес сот қалпына келтірген іс жүргізу мерзімі шағымдануға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға жатпайтындығына байланысты осы бөліктегі шағымның дәлелдері назарға алынбайды.
Сот алқасы, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, дауланып отырған сот актісі күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер ЖСО Қ[...] өкілі - А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Н. Қайыпжан
Судьялар
Б. Нажмиденов
Г. Нурбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.