6003-25-00-2к/4043
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 3 наурыз
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,
судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,
арыз беруші Б.Ж.Алдабергеннің және оның өкілі А.О.Алмабаевтің қатысуларымен,
ашық сот отырысында Бауыржан Жандарбекұлы Алдабергеннің жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде тану туралы электронды азаматтық істі арыз беруші Б.Ж.Алдабергеннің өкілі А.О.Алмабаевтің Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 тамыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ :
Арыз беруші Б.Ж. Алдаберген сотқа жаппай саяси қуғын-сүргіннің құрбаны ретінде тану туралы арызбен сотқа жүгінген.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 17 қаңтардағы шешімімен арыз қанағаттандырылған.
Арыз беруші 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасына қатысуына байланысты жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде танылған.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 тамыздағы қаулысымен аталған шешімнің күшін жойылып, жаңа шешім қабылданған. Б.Ж.Алдабергеннің жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны деп тану туралы арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Арыз берушінің өкілі кассациялық шағымында апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың шешімінің күшін жоюдың негізі ретінде арыз берушінің талабы тиісті дәлелдемелермен расталмағанын және «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңда көзделген жағдайларға жатпайтындығын, осыған байланысты
Б.Ж.Алдабергеннің арызы қанағаттандырусыз қалдыруға жататындығын көрсеткен.
Кассациялық сот арыз берушінің жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны деп тану туралы арызы азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деген тұжырымға келді.
Өйткені азаматтық процестегі ерекше іс жүргізу тәртібі нақты құқықтық мақсаттар үшін заңды маңызды фактілерді анықтауға бағытталған. Сондықтан тарихи, саяси оқиғаларға немесе құқықтық баға беруін, сондай-ақ адамның құқықтық мәртебесін тану сотпен қаралмайды.
Заңдық фактіні анықтау адамның құқықтық мәртебесі туралы қорытындысыз, оқиғаны мәлімдеу ретінде ғана рұқсат етіледі.
1986 жылғы оқиғаларға қатысқаны үшін саяси қуғын-сүргіннің тұлғасын тану заңдық маңызы бар факт болып табылмайды. Себебі ол объективті жағдайды растау емес, құқықтық мәртебені белгілеуді көздейді, бұл мәртебені растау басқа тәртіппен жүргізіледі және мұндай істер азаматтық ісін жүргізуде қаралмайды.
АПК-нің 277-бабының 1) тармақшасында сот егер іс азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса iс бойынша іс жүргізуді тоқтатады. Кассациялық сот арыз беруші Б.Ж. Алдабергенге жаппай саяси қуғынсүргіннің құрбаны ретінде тану туралы құқықтарын қорғаудың тәртібін прокуратураның құзыретті органдарына не реабилитация жөніндегі комиссияға жүгіну мүмкіндігін түсіндіреді.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 6) тармақшасына сәйкес, бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттардың шешімінің, қаулысының осы Кодекстің 277-бабында белгіленген негіздер бойынша iс бойынша іс жүргізуді тоқтатылады.
Істің мұндай тұрғысында арыз беруші Б.Ж.Алдабергеннің жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде тану туралы сот актілері күші жойылуға, ал азаматтық iс бойынша іс жүргізу тоқтатылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 6) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 17 қаңтардағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 20 тамыздағы қаулысының күші жойылсын.
Бауыржан Жандарбекұлы Алдабергеннің жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде тану туралы азаматтық iс бойынша іс жүргізу тоқтатылсын. Б.Ж.Алдабергеннің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: А.О.Тогумбетова
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.