№ 6001-23-00-6ап/1318
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 27 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья – Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – Б.Т. Нажмиденов, Даниярова Ш.Т.,
талап қоюшының өкілдері А[...]., А[...]., жауапкер Қ[...] қатысуларымен,
талап қоюшы Н[...] жауапкер Қызылорда облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Қ[...] (бұдан әрі – ЖСО, сот орындаушысы) атқарушылық іс жүргізуді қозғау, мүлікке тыйым салу, тұрғын үйді бағалау, сауда-саттыққа шығару қаулыларын заңсыз деп тану, сауда-саттық қорытындысы хаттамасының күшін жою, жылжымайтын мүлікті бағалау қорытындысын жарамсыз деп тану, сатып алу-сату шартының күшін жойып, меншік құқығын тіркеуді қалпына келтіру туралы,
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 сәуірдегі қаулысына жауапкер Қ[...] кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Н[...] жоғарыда көрсетілген талап қоюмен арызымен сотқа жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 10 наурыздағы шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 сәуірдегі қаулысымен сот шешімі өзгертілген.
Талаптың атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулысын заңсыз деп танудан бас тартқан бөлігінің күші жойылып, бұл бөлікте талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданып, Қызылорда облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы Қ[...] 2015 жылғы 24 қарашадағы атқарушылық іс жүргізуді қозғау қаулысы заңсыз деп танылған.
Сот шешімнің өзге бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхат иесі Қ[...] іс бойынша апелляциялық саты сотының қаулысы заңсыз және негізсіз қабылдануына байланысты сот актісінің күшін жоюды, бірінші сатыдағы сот шешімін қайта қалпына келтіруді сұраған.
Ж[...].Қ[...] кассациялық шағымның уәждерін қолдаған түсінігін, талап қоюшы өкілдері А[...] және А[...] іс бойынша қабылданған апелляциялық саты сотының қаулысын өзгеріссіз қалдыруды сұраған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, шағым уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Апелляциялық алқа соты тарапынан мұндай кемшіліктер орын алған.
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының 126-бабының 3-тармағына сай сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Қызылорда қалалық сотының 2010 жылғы 19 қаңтардағы сырттай шешімімен Н[...] «Казкоммерцбанк» АҚ-ның пайдасына 11 840 348 теңге несие берешегі мен 355 210 теңге баж алымы өндіріліп, өндіру Н[...] кепілге қойған Қызылорда қаласы, Сәулет тұрғын ауданы, 34 квартал, 9 участок мекенжайындағы мүлкіне аударылған.
2010 жылдың 19 наурызында Н[...] қарыз берешегін кепілге қойылған мүлкінен өндіріп алу туралы атқару парағын орындауға жолдаған.
Сот шешімін орындау мақсатында ЖСО Қ[...] 2015 жылғы 24 қарашадағы қаулысымен атқарушылық іс жүргізу өндірісі қозғалып, тиісті атқарушылық әрекеттер жүргізілген, яғни борышкердің мүлкіне тыйым салынып, бағалау жүргізіліп, жылжымайтын мүлік сауда-саттыққа шығарылып, нәтижесінде 2016 жылғы 14 сәуірдегі электрондық аукцион қорытындысымен А[...] жеңімпаз деп танылған.
2016 жылғы 20 сәуірде сатып алу-сату шарты жасалып, аталған жылжымайтын мүлік А[...] сатылған.
Бұдан кейін Н[...] ЖСО Қ[...] әрекетіне және аукцион қорытындысын даулап сотқа жүгініп, нәтижесінде сот шешімімен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған.
Бірінші сатыдағы сот, сот орындаушысы Қ[...] атқарушылық іс жүргізу өндірісі қозғалған кезде заң талаптары бұзылмағанын және оның дауланып отырған әрекеттері заң талаптарына сәйкес жасалған деп тұжырымдаған.
Апелляциялық сатыдағы сот алқасы бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келіспей, сот орындаушысы Қ[...] дауланып отырған әрекеттері заң талаптарына қайшы келетінін, себебі 2010 жылғы 19 қаңтардағы соттың сырттай шешімі бойынша берешекті өндіру туралы және кепіл мүліктен өндіру туралы екі бөлек атқару парағы берілгенін, яғни бір берешек соманы өндіруге қатысты екі атқару парағы беріліп, екі өндірістің қатар жүруі заң талаптарына қайшы екенін негізге алған.
Сонымен қатар, атқару құжатының орындауға ұсыну мерзімі өтіп кеткенін негіздеген.
Апелляциялық саты сотының мұндай тұжырымдарын заңды әрі негізді деп санауға болмайды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 76 бабының 3 тармағына сәйкес соттар шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады. «Сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 5-тармағының талаптарына сәйкес, шешiм iс жүргiзу құқығының нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе ұқсас қатынасты реттейтiн заңның қажеттi негiздерiн қолданғанда не азаматтық заңнаманың жалпы бастауларынан және мәнiнен, адалдық, парасаттылық пен әдiлдiк талаптарынан туындағанда, заңды болып табылады.
Іс құжаттарына қарағанда, 2010 жылғы 19 қаңтардағы сырттай шешімімен Н[...] «Казкоммерцбанк» АҚ-ның пайдасына 11 840 348 теңге несие берешегі мен 355 210 теңге баж алымы өндіріліп, өндіру Н[...] кепілге қойған Қызылорда қаласы, Сәулет тұрғын ауданы, 34 квартал, 9 участок мекен-жайындағы мүлкіне аударылған.
Осыған байланысты сот борышкер Н[...] берешек соммасын мүлкінен өндіру туралы атқару парағын 2010 жылғы 19 мамырда №5116/6284 санды шығыс хатымен уақытылы орындауға жолдаған.
Апелляциялық алқа сотының бір іс бойынша екі атқару парағы беріліп, екі өндіріс қатар жүргізілген деген тұжырымы негізсіз, себебі заңды күшіне енген соттың сырттай шешімі бойынша Н[...] өндірілуге тиіс қарыз соммасы кепілге қойылған мүлкіне аударылған.
Осы сот шешімін орындау сот орындаушысы Қ[...] тікелей міндеті болғандықтан, 2015 жылдың 24 қарашада атқарушылық іс жүргізу өндірісін қозғап, өз күзіреті шегінде әрекеттер жасаған. Атқару парағын орындауға берілген үш жылғы мерзім өтіп кеткен деген апелляциялық алқа сотының тұжырымы да негізсіз, себебі іс құжаттарына жеке сот орындаушысы К.Десятниченконың 2013 жылғы 14 маусымдағы Н[...] қарызын мүлкінен өндіру туралы атқару құжаты қайтарылғаны туралы қаулы тіркелген.
Заңның 12-бабының 2-тармағы бойынша (2015 жылғы қазан айындағы редакциясы) үзiлiстен кейін мерзiмнiң өтуi қайтадан басталады, бұл ретте үзiлiске дейiнгi өткен уақыт жаңа мерзiмге есептелмейдi. Үзiлiстен кейiнгi жаңа мерзiм атқарушылық құжат бойынша өндiрiп алу толық немесе iшiнара жүргiзiлмей, ол өндiрiп алушыға қайтарылған күннен бастап есептеледi. Бұл мән-жайлар апелляциялық алқа сотының назарынан тыс қалған. Сонымен қатар, атқарушылық іс өндірісінің қозғалуының заңдылығы Қызылорда қалалық сотымен 2016 жылғы 25 тамызда Н[...] жеке сот орындаушы Қ[...] әрекеттеріне дау келтіру туралы талабы бойынша қабылданған сот актілерімен және Қызылорда қалалық сотының 2018 жылғы 5 қарашадағы ұйғарымымен Н[...] жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша 19 ақпан 2010 жылғы қарыз соммасын өндіру және кепілге салынған мүліктен өндіру туралы сырттай шешімнің күшін жоюды сұраған арызы қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарымдарымен тиісті құқықтық баға берілгенін ескерген жөн.
ӘРПК-нің 5-бабына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жарияқұқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Сот алқасы, бірінші сатыдағы соттың Н[...] талап арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымдары іс бойынша анықталған нақты мән-жайларға және ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жоюға, бірінші саты сотының шешімін күшінде қалдырып, ЖСО Қ[...] кассациялық шағымын қанағаттандыруға толық негіздер бар деп санайды.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 6) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 сәуірдегі қаулысыныың күші жойылып, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 10 наурыздағы шешімі өзгеріссіз қалдырылсын.
Жауапкер жеке сот орындаушы Қ[...] кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев
Судьялар
Б.Т. Нажмиденов Ш.Т. Даниярова Көшірмесі дұрыс. Судья
Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.