№6003-25-00-2к/2662
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 22 желтоқсан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов,
талап қоюшы Б.Б. Қарымбаеваның, оның өкілдері Г.С. Усипова мен Д.Күлетаевтың,
жауапкердің өкілі Б.А. Баймағанбетовтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Балжан Берікқызы Қарымбаеваның бұйрықты заңсыз деп тану, лауазымына қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытына жалақы және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы бойынша Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов аудандық сотының 2025 жылғы 2 мамырдағы шешімі мен Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 31 шілдедегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Б.Б.Қарымбаева сотқа аталған талап қоюмен жүгінген. Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов аудандық сотының 2025 жылғы 2 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Аталған соттың 2025 жылғы 2 мамырдағы ұйғарымымен «Болтай батыр атындағы шағын орталықты орта мектебінің» педагогикалық эдеп кеңесінің (кеңейтілген) отырысының және жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісу комиссиясының хаттамаларын заңсыз деп тану туралы талап қоюдың бөлігінде іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған.
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 31 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, сот істі қарау барысында іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындамай, істің нақты мән-жайларына сай келмейтін түйіндер мен тұжырымдар жасап, заңсыз шешім қабылдағанын, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды толығымен қанағаттандыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) 52-бабының 1-тармағының 14)-тармақшасына сәйкес тәрбиелеу функцияларын атқаратын жұмыскер осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, моральға қайшы қылықтар жасаған үшін жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 28 қазандағы №1 «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының (бұдан әрі- нормативтік қаулы) 26-тармағына сәйкес Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 14) тармақшасында көзделген негіз бойынша тәрбиелеу функцияларын тікелей атқаратын адамдарға (мектеп мұғалімдері, оқу орындарының оқытушылары, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің тәрбиешілері, өндірістік оқыту шеберлері және басқалар) қатысты ғана, егер олар осы жұмысты жалғастыруға сыйыспайтын моральға қайшы қылық жасаған болса, еңбек шартын бұзуға жол беріледі.
Моральға (әдепке) қайшы қылық деп жалпыға бірдей қабылданған мінезқұлық нормаларына қайшы келетін, тәрбиелеу функцияларын жүзеге асыру кезінде ғана емес, тұрмыста да жасалған теріс қылықты (былапыт сөйлеу, оқушылар мен оқитындарға күш қолдану, адамның қадір-қасиетін қорлайтын алкогольдік масаң күйде келу және т.б.) түсіну керек.
Іс құжаттарынан анықталғандай Б.Б.Қарымбаева 2015 жылғы 1 қазаннан бастап «Болтай батыр атындағы шағын орталықты орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі- Мектеп) директорының ғылыми-әдістемелік орынбасары және тарих пәнінің мұғалімі қызметін атқарған.
2025 жылғы 8 қаңтардағы мектептің педагогикалық әдеп кеңесінің кеңейтілген отырысымен талап қоюшы педагогикалық әдеп қағидаларын өрескел бұзған деп тұжырымдап, оның педагогикалық кәсіби қызметін қарауды мектеп директорына ұсынған.
2025 жылғы 13 қаңтарда мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымымен жұмыс берушінің Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағының 14) тармақшасы негізінде талап қоюшымен еңбек шартың бұзу туралы бұйрық шығару жөнінде шешім қабылдауы мүмкін деген дәлелді пікір берілген. 2025 жылғы 31 қаңтардағы мектеп директорының бұйрығы негізінде Б.Б.Қарымбаева Еңбек кодексінің 52-бабының 1-тармағының 14) тармақшасымен, яғни тәрбиелеу функцияларын атқаратын жұмыскер осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, моральға қайшы қылықтар жасаған деген негізбен жұмыстан босатылған.
2025 жылғы 12 ақпандағы келісім комиссиясының шешімі бойынша Б.Б.Қарымбаеваның арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Б.Б.Қарымбаева жұмыстан босатылуымен келіспей сотқа жүгінген.
Соттар Еңбек кодексінің, нормативтік қаулының, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 190 бұйрығымен бекітілген «Педагогикалық әдептің кейбір мәселелері туралы» педагогикалық әдеп қағидаларының (бұдан әрі- Қағида) және 2019 жылғы 27 желтоқсандағы «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мәнжайлар шеңберін нақты және соттар дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасап, талап қоюды қанағаттандырудан негізді түрде бас тартқан.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқанда Б.Б.Қарымбаеваның тарапынан моральға қайшы қылықтар жасалған деген дұрыс қорытындыға келген.
Себебі, сотқа ұсынылған құжаттар мен зерттелген дәлелдемелерге және куәлердің берген түсініктеріне сәйкес Б.Б.Карымбаеваның «мектеп тәлімгері А.Копжасарова және директордың құқықтық ісі жөніндегі орынбасары А.Иебаев бір бірімен қоңіл қосып жүр»,- деген әңгімені таратқаны, сол екеуін аңду мақсатында директордың рұқсатынсыз мектептің бейне-бақылау камерасының жазбасын алдыртып, мектептің мұғалімдері А.Шажалиева мен М.Мәушетті екеуін аңдыту мақсатында кабинеттеріне баруға бұйрық бергені, сондай-ақ, 2025 жылғы 6 қаңтарда жұмыс уақытында А.Копжасарова жұмыста болған кезінде соңғының үйіне барып ата-енесіне әр-түрлі сөз айтып жағдайды одан әрі ушықтырып, соның салдарынан екі отбасының үйлерінде ұрыс-керіс пен жан-жал туындап кеткені анықталды.
Осылайша талап қоюшы тарапынан өзіне жүктелген лауазымды міндеттерін асыра пайдаланып, педагогқа жат қылық жасағаны дәлелін тапты. Яғни, талап қоюшының тарапынан педагогикалық әдеп нормалары анық бұзылуына жол беріліп, нәтижесінде бір мектептегі әріптестерінің абырой мен қадір қасиетіне, мұғалімдердің беделіне нұқсан келтіретін моральға қайшы ісәрекеттер жасалған.
Істің мұндай тұрғысында, орын алған фактілер жалпыға бірдей қабылданған мінез-құлық нормаларына қайшы келеді, себебі талап қоюшының екі отбастың жеке өмірлеріне қол сұғу әрекетінің салдарынан, соңғылардың абырой мен қадір қасиетіне және мектептегі мұғалімдердің беделіне нұқсан келді деген соттардың тұжырымдары негізді болып табылады.
Еңбек шартын бұзу кезінде жұмыс берушімен Еңбек кодексінің 65,66баптарының талаптары сақталып, тәртіптік жаза қолдану тәртібі мен мерзімдері белгіленген тәртіппен рәсімделген.
Талап қоюшының еңбек шартын бұзу заңсыз деген уәждері объективті дәлелдермен расталмады және сот оларды негізсіз деп таниды.
Аталған мән-жайларды ескеріп, кассациялық сот жауапкердің талап қоюшымен еңбек шартын бұзу туралы бұйрығын заңды әрі негізді деген қорытындыға келеді.
Сондықтан даулы бұйрықты заңсыз деп танып күшін жоюға, талап қоюшыны бұрынғы қызметіне қайта орналастырып, лажсыз бос жүрген уақытына жалақы және моральдық зиянды өндіруге құқықтық негіздер жоқ.
Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер соттармен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.
Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
Талап қоюшымен кассациялық шағым берерде мемлекет пайдасына артық төленген (2500-983) 1517 теңге баж қайтарылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 31 шілдедегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Балжан Берікқызы Қарымбаеваға мемлекет пайдасына артық төленген 1517 (бір мың бес жүз он жеті) теңге баж салығы қайтарылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова
Судьялар А.Есдаулетов
Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.