6001-23-00-3гп/524
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 20 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Б.Тоқтарова, судьялар Г.Жүсіпбекова, Р.Қуанышбаева, талап қоюшының өкілі Б[...],
жауапкер А[...] және оның өкілі И[...]
қатысуларымен мобильдік бейнеконференцбайланыс арқылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Т[...] жауапкерлер А[...], А[...] материалдық залалды өтеу туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 13 маусымдағы және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 шілдедегі ұйғарымдарына жауапкер А[...] келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ :
Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 13 маусымдағы ұйғарымымен А[...] апелляциялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 шілдедегі ұйғарымымен аталған сот ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхат беруші А[...] жергілікті соттардың тұжырымдарымен келіспей, олардың істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, соттармен процестік құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, апелляциялық шағым беру мерзімін қалпына келтіруді сұраған.
Сот алқасы жауапкер мен оның өкілінің өтінішхатты қолдаған, талап қоюшы өкілінің сот актілерін өзгеріссіз қалдыру туралы түсініктерін тыңдап, іс құжаттары мен өтінішхат уәждерін зерделеп, келесі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау үшін негiз болып табылады.
Істі қарау кезінде мұндай бұзушылықтарға жол берілген.
Іс бойынша анықталғандай, Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 9 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Талап қоюшы Т[...] пайдасына жауапкерлер А[...], А[...] материалдық залал 522 700 теңге және сот шығыстары 409 227 теңге ортақ жауаптылық негізінде өндірілген.
А[...] сот отырыстарына қатыспағандықтан, 2023 жылғы 18 қаңтарда сот шешімінің көшірмесі жолданған.
2023 жылғы 5 маусымда А[...] сот орындаушыдан оған қатысты сот шешімі шығарылғанын біліп, бірінші сатыдағы сотқа апелляциялық шағым келтіру үшін сот шешімінің көшірмесін беру туралы арызбен жүгінген.
Сол күні А[...] сот шешімінің көшірмесі табысталып, ол жөнінде қолхаты алынып, іс материалдарына тіркелген.
Сонымен қатар, осы күні А[...] сотқа сот шешіміне апелляциялық шағымын жолдап, сондай-ақ оны беру мерзімін қалпына келтіру туралы арыз берген.
Бірінші сатыдағы сот жауапкерге сот шешіміне шағымдану мерзімін қалпына келтіру туралы арызды қанағаттандырусыз қалдыра отырып, шешімнің көшірмесі 2023 жылғы 18 қаңтарда тиісті түрде табыс етілгенімен, тараптардан заңда белгіленген мерзімде апелляциялық шағым түспеген және оны беру мерзімі қандай уәжді себептермен өткізіп алғанын растайтын дәлелдер келтірілмегенімен негіздеген.
Бұл тұжырыммен келіскен апелляциялық сатыдағы сот, өз қорытындысын шешім қабылданған кезде жауапкер А[...] сот отырысына қатысқанын, ал А[...] соңғының шешесі екенін, олар бір үйде тұратынымен, іс бойынша қабылданған шешім жөнінде білгенін және білуге тиісті болғанымен түйіндеген.
Сот алқасы мұндай тұжырымдармен келісуге болмайды деп санайды. Іс материалдарынын анықталғандай, 2022 жылғы 2, 19, 28 желтоқсандағы және 2023 жылғы 5, 9 қаңтардағы сот отырыстарының қысқаша хаттамаларынан А[...] сот талқылауларына және сот шешімін жариялауға қатыспаған.
АПК-нің 234-бабында сот отырысына келмеген тараптарға және іске қатысатын басқа тұлғаларға шешімнің көшірмелері шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, оның алынғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдары пайдаланыла отырып, салып жіберілетіні немесе берілетіні көзделген.
Сот шешімінің көшірмесі А[...] 2023 жылғы 19 қаңтарда гибридті пошта арқылы оның мекенжайы бойынша жіберілген.
Алайда іс материалдарында А[...] сот шешімінің көшірмесі табысталғанын растайтын қандай-да бір дәлелдемелер (хабарламалар, қолхаттар және т.б.) тіркелмеген.
Осыған байланысты бірінші сатыдағы соттың апелляциялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы арызды қанағаттандырудан бас тартуға құқықтық негізі болмаған, сондықтан сот алқасы жергілікті соттардың қабылдаған сот актілерін заңсыз және жауапкердің сот шешіміне апелляциялық тәртіппен шағымдану құқығы бұзылған деп санайды.
АПК-нің 126-бабының 2-бөлігіне сай егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.
Процестік заңнамамен сотқа сот отырысына келмеген тараптарға және іске қатысатын басқа адамдарға шешімнің көшірмелерін жіберу және оның алуын тіркеу міндеті жүктелген.
Алайда іс материалдарымен жауапкердің сот актісінің көшірмесін алғаны расталмағандықтан шешім А[...] 2023 жылғы 5 маусымда оның өтініші бойынша берілгендіктен, сот алқасы АПК-нің 234-бабында белгіленген мерзімде шешімнің көшірмесін алмауы апелляциялық шағым беру мерзімін қалпына келтіруі үшін дәлелді себеп деп санайды.
Мұндай жағдайларда өтінішхаттың уәждері назарға алуға лайық, жергілікті соттардың ұйғарымдарының күші жойылып, жауапкерге 2023 жылғы 9 қаңтардағы сот шешіміне апелляциялық шағым беру мерзімі қалпына келтірілуге жатады. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 7) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 13 маусымдағы және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 шілдедегі ұйғарымдарының күші жойылсын.
А[...] Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2023 жылғы 9 қаңтардағы шешіміне апелляциялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Апелляциялық шағымды қарау үшін талап қоюшы Т[...] жауапкерлер А[...], А[...] материалдық залалды өтеу туралы азаматтық ісі Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына жіберілсін.
Өтінішхат қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Б.Тоқтарова
Судьялар Г.Жүсіпбекова
Р.Қуанышбаева
Көшірмесі дұрыс Судья
Р.Қуанышбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.