ВС РК - Постановление от 14.11.2023 по делу 6001-23-00-6ап/1306 (Административное)

№ 6001-23-00-6ап/1306

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 14 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья – Г.Б. Дуйсенбаев,

судьялар – Н.Ү. Қайыпжан, Ш.Т. Даниярова болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Ж[...] жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласындағы филиалына (бұдан әрі – Корпорация филиалы) әрекетін заңсыз деп тану туралы және жер телімі рәсімделмегені туралы анықтама беруге міндеттеу туралы,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 қаңтардағы шешімі мен жеке ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 сәуірдегі қаулысы мен ұйғарымына жауапкер өкілінің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 қаңтардағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылған.

Корпорация фииалының талап қоюшы Ж[...] бахытжановнаның тапсырысына қатысты бас тарту әрекеті заңсыз деп танылып, Шымкент қаласы, Абай ауданы, Игілік тұрғын үй алабы, Бұқтырма көшесі, №[...] үй мекен-жайында орналасқан жер учаскесінің рәсімделгені немесе рәсімделмегені туралы анықтама беру міндеттелген. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне Корпорация филиалының лауазымды тұлғаларына шара қолдану үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарын бұзғаны туралы жеке ұйғарым қабылданған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі және жеке ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер өкілі кассациялық шағымда іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық сатының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Сот алқасы, әкімшілік іс материалдарын зерттеп, кассациялық шағымдардың уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

ӘРПК-нің 8-бабының 1-бөлігіне сай әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 152-бабының 2-тармағына сай Қазақстан Республикасының мемлекеттік жер кадастрын жүргізу жөніндегі қызмет мемлекеттік монополияға жатады және оны Мемлекеттік корпорация жүзеге асырады.

Іс құжаттарына қарағанда, талапкер Ж[...] Корпорация филиалына Шымкент қаласы, Абай ауданы, Игілік тұрғын үй алабы, Бұқтырма көшесі, №24 санды жер учаскесі рәсімделгені немесе рәсімделмегені туралы анықтама беру туралы арызбен жүгінген.

Корпорация филиалы талап қоюшыға қызмет көрсетуден бас тартып, мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін беру және ақпаратын пайдалану жөніндегі нұсқаулыққа сілтеме жасап, қажетті ақпаратты алу үшін жергілікті уәкілетті органға жүгіну мүмкіндігін көрсеткен.

Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда, Корпорация филиалы ӘРПК-нің қағидаттарын бұзған, яғни талап қоюшының арызын жан жақты қарап, оған тиісті жауап бермеген деп қорытынды жасаған.

Сот алқасы жергілікті соттардың бұл тұжырымдарын заңды әрі негізді деп есептейді, себебі Корпорация филиалы өзінде бар ақпаратты беруден жалтарып, талапкерді басқа мемлекеттік органға жолдауы заң талаптарына қайшы қабылданған.

Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігі Төрағасының 2009 жылғы 10 шілдедегі [...]-П Бұйрығымен бекітілген Қазақстан

Республикасының мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін беру және ақпаратын пайдалану жөніндегі нұсқаулықтың 2-тармағы 3) тармақшасына, 3-тармағына сәйкес кадастрды жүргізетін Мемлекеттік корпорация - жеркадастрлық істерді қамтитын жер учаскелері туралы мәліметтер беретіндігі көрсетілген.

Жер кадастрының мемлекеттік құпия мен өзге де шектеулерді қамтымайтын мәліметтері баршаға қолжетімді болып табылады және мүдделі жеке және заңды тұлғаларға ақылы негізде берілетіндігі көрсетілген.

Дегенмен, Корпорация филиалы мемлекеттік құпия немесе өзге де шектеулерді қамтымайтын мәлімет болып табылмайтын өздерінде бар ақпаратты Ж[...] бермей, оны басқа мемлекеттік органға жолдаған.

Істің мұндай тұрғысында төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық заң нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал жауапкер өкілінің сот тұжырымдамасымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Корпорация филиалы тарапынан орын алған заң бұзушылықтарды келешекте болдырмау мақсатында және тиісті шара қолдану үшін жергілікті соттармен жеке ұйғарым қабылданғаныда орынды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.

ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне және АПК-нің 451-бабының 2- бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 қаңтардағы шешімі мен жеке ұйғарымы, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 19 сәуірдегі қаулысы мен ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының өкілі Е[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Г.Б. Дуйсенбаев

Н.Ү. Қайыпжан Ш.Т. Даниярова Көшірмесі дұрыс. Судья

Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.