КСАД РК - Постановление от 14.08.2025 по делу 6003-25-00-4к/96 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 14 тамыз 6003-25-00-4к/96 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық

соты құрамында:

төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев

судьялар Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,

талап қоюшы Б.С. Ахтамберовтың, жауапкердің өкілдері К.Т.Муканованың, М.Ш.Ниязовтың, Ж.Е.Серикбаевтың қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Бектас Сансызбаевич Ахтамберовтың жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне тұрғын үй комиссиясының 2024 жылғы 18 маусымдағы №4 хаттамасы 4-тармағының күшін жою және тұрғын үй төлемдерін жаңғыртуды міндеттеу туралы талабымен қозғалған әкімшілік ісімен,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 қыркүйектегі шешіміне, Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 қарашадағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша қарап, төмендегіні

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы Б.С. Ахтамберов сотқа жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті» РММ-ге (бұдан әрі – Комитет) қатысты тұрғын үй комиссиясының 2024 жылғы 18 маусымдағы №4 хаттамасы 4-тармағының күшін жою және тұрғын үй төлемдерін жаңғыртуды міндеттеу туралы талап қоюымен жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 қыркүйектегі шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот, талап қоюшы тарапының кассациялық шағым уәждерін қолдаған пікірлерін, жауапкер өкілдерінің шағым уәждерімен

келіспеген түсінігін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Істің мән-жайларына сәйкес, Б.С.Ахтамберов 1997 – 1999 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде әскери қызмет атқарып, ал 2002 жылдың ақпанынан 2024 жылдың маусымына дейін Комитет жүйесінде қызмет атқарып, тұрғын үй комиссиясының 2015 жылғы 24 шілдедегі №7 шешімімен тұрғын үйге мұқтаж ретінде танылып, оған Комитеттің 2015 жылғы 25 шілдедегі №58 л/с бұйрығымен тұрғын үй төлемдері тағайындалған.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің орталық әскеридәрігерлік комиссиясының (бұдан әрі – ОӘДК) 2024 жылғы 20 мамырдағы №203 ауру туралы куәлігінің негізінде талап қоюшы қызметке бейбіт уақытта жарамсыз, әскери уақытта шектеулі жарамды деп танылған.

2024 жылғы 28 мамырда талап қоюшы «Отбасы банк» АҚ арқылы тұрғын үй несие шарты негізінде Астана қаласы, С.Асфендияров көшесі, 11-үй, 439-пәтер мекенжайы бойынша несиеге пәтер сатып алып, банктік несие шартының мерзімі 2049 жылғы 30 мамырға дейін көрсетіліп несие қалдығы 44 869 151,43 теңгені құраған.

2024 жылғы 4 маусымда талап қоюшы тұрғын үй комиссиясына тұрғын үй төлемдерін сақтау туралы баянатпен жүгінген.

Кейіннен талап қоюшы «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабы 1-тармағы 3-тармақшасының негізінде Комитет төрағасының 2024 жылғы 7 маусымдағы №105 бұйрығымен денсаулық жағдайы бойынша ОӘДК-нің №203 ауру туралы куәлігінің негізінде жұмыстан шығарылып, оған 2024 жылы 13 маусымда 2695430 теңге мөлшерінде біржолғы тұрғын үй төлемдері белгіленген.

2024 жылғы 18 маусымда №4 тұрғын үй комиссиясының хаттамасына сәйкес, ОӘДК-нің №203 ауру туралы куәлігі негізінде тұрғын үй төлемдерін тоқтату туралы шешім қабылданып, 2024 жылғы 19 маусымдағы №112 ж/қ бұйрығымен тұрғын үй төлемдері тоқтатылған.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, талап қоюшы құқық қорғау органдарында қызмет атқарған кезінде сырқат алғанын анықтап, сол себепті

Заңның 101-11-бабының 9-тармағына сәйкес, тұрғын үй төлемдері сақталмайды деген қорытындыға дұрыс келген.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 101-4-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, қызметкер арнаулы мемлекеттік органнан, ішкі істер органынан немесе әскери қызметші әскери қызметтен шығарылған, жедел-тергеу бөлімшесінің қызметкері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органнан шығарылған немесе ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның жедел-тергеу бөлімшесі болып табылмайтын бөлімшесіне ауыстырылған жағдайда тұрғын үй төлемдері тоқтатылады.

Іс материалдарынан анықталғандай, талап қоюшыға қатысты ОӘДКның 2024 жылғы 20 мамырдағы №203 ауру туралы куәлігінің негізінде қызметке бейбіт уақытта жарамсыз, әскери уақытта шектеулі жарамды деп танылып, 2024 жылғы 7 маусымдағы №105 бұйрығымен денсаулық жағдайы бойынша жұмыстан шығарылып, дауланып отырған 2024 жылғы 18 маусымдағы №4 тұрғын үй комиссиясының хаттамасына сәйкес тұрғын үй төлемдерін тоқтату туралы шешім қабылданған.

Талап қоюшының тағайындалған тұрғын үй төлемдері сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемелерін орындағанға дейін сақталу қажеттілігі, Заңның 101-11-бабы 9-тармақшасына сәйкес Павлодар облысындағы №162/4 мекемесінде жұмыс істеген кезінде туберкулезбен ауырып емделгенімен уәжделген.

Заңның 101-11-бабының 9-тармағына сәйкес, ішкі істер органдарының қызметкеріне қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған, әскери-дәрігерлік комиссияның қызметке жарамсыздығы немесе шектеулі жарамдылығы туралы қорытындысы шығарылған мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузиясы) немесе ауруы себебінен қызметтен шығарылған кезде тағайындалған тұрғын үй төлемдері ол осы Заңның 101-5-бабының 1), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарға, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша міндеттемелерін орындағанға дейін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде және тәртіппен сақталады.

Алайда, талап қоюшының атқарып отырған кызметінен босатылуына туберкулез диагнозы себеп болмаған, мұндай диагноз ОӘДК-нің қорытындысында көрсетілмеген. Бұдан бөлек, Павлодар облыстық фтизиопульмонология орталағының анықтамасына сәйкес, талап қоюшы 2002 жылғы 28 тамызда А16.0. диагнозбен диспансерлік есепте болып, 2005 жылғы 12 сәуірде есептен шығарылған. Бірінші сатыдағы сотқа ұсынған Комитеттің жауабынан, Павлодар облысындағы №162/4 мекемесі туберкулезбен ауыратын науқастарды емдейтін мекеме еместігі және сотталғандарды этаптау кезінде алып жүру талап қоюшының міндеттемелеріне жатпайтындығы анықталған.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 2 қарашадағы №758 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары мен Мемлекеттік фельдъегерлік қызметінде әскеридәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларын және Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарындағы әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы» қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 124-тармағында көрсетілген «сырқаты құқық қорғау органдарында қызмет өткеру кезінде алу» және «сырқаты құқық қорғау органдарында қызметтік міндеттерін атқару кезінде алу» сәйкесінше бірдей емес, аурудың жіктелуіне байланысты әртүрлі салдарлар туындайды деген бірінші сатыдағы соттың тұжырымы заң нормаларына сәйкес келеді.

Осыған орай, талап қоюшының сырқаты құқық қорғау органдарында қызмет өткеру кезінде анықталған, салдарынан төменгі сатыдағы соттардың істің мән-жайы бойынша Заңның 101-11-бабының 9-тармағына сәйкес тұрғын үй төлемдері сақталмайды деген тұжырымы заңнама талаптарына және істің нақты мән-жайларына қайшы келмейді.

Бұл жағдайда, кассациялық сот жауапкер тарапынан дауланып отырған хаттамалық шешімді қабылдау барысында заң бұзушылықтарға жол берілмеген деген тұжырымға келді.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, кассациялық сот, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімдерін заңды және негізді деп санайды, өйткені олар сотта анықталған нақты мән-жайлар мен заңдылық, әділеттілік принциптері ескеріле отырып қабылданған.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал оның жауапкердің тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы сот шешімінің, апелляциялық сот қаулысының күшін жоюға, сөйтіп, кассациялық шағымды қанағаттандыруға еш негіз жоқ.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 қыркүйектегі шешімін, Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 қарашадағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Е. Нұралиев Л. Кудекова

Ш.Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.