ВС РК - Постановление от 11.07.2024 по делу 6001-24-00-6ап/7 (Административное)

6001-24-00-6ап/7

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 11 шілде Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,

судьялар – С.Ү. Баймаханов, Г.К. Нұрбаев болып,

ашық сот отырысында талап қоюшы Ш[...] жауапкер «Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Тұрғын үй бөлімі) 3 сәуір 2023 жылғы тұрғын үй комиссиясының пәтер бағасын 12 906 453 теңгеге бағалағанын заңсыз деп тануды сұраған талап арызы бойынша қабылданған,

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 27 маусымдағы шешіміне, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 қарашадағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Ш[...] жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде, қызметтік пәтердің қалдық құны қазіргі нарықтық бағамен қате есептелгенін, себебі үйдің табиғи тозу дәрежесін анықтау үшін пайдалануға берілген сәттен, яғни 2010 жылдан бастап есептелу қажет екендігін көрсеткен.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 27 маусымдағы шешімімен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 қарашадағы қаулысымен сот шешімі күшінде қалдырылған. Талапкер Ш[...] кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспейтінін көрсете келе, олардың күшін жойып, талап арызды толық қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Сот алқасы кассациялық шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарына қарағанда, 2010 жылғы 2 қарашадағы Ақтау қаласының №2 сотының шешімімен Ш[...] және И[...] Ақтау қаласы, 15 шағын ауданы, [...] үй, [...] пәтерге берілген пайдалану құқығы тоқтатылып, қала әкімінің 2010 жылғы 10 желтоқсандағы қаулысымен, аталған пәтер мемлекеттік тұрғын үй қорынан қызметтік тұрғын-үй мәртебесімен Маңғыстау облыстық прокуратурасына бөлінген.

2010 жылғы 21 желтоқсандағы Ақтау қаласы әкімінің орынбасары мен Ш[...] араларында мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтерді жалға алу шарты жасақталып, бүгінгі күнге дейін талапкер аталған пәтерде тұрып келген.

2022 жылғы 29 қыркүйектегі Ақтау қаласы әкімінің қаулысымен, даулы пәтер Тұрғын үй бөлімі теңгеріміне беріліп, «А[...]» ЖШС-нің 1 қараша 2022 жылғы мүлікті бағалау туралы есебімен, пәтер 12 928 000 теңгеге бағаланған.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, Тұрғын үй бөлімі даулы пәтерді теңгеріміне қабылдап, пәтердің құны анықтаған, бағалау есебіне сәйкес құны 12 928 000 теңгеге бағаланған. Сондықтан жауапкердің бұл сомманы мүліктің баланстық құны ретінде есепке алуын дұрыс деп тапқан.

Сот алқасы төменгі саты соттарының тұжырымдарымен толық келісіп, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады деп тапты.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 10-3-бабының 2-бөлігінің 14-тармағына сай, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, осы Заңда айқындалған шарттарда және тәртіппен мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайларды жекешелендіруді жүзеге асырады

Қызметтiк тұрғын үйлерді жекешелендіру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

«Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі №673 қаулысының (Үкімет қаулысы) 18-тармағының 1-тармақшасына сай, мемлекеттiк мекемелер тұрғын үй комиссиясы тұрғынжайды жекешелендіру туралы шешім шығарғаннан кейін қалдық құнын "Мемлекеттiк мекемелерде бухгалтерлiк есеп жүргiзу ережесiн бекiту туралы" «ҚРҚМ2Ж3ТБӘБСЕСАМЖҚ[...]»» ЖШС-нің 01 қараша 2022 жылғы №98/2022 жылжымайтын мүлікті бағалау туралы есебіне сәйкес, даулы пәтер 12 928 000 теңгеге бағаланып, Тұрғын үй бөлімнің теңгеріміне алынған. Осыған орай, Тұрғын-үй комиссиясының 2023 жылғы 3 сәуірдегі хаттамалық шешімі негізінде, даулы пәтердің қалдық құны табиғи тозуын 21 546,67 теңгеге шегеру арқылы 12 906 453,33 теңге деп белгіленіп, талап қоюшыға жекешелендіруге рұқсат берілген соң тараптар арасында тұрғын үйді жекешелендіру туралы №2909012032 санды шарт жасақталған.

Жоғарыдағылардың негізінде, сот алқасы жергілікті соттардың талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымдары заңды әрі негізді деп есептейді, себебі жауапкер даулы пәтерді Заңда айқындалған тәртіппен жекешелендіруді жүзеге асырған, қалдық құнын Бұйрыққа сәйкес есептеген.

Даулы пәтердің қалдық құнын есептеуде оның табиғи тозуы шегерілген, сонан соң талап қоюшы есептелген пәтердің қалдық құнымен келісіп, жауапкермен тұрғын үйді жекешелендіру туралы шарт жасасып, онда белгіленген пәтердің қалдық құнымен келісіп қол қойғанын ескерген жөн.

Сонымен қатар, даулы пәтер Тұрғын үй бөлімінің теңгеріміне берілгенге дейін, ордер негізінде Ш[...] мен И[...], содан кейін әкімінің қаулысы негізінде қызметтік тұрғын-үй мәртебесімен Маңғыстау облыстық прокуратурасының пайдалануында болған уақыттарда, пәтердің құны анықталмаған.

Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мәнжайлар ауқымын дұрыс айқындаған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған деп санайды.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігінің, АПК-тің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 27 маусымдағы шешімі, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 9 қарашадағы қаулысы өзгеріссіз күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы Ш[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

С.Ү. Баймаханов Г.К. Нұрбаев

Көшірмесі дұрыс. Судья

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.