Қ А У Л Ы
2026 жылғы 28 қаңтар №6003-25-00-2к/4837 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Г.Бастаубаев, судьялар А.Даненова, А.Токсанбаев, талап қоюшының өкілі Л.Галиеваның, жауапкер өкілі Д.Балқасымның қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Боржақты», «Мирас» шаруа қожалығының жауапкер «Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы» акционерлік қоғамына жеке сервитут шартына отыруды міндеттеу туралы талап қоюымен қабылданған Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 6 мамырдағы шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 тамыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
«Боржақты», «Мирас» шаруа қожалықтары сотқа жоғарыда аталған талап қоюымен жүгінген.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 тамыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 6 мамырдағы шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында соттармен материалдық құқықтық нормалары дұрыс қолданылмағаны көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым және іс құжаттарын тексеріп, сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі –АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Жергілікті соттар мұндай заң бұзушылыққа жол бермеген.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі - Жер кодексі) 12-бабы 38) тармақшасына сәйкес сервитут - бөтен жер учаскелерін шектеулі нысаналы пайдалану, оның ішінде жаяу өту, көлікпен өту, қажетті коммуникацияларды тарту мен пайдалану, аңшылық және балық шаруашылықтары және өзге де мұқтаждар үшін пайдалану құқығы.
Талап қоюшы өзіне 49 жылға жалға берілген кадастр номерлері 13-197017-515 және 13-197-017-515 жерінің үстінен жауапкерге тиесілі бірнеше жоғары кернеулі электр бағаналары өтіп жатқаны үшін жауапкерді жекеше сервитут шартын жасауға міндеттеуді сұраған.
Жер кодексінің 69-бабында көршi немесе өзге де жер учаскесiн шектеулi пайдалану құқығы негіздері көрсетілген.
Жер кодексінің 69-бабы 4-тармағында жария сервитуттар, егер бұл мемлекеттiң және жергiлiктi халықтың мүдделерiн қамтамасыз ету немесе пайдалы қазбаларды барлауды немесе геологиялық зерттеуді жүргізу мақсаттары үшін қажет болған жағдайларда, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің шешімдері негізінде жер учаскелерiн алып қоймастан, олардың жер учаскелерін беру жөніндегі құзыреттері шегінде белгiленуi мүмкiн.
Жер кодексінің 69-бабы 4-тармағы 2), 10) - тармақшаларында қауымдық сервитуттар: жер учаскесiн сервитуттар белгіленбейінше қамтамасыз ету мүмкін болмайтын немесе мөлшерлес емес шығыстарды қажет ететін коммуналдық, инженерлiк, электр және басқа да желiлер мен тораптарды, сондай-ақ көлiк инфрақұрылымы объектiлерiн жүргізу мен пайдалану мақсатында пайдалану; қоғамдық және мемлекеттiк мүдделерге байланысты өзге де жағдайлар үшiн белгiленуi мүмкiн екендігі көзделген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 380-бабы 1-тармағында азаматтар және заңды тұлғалар шарт жасасуға ерiктi. Осы Кодексте, заң құжаттарында немесе өз еркiмен қабылдаған мiндеттемеде шарт жасасу мiндетi көзделген жағдайларды қоспағанда, шарт жасасуға мәжбүр етуге жол берiлмейдi.
Ал, Жер кодексінің 69-бабы 4-тармағы 2), 10)-тармақшаларында электр және басқа да желiлер мен тораптарды пайдалану, қоғамдық және мемлекеттiк мүдделерге байланысты өзге де жағдайлар үшiн жария сервитуты белгіленетіні көзделген. «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысының 20-тармағына сәйкес бөтен жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану, оның iшiнде жаяу өту, көлiкпен өту, қажеттi коммуникацияларды тарту және пайдалану, аңшылық және балық шаруашылықтары және өзге де мұқтаждар үшiн пайдалану құқығы сервитут болып табылады.
Жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы тек Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және өзге де заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда ғана мүдделі жеке және заңды тұлғаларға жер учаскелерiн шектеулi нысаналы пайдалану құқығын беруге міндетті.
Соттарға сервитутты белгілеу туралы істерді қарау кезінде талап қоюшының талабы нақты қандай мұқтаждарды қанағаттандыруға бағытталғаны және олардың сервитутты, оның ерекше сипатын ескере отырып, белгілеу арқылы қамтамасыз етілуі мүмкін қажеттіліктерге қатысы бар-жоғы туралы мәселені зерттеуі тиіс екендігі түсіндірілген.
Жауапкер электр энергиясын тасымалдау және бөлу қызметін атқарады.
Талап қоюшы сервитут сұрап отырған жерге орналастырылған бетон және темір бағаналар желісі Маңғыстау облысының тұрғындары мен заңды тұлғаларына электр энергиясын тасымалдайды. Бұл электр бағаналары талап қоюшы жекеше сервитут сұрап отырған кадастрлық №№ 13-197-017-514, 13197-017-515 жер учаскелері оған әкімдіктің қаулысымен берілгенге дейін орнатылған. Атап айтқанда: «Өзен 1» - 21 бетон бағана 220 кв - 1981 жылы, «Өзен 2» - 16 бетон бағаналар 220 кв - 1973 жылы, темір бағаналар «ЖетібайӨзен 1» және «Жетібай Өзен 2» - 16 бағаналар 110кв - 1965 жылы орнатылған.
Талап қоюшының пайдалануындағы жер учаскесінен өткен желілер мен орнатылған бағаналар мемлекеттің және қоғамның мүддесі үшін жүргізілген, сол себепті жекеше сервитуты мұндай жағдайда қолданылмайды.
Осыған байланысты бірінші сатыдағы сот талап қанағаттандырылуға жатпайдындығы туралы дұрыс қорытындыға келген, ал апелляциялық сатыдағы сот шешіммен келіскен.
Талап қоюшының дау айтылған сот актілерінің күшін жою үшін келтірген уәждері негізсіз, себебі, соттармен материалдық және процестік құқықтық нормалары дұрыс қолданылып, іс бойынша жиналған барлық дәлелдерге тиісті баға берілген.
Сондықтан сот актілер күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 6 мамырдағы шешімі және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 тамыздағы қаулысы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Г.Бастаубаев
Төрағалық етуші судья Судьялар
А.Даненова
А.Токсанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.