№6001-23-00-6ап/1459
2024 жылғы 9 сәуір
ҚАУЛЫ
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратураның прокуроры М[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшылар «Ақтау қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Әкім аппараты), «Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Бөлім) жауапкер «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Маңғыстау облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) 2022 жылғы 13 қыркүйектегі №48, №49 санды нұсқамаларды заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 қаңтардағы шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі қаулысына жауапкер Департаменттің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшылар жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 қаңтардағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.
Департаменттің 2022 жылғы 13 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы №№48, 49 санды нұсқамалар заңсыз деп танылып, күштері жойылған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымда соттар іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, шығарылған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Сот алқасы прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, Маңғыстау облысы прокуратурасының 2022 жылғы 14 тамыздағы №2-11-22-05877 санды ақпараттық хатты негізінде Департаментпен Әкім аппаратына және Бөлімге тексеру тағайындау туралы 2022 жылғы 31 тамыздағы №58, №59 актілеріне сәйкес тексеру жүргізіліп, нәтижесімен 2022 жылғы 13 қыркүйектегі тексеру нәтижелері туралы актілері рәсімделіп, Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы Әкім аппаратына №48, Бөлімге №49 нұсқамалар берілген.
Тексеру жүргізудің мерзімі 2022 жылғы 31 тамыздан бастап 13 қыркүйекке дейін, тексерілетін кезең 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 2022 жылғы 13 қыркүйекке дейін деп белгіленген.
Әкім аппараты нұсқамамен келіспей Департаментке шағымданған.
Департаменттің 2022 жылғы 22 қазандағы №1130 санды шығыс хатымен шағымы қанағаттандырудан бас тартылған.
Бұл әрекеттермен келіспей, талап қоюшылар сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырып, тексеру жүргізудің басталу мерзімі 2022 жылғы 31 тамыз деп белгіленуіне қарамастан тексеруді тағайындау туралы актілер құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тек қана 2022 жылғы 1 қыркүйекте тіркелген.
Сонымен қатар, актілерде тексерілетін кезең 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 2022 жылғы 13 қыркүйекке дейін деп белгіленгеніне қарамастан, жауапкер тексерілетін кезеңінің шегінен шығып, тексеру нәтижесімен 2013 жылғы 4 ақпандағы И[...] жер телімін жеке меншігіне сату туралы қала әкімінің қаулысы, сәйкесінше 2013 жылғы 11 ақпандағы шарт жасақтауы заңға қайшы деп тапқан.
Сот алқасы соттардың талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырыммен келісіп, алайда талап қоюды қанағаттандыру негіздерін өзгертуін қажет деп санайды. Іс материалдарынан анықталғандай, тексеруді тағайындау туралы актіге сәйкес Әкім аппараты - бақылау субъектісі, ал тексерудің мәні - әртүрлі санаттағы жер учаскелеріне құқықтар беру болып табылады.
Тексеру қорытындысы бойынша шығарылған даулы нұсқама Әкім аппаратына тексеру субъектісі ретінде жолданған.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 17бабына сәйкес жер учаскелерiн жеке меншiкке және жер пайдалануға беру аудан шекарасының шегiнде жер қатынастарын реттеу саласында аудандық (қалалардағы аудандардан басқа) атқарушы органның құзыретiне жатады. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабы 1- тармағына сәйкес әкiмнiң қызметiн ақпараттық-талдау тұрғысынан, ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етудi әкiм аппараты жүзеге асырады.
Жер кодексінің 148-бабы 1-тармағы 6) тармақшасына сәйкес жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушыларға, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, Мемлекеттік корпорацияның лауазымды адамдарына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдеріне Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы орындау үшін міндетті нұсқамалар беруге құқығы бар.
Тексеру объектісі іс жүзінде әкімнің жер учаскелерін беру жөніндегі қызметі болғандықтан, тексеру объектісі оның аппараты емес, әкім болуға тиіс, тиісінше нұсқама оның қызметін қамтамасыз ететін орган емес, әкімнің атына шығарылуға тиіс болған.
ӘРПК-нің 79 - бабына сай әкімшілік акт заңды және негізделген болуға тиіс. Әкімшілік акт түсіну үшін анық болуға, бірізді қолдануды қамтамасыз етуге, оның күші қолданылатын адамдар қатарын толық айқындауға тиіс.
ӘРПК-нің 84 – бабының бірінші, төртінші бөліктеріне сай Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасын бұзу, егер мұндай бұзу дұрыс емес әкімшілік акт қабылдауға алып келсе не алып келуі мүмкін болса, әкімшілік актіні заңсыз деп тану үшін негіз болып табылады. Заңсыз ауыртпалық түсіретін әкімшілік акт міндетті түрде күші жойылуға жатады.
Көрсетілген жағдайларда даулы нұсқамадағы Әкім аппараты тиісті тексеру субъектісі болып табылмайды, сондықтан даулы әкімшілік актінің мәнін талқылаусыз оның күшін жою үшін негіз болып табылады.
АПК-нің 451-бабына сәйкес талап қоюды қанағаттандыру негіздерін өзгертуі іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жою не оны өзгерту негіздеріне жатпайды. Бұл жағдайда сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдыруға жатады. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 қаңтардағы шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
«Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Маңғыстау облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов
Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.