Қ А У Л Ы
2026 жылғы 22 сәуір №6003-26-00-2к/1241 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, төрағалық етуші судья А.Даненова, судьялар М.Ибрагимова, А.Токсанбаев,
талап қоюшы М[...], оның өкілі Ж[...], жауапкер Н[...], оның өкілі С[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы М[...] жауапкерлер Н[...], Б[...], К[...] келтірілген сатып алусату келісім шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен қабылданған Маңғыстау облысы Ақтау қаласының № 2 сотының 11 маусым 2025 жылғы шешіміне және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 тамыздағы қаулысына жауапкер Н[...] кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,
М[...] жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген. Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 тамыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 11 маусымдағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
2023 жылдың 25 ақпандағы М[...] мен Н[...] арасында №1257 жасалған Ақтау қаласы, 20 А шағын ауданы, [...] үй, [...] пәтерді сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылған.
Талап қоюдың жауапкер Б[...] қатысты бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған. Сот шығындары шешілген.
Жауапкер Н[...] кассациялық шағымында соттармен процестік және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмауынан заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Сот, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын тексеріп, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Соттар іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.
158-бабының 1, 2-тармағына сәйкес, мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан
Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін. АК-нің 160-бабы 1-тармағына сәйкес оған тиісті құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін жасалған мәмілені (жалған мәмілені) сот мүдделі тұлғаның, тиісті мемлекеттік органның немесе прокурордың талап арызы бойынша жарамсыз деп таниды.
Іс материалдарына қарағанда, М[...] мен Н[...] арасында сатып алу-сату шарты рәсімделіп, нотариуспен куәландырылған.
Б[...] іс-әрекетімен шарт шынайы мәміле жасау мақсатында емес, қылмыстық пиғылмен, заңсыз жолмен пайда табу ниетімен Н[...] кепіл ретінде пәтерді беретінін ескерте жасалған. Талап қоюшы заңсыз мақсатын жасау кезінде білмеген, мәміленің құқықтық салдарын толық түсінбеген, ол үшін ақша алмаған. Жасалған шарт бойынша жалған мәміле болып табылады, өйткені мәміле сыртқы жағынан сатып алу-сату шарты жасалғанымен, оның астарында заңсыз әрекеттерді жасыру ниеті болған. Ал Н[...] бұл орайда, жалған мәмілеге қатысушы ретінде тұлға яғни, сотта ақша қаражатын нағыз сатушыға емес, үшінші тұлға Б[...] пайда табу үшін бергенімен анықталады.
Н[...] өзін адал сатып алушы ретінде көрсетіп, алайда ол пәтерді сатып алу кезінде пәтерді көруге бармаған, ақшаны пәтер иесіне емес, Б[...] бергенін, бұған дейін де Б[...] мәмілелер жасағаны оның ниеті тек пәтер сатып алу емес, пәтерді уақытша кепілмен алу туралы Б[...] уағдаласып, сатушымен сатып алу-сату шартын жасаған кезде мән-жайларды толық білген.
Осы іс-әрекеттерінің салдарынан Б[...] қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотты болған.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 76-бабының 3-бөлігінің талаптарына сай соттың қылмыстық іс бойынша заңды күшіне енген, талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын үкімі өзіне қатысты сот үкімі шығарылған адам әрекеттерінің азаматтыққұқықтық салдары туралы істі қарайтын сот үшін міндетті. Заңды күшіне енген сот үкімі мұндай азаматтық істі қарайтын сот үшін осы іс-әрекеттер орын алды ма және оларды осы адам жасады ма деген мәселелер бойынша да, сондай-ақ үкіммен белгіленген басқа да мән-жайларға және олардың құқықтық бағасына қатысты міндетті.
АК-нің 158-бабы 2-тармағына сай қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталған, оның құқыққа қайшылығы сот үкімімен (қаулысымен) белгіленген мәміле маңызсыз болады. Шешімнің сипаттау бөлігінде көрсетілгендей, заңды күшіне енген соттың үкімінің 36 эпизодында көрсетілгендей, сотталушы Б[...] 2023 жылдың ақпанында өзінің қаржы пирамидасының жұмысын ұйымдастырудағы қылмыстық іс-әрекеттерін жалғастыру мақсатында, қасақана, пайдақор ниетпен, өзінің «КМ[...]» ЖШС-гі арқылы қылмыстық іс әрекетін жүзеге асырып, М[...] тиесілі пәтерді сатып алу-сату шартын Н[...] атына рәсімдеген, яғни алдыңғы болып тіркелген салымшыларға пайда ретінде соңғы болып тіркелген
салымшылардың мүлкін беріп отырған, іс жүзінде сатып алу-сату шарты жасалмағаны, нәтижесінде талап қоюшыға материалдық шығын келгені анықталған.
Бұл орайда, сатып алу-сату шарты емес, Б[...] қылмыстық әрекетімен М[...] тиесілі пәтерді Н[...] оның алдындағы міндеттемесін қамтамасыз ету мақсатында кепіл ретінде берген.
Тараптардың шын мәнінде сатып алу-сату шартын жасамағаны, дау болып отырған пәтерде бүгінгі күнге дейін М[...] тұрып келетіні, коммуналдық төлемдерді төлейтінінен, ал Н[...] сатып алушы ретінде пәтердің қандай жағдайда екендігін келіп көрмегенінен, ешқандай қарап тексерместен жылжымайтын мүлікті сатып алу шартын жасаған әрекеттерімен де расталады.
Сонымен қатар, сот Н[...] шарт жасалғаннан кейін пәтердің кілтін талап қоюшыдан талап етпегенін, тек қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу кезінде ғана талап еткенін назарға алды.
Өз кезегінде, Н[...] сатып алушы ретіндегі әрекетсіздігі 2023 жылғы 9 қазанда беттестіру туралы хаттамада Н[...] Б[...] 2022 жылдан бастап танитынын, 2023 жылы Б[...] өзінің апалары арзан үй сатып жатқанын айтып, «Whats App» арқылы үйдің фотосуреттерін жолдаған, әрі қарай нотариусқа барып рәсімдеп, Б[...] 23 000 000 тенгені қолма қол санап бергенін айтқан. Алайда, Б[...] беттестіру кезінде және сотта берген жауабында, Н[...] бұрын соңды салымшы болғандықтан 29 шағын ауданында орналасқан 2 бөлмелі пәтерді де сатар алдында кепіл ретінде алып жатқанын ескерткенін, ол кезде ақшаны және пайызын алған соң бұл пәтерді өзі қайта сатып алғанын айтып көрсеткен. Дәл осындай ойымен бұл жолы да кепіл ретінде, бірақ сатып алу-сату шартын нотариусқа барып жасататындарын, 23 000 000 тенгені сол күні өзіне Н[...] бермегенін, тек салымшы ретінде 30 000 АҚШ долларын бергенімен және Н[...] оны ешкімге сатпауы қажет екендігі ескертілгені туралы уәждерін растайды.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды ішінара қанағаттандыруға, 2023 жылғы 25 ақпанда М[...] мен Н[...] арасында жасалған шарт жарамсыз деп танылуға жатады деген қорытындыға келген.
Сот даулы пәтердің бастапқы иесі талап қоюшы болып табылатынын, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, аталған пәтерде осы күнге дейін тұратынын, жауапкерге сату ниеті болмағанын, мүлік үшін ақша қаражатын алмағанын, коммуналдық төлемдерді төлеп, адал пайдаланып отырғанын, жаңылыстыру салдарынан мәміле жасағанын, әділеттілік пен парасаттылық өлшемдерін ескерген. Сонымен қатар, жауапкерлердің талап қоюдың ескіру мерзімін қолдану туралы өтініштері талап қоюшы талапты сотқа дәлелді себептермен өткізіп алғандықтан дұрыс қанағаттандырысыз қалдырылған.
Осы ретте, сот үкімі 2024 жылғы 9 қазанда заңды күшіне енген болса, талап қоюшы сотқа талап қоюмен 2025 жылғы 17 наурызда жүгінген. Талап қоюшының бастапқыда қылмыстық тәртіпте жүгінгені, сот үкімімен даулы пәтер оған қайтарылғаны, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен үкім
өзгертіліп, азаматтық соттың қарауына берілгені, талап қоюшының әрекетсіздік танытпағанын білдіреді. Апелляциялық сатыдағы сот шешіммен келіскен.
Жауапкер Н[...] пәтердің адал алушысы ретінде құқықтары қорғалуға жататыны туралы шағым уәжін сот негізсіз деп санайды, себебі істің мән-жайларына сәйкес жауапкердің даулы пәтерді пайдалану, иелену ниеті болмаған, пәтердің кұны М[...] төленбеген, қаржы пирамидаға салған қаражатының қайтарымын қамтамасыз ету мақсатында жасалған. Сондықтан даулы шарттың екінші тармағында қаражат мәміле жасалғанға дейін берілгені туралы мәлімет негізге алынбайды. Осыған байланысты АК-нің 261-бабы 1- тармағына сәйкес жауапкердің құқықтары қорғалуға жатпайды.
Соттармен іс үшін маңызы бар мəн-жайлар ауқымы жан-жақты, толық анықталған, процестік және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған. Соттардың қорытындылары істің мән-жайларына сәйкес келеді. Кассациялық шағымда көрсетілген уәждер материалдық құқық нормалары мен іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға байланысты келтірілгендіктен, сот оларды негізсіз деп санайды. Шағымның уəждері сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан, сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
Талап қоюшы кассациялық сотқа өкілге жұмсалған 500 000 теңге шығыны шарт, төлем түбіртегімен бекітілетінін көрсетіп, сот шығынын өндіруді сұраған. Сот АПК-нің 113-бабы 1-бөлігіне сәйкес талап қоюшының сот шығыны жауапкерден өндірілуге жатады, себебі материалдық сипаттағы дау санатына жатады, талап қоюшының шығындары талап қою сомасының он пайызынан аспайды.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1)-тармағын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының № 2 сотының 2025 жылғы 11 маусымдағы шешімі және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 тамыздағы қаулысы күшінде, жауапкер Н[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Жауапкер Н[...] талап қоюшы М[...] пайдасына 500 000 (бес жүз мың) теңге өкілдің көмегіне жұмсалған сот шығыны өндірілсін.
Төрағалық етуші судья А.Даненова
М.Ибрагимова
Судьялар
А.Токсанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.