КСАД РК - Постановление от 06.08.2025 по делу 6003-25-00-4к/226 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 6 тамыз № 6003-25-00-4к/226 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д.Ә.Әбдіғалиев,

судьялар – Г.М.Ыдырысова, М.А.Қасымов,

талап қоюшының өкілі Н.Т.Алибековтың, жауапкердің өкілі А.Ж.Узганбаевтың, мүдделі тұлға «Hive Mining» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – ЖШС) өкілі Н.Ш.Берикболовтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «OzenMunaiProm» ЖШС-ның жауапкер жеке сот орындаушысы Ихлас Муратович Сатугуловқа қатысты 2024 жылғы 1 қазандағы қызметіне төлемақы сомасын бекіту туралы қаулыны заңсыз деп танып күшін жою және төленген соманы қайтаруға міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2024 жылғы 12 қарашадағы шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІЖСА) 2024 жылғы 19 желтоқсандағы қаулысына жауапкердің берген кассациялық шағымы бойынша әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

«OzenMunaiProm» ЖШС жоғарыда көрсетілген әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгініп, сот актісі толық көлемде орындалмағанын негізге ала отырып, даулы қаулыны заңсыз деп есептеген. Осыған байланысты берешек сомасының толық көлеміне төлемақы мөлшерін бекітуге негіз болмаған.

МАӘС-тің 2024 жылғы 12 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

ӘІЖСА-ның 2024 жылғы 19 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымда сот актілерінің күшін жоюды және талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Тараптардың уәждерін тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерін талқылап, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай отырып, кассациялық сот келесідей қорытындыға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 118-бабы екінші тармағына сәйкес, жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана жүргізіледі. Егер мүліктік сипаттағы атқарушылық құжат ішінара орындалса, онда жеке сот орындаушысына оның қызмет ақысының өндіріп алынған сомаға немесе мүлік құнына пропорционалды бір бөлігі ғана төленеді.

Іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес, сот орындаушысы И.М.Сатугуловтың өндірісінде борышкер «OzenMunaiProm» ЖШС-дан өндіріп алушы «Hive Mining» ЖШС-ның пайдасына 626 272 634 теңге мөлшерінде берешекті өндіру туралы атқарушылық іс жүргізу болған.

2024 жылғы 19 шілдедегі сот орындаушысының қаулысымен атқарушылық іс жүргізу Заңының 47-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес, атқарушылық құжаттың талаптары толық көлемде орындалуына байланысты тоқтатылған.

Осыған байланысты сот орындаушысы 2024 жылғы 1 қазандағы даулы қаулы негізінде өз қызметіне төлемақы сомасын 5 633 479 теңге мөлшерінде бекітіп, бұл сома 626 272 634 теңге көлеміндегі жалпы берешек сомасынан бұрын төленген 13 154 700 теңге шегеріле отырып есептелген.

Төмен тұрған соттар талап өоюды қанағаттандыра отырып, атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған сәтте атқарушылық құжаттың талаптары толық көлемде орындалмағанын анықтап, соның нәтижесінде сот орындаушысының қызметіне төлемақы сомасы өндірілген сомаға пропорционалды түрде айқындалуы тиіс болған деген тұжырымға келген. Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, төмен тұрған соттардың сот орындаушысы өз қызметін төлемақы сомасын жалпы берешек сомасына толық көлемде бекітуге құқылы болмағаны жөніндегі қорытындыларымен келіседі, өйткені бұл үшін жауапкер тарапынан жеткілікті құқықтық негіздер болмаған.

Сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді Заңның 47-бабы 1- тармағының 7) тармақшасына сәйкес толық орындалуына байланысты тоқтата отырып, өз қызметін төлеу сомасын 626 272 634 теңге мөлшеріндегі жалпы берешек сомасынан негізсіз түрде бекіткен, бұл жағдай Заңның 118бабы 2-тармағының нормаларына қайшы келеді, өйткені аталған норма мұндай тәртіпті болдырмайды.

Қаралып отырған жағдайда сот орындаушысына өз қызметі үшін төлемақыны тек өндірілген сомаға пропорционалды түрде ғана жүргізілуі тиіс болатын. Атқарушылық іс жүргізу тоқтатылған сәтте берешек толық көлемде өндірілмеген, оның өтелуі 2024 жылғы 31 шілдеден кейін жүзеге асырылған.

Атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы өндіріп алушының 2024 жылғы 19 шілдеде берген арызынан көрінгендей, арызды беру кезінде берешек толық көлемде өтелмеген.

Осыған байланысты төмен тұрған соттар даулы қаулыны заңсыз деп тану туралы тұжырымға негізді түрде келіп, оны күшін жою туралы шешім қабылдап, сот орындаушысына ұсталған соманы қайтару жөніндегі міндеттерді негізді түрде жүктеген.

Кассациялық шағымның уәждері мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер апелляциялық сатыдағы сотта қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.

Іс бойынша мән-жайлар төмен тұрған соттармен дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданғандықтан, кассациялық сот шағымданып отырған сот актілерін жою үшін негіздер жоқ деп есептейді.

Осы мән-жайлар бойынша жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 12 қарашадағы шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 19 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Д. Әбдіғалиев

Судьялар

Г. Ыдырысова М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.