6001-20-00-3гп/13
2020 жылғы 18 ақпан
Қ А У Л Ы
Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші алқа төрағасы Таймерденов М., судьялар Абдрахманов С.А., Қайыпжан Н.Ү.,
талап қоюшы «Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Маңғыстау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» ММ-нің өкілдері Б[...], Е[...], борышкер дара кәсіпкер К[...]
қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында Маңғыстау облыстық сотымен видео-конференцсвязь байланысы арқылы талап қоюшы «Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Маңғыстау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» ММ-нің борышкер дара кәсіпкер К[...] банкрот деп тану туралы арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2018 жылғы 27 шілдедегі шешіміне, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 5 маусымдағы қаулысына келтірген дара кәсіпкер К[...] кассациялық өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
«Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Маңғыстау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» ММ-сі (бұдан әрі – Басқарма) дара кәсіпкер К[...] банкрот деп тану туралы арызымен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2018 жылғы 27 шілдедегі шешімімен арыз қанағаттандырылған, дара кәсіпкер К[...] банкрот деп танылып, банкроттық рәсімі қозғалған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 5 маусымдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған. Өтінішхатта дара кәсіпкер К[...] жергілікті соттар істі қарау барысында іс үшін маңызы бар мән-жайлардың ауқымын дұрыс айқындамағанын және анықтамағанын, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол бергендігін көрсете отырып, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, Басқарманың арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Талапкер дара кәсіпкер К[...] өтінішхат уәждерін қолдаған түсінігін, Басқарма өкілдері Б[...], Е[...] өтінішхатқа қарсы пікірлерін тыңдап, іс құжаттары мен өтінішхат уәждерін зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілерінің күші жойылуға жатады деген қорытындыға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша бірінші және апелляцилық саты соттары аталған заң бұзушылықтарға жол берген.
Іс материалдарына қарағанда, Басқарманың сотқа берген арызы бойынша дара кәсіпкер К[...] салық бойынша жалпы қарызы 1 775 408 теңгені құрайды, бұл салық қарызы 2008 жылдың 2, 3 тоқсандарында қосымша салық есептеліктерін тапсыру нәтижесінде пайда болған.
Дара кәсіпкер К[...] аталған салық қарызын өз еркімен төлемегендіктен, оны өтеу тұралы 2009 жылдың 25 желтоқсанында және 2010 жылдың 5 қазанында хабарлама табысталған.
Салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу туралы заңда белгіленген барлық шаралар қолданылғандықтан Басқарма аталған арызбен сотқа жүгінген.
Дара кәсіпкер К[...] салық бойынша қарызы бір жүз елу айлық есептеу көрсеткішінен асып тұр, борышкердің меншігінде өзінің отбасымен тұрып жатқан үйінен басқа мүлігі анықталмаған, сондықтан ол қарызын өтеуге мүмкіндігі болмағандықтан, ол төлемге қабілетсіз деген тұжырымға келіп, бірінші сатыдағы сот арызды қанағаттандырған.
Апелляциялық сот алқасы, бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келісіп, борышкердің дебиторлық берешегі бар екені туралы уәждері негізсіз деп есептеп, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған.
Алайда, аталған бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың
қорытындылары негізсіз, заң нормаларына сәйкес келмейді.
Осы азаматтық іс қарау барысындағы редакциясында Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының 5-бабының 1- тармағының 2)-тармақшасына сәйкес кредитордың борышкердi банкрот деп тану немесе оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгiнуi үшін борышкердiң төлем қабiлетсiздiгi негiз болып табылады.
Егер салық берешегі бойынша борышкердің филиалдары мен өкілдіктерінің берешегін қоса алғанда, салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша кредитор алдындағы міндеттемелері оларды орындау мерзімі басталған кезден бастап төрт ай ішінде орындалмаған және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген бір жүз елу айлық есептік көрсеткіштен кем емес соманы құрайтын болса, борышкер төлемге қабілетсіз болып табылады.
Дара кәсіпкер К[...] өтінішхатында салық бойынша қарызы «Мырзабек-АЛТЫН ТАС групп» АҚ-на (бұдан әрі – Қоғам) 8 098 502 теңгеге қызмет көрсеткеннен пайда болғанын көрсеткен.
Бұл ретте, оның алдында көрсетілген Қоғамның аталған сомаға дебиторлық берешегі бар. Кәзіргі уақытта Қоғамның банкроттық рәсімі өткізілуде, 4-кезектегі кредиторларға берешек төлеу басталды, ал дара кәсіпкер К[...] кредиторлар тізілімінің 5-кезегінде тұр және жақын арада ақша қаражатын алуды күтуде.
Борышкер кредиторлар тізіліміне Қоғамға оңалту рәсімі жүргізілген кезде еңгізілгені Коғамның оңалту басқарушының 2016 жылғы 11 қазандағы хатымен дәлелденеді.
Сонымен қатар, Коғамның банкроттық рәсімінде кредиторлар талаптары тізілімінің 5-кезегінде борышкердің қарыз мөлшері 8 098 502 теңге көлемінде тұрғандығы банкроттық басқарушының 2019 жылғы 10 шілдедегі хатымен дәлелденеді. Борышкер осы азаматтық іс бірінші сатыдағы сотта қаралғандығы туралы хабар алмай, қойылған талап бойынша түсініктеме бере алмай, көрсетілген дәлелдемелерді сотқа ұсына алмаған. Осыған қоса, банкроттық рәсім қозғалғаннан кейін дара кәсіпкер К[...] салық органдары алдындағы берешегін өтеп, қәзіргі уақытта қарызы жоқ екендігі Басқарма берген мәліметтермен және салықты төлеу түбіртегімен дәлелденеді.
Бірінші және апеляциялық сатыдағы соттар істі қараған кезде осы мәнжайларды ескермей, тараптар арасындағы құқықтық қатынастарға және ұсынған дәлелдемелерге дұрыс баға берместен, дауды дұрыс шешпеген, нәтижесінде заңға қайшы сот актілері қабылданған.
Аталған заң бұзушылықтар АПК-тің 438-бабының 5-бөлігіне және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20 наурыздағы № 2 «Соттардың азаматтық іс жүргізу заңнамасының кейбір нормаларын қолдануы туралы» нормативтік қаулысының 30-тармағына сәйкес, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға негіз болады.
Істің мұндай тұрғысында біріші және апелляциялық сатыдағы соттардың қабылдаған сот актілерінің күші жойылып, Басқарманың арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауға жатады.
АПК-тің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы азаматтық іс бойынша қабылданған Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2018 жылғы 27 шілдедегі шешімінің, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2019 жылғы 5 маусымдағы қаулысының күші жойылсын.
Іс бойынша жаңа шешім қабылданып, талап қоюшы «Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Маңғыстау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» ММ-нің талап арызы қанағаттандырылудан бас тартылсын. Дара кәсіпкер К[...] өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші М. Таймерденов
С. Абдрахманов
Судьялар
Н. Қайыпжан
Көшірмесі дұрыс Судья Н. Қайыпжан
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.