Қ А У Л Ы
2026 жылғы 18 ақпан №6003-25-00-2к/5214 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар А.А Даненова., А.Б.Токсанбаев, талап қоюшының өкілі Ж.Мырзатаев,
жауапкерлердің өкілі А.Ж.Аширова,
бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Салима Ортайқызының жауапкерлер Гаухар Нургаликызы Ешимоваға, Ақмарал Нурғалиқызы Ешимоваға, Рауан Нұрғалиұлына, Арман Нұрғалиұлына, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар: Шымкент қаласының нотариусы Гулстан Абдрахманкызы Жанузак, Гульнар Айтбековна Кожамкулова, «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамы, мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру, мұраны қабылдаған деп тану, мұрагер деп танылған куәлікті жарамсыз деп танып, мүліктегі үлесін анықтау туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 4 сәуірдегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 маусымдағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Талап қоюшының ұлы Нұрғали Балқыбек, 1964 жылғы 14 маусымда туған, 2022 жылғы 17 қаңтарда қайтыс болған.
Ол қайтыс болғаннан соң Шымкент қаласы, Абай ауданы, Гагарин көшесі, 125 және 125-А мекенжайда орналасқан тұрғын емес үй-жайдың (дүкен) және жер учаскесінің ½ үлесінен тұратын мұралық мүлік ашылған.
Талап қоюшы талап қоюында оның мұра мүлікте үлесі бар екенін мұра қалдырушының балалары жасырып, мұраға құқық туралы куәліктерді заңсыз алғанын, мұра мүліктегі оның үлесі анықталуы тиіс болғанын, мұраны қабылдау мерзімін мұра мүлік болғанын білмегені себепті дәлелді жағдайда өткізіп алғанын көрсетіп, мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіруді, мұраны қабылдаған деп тануды, мұрагерлік куәліктерді жарамсыз деп танып, мүліктегі үлесін анықтауды сұраған.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 4 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 маусымдағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында жергілікті соттардың істің мән жайын толық анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұрайды. Талап қоюшының өкілінің кассациялық шағымды қолдайтын, жауапкерлердің өкілінің қарсы пікірлерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы
Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434 - бабының 1- бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша жергілікті соттармен заң бұзушылыққа жол берілмеген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 10722-бабының 1-тармағына сәйкес, мұраның ашылу күнінен бастап алты ай ішінде мұра қабылдануы мүмкін.
АК-нің 1072-3-бабына сәйкес, егер мұрагер мұраны қабылдау үшін белгіленген мерзімді (осы Кодекстiң 1072-2-бабы) дәлелдi себептер бойынша өткiзiп алған болса және мұраны қабылдау үшiн белгiленген мерзiмдi өткiзiп алған мұрагер бұл мерзiмдi өткiзу себептерi жойылғаннан кейiн алты айдың iшiнде сотқа жүгiнген жағдайда осы мерзiмдi өткiзiп алған мұрагердің өтініші бойынша сот бұл мерзімді қалпына келтіре алады және мұрагер мұраны қабылдады деп тани алады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 29 маусымдағы №5 санды «Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Нормативтік қаулысының 5 тармағына сай мұраны іс жүзінде қабылдау деп мұрагердің мұра қалдырушы қайтыс болғаннан кейін соңғының мүлкін иеленуін және пайдалануын кәуландыратын әрекеттері, оның мүлкін ұстау мен сақтау жөніндегі әрекеттерді жүзеге асыруы, мұрагерлік мүлікке байланысты оның қарыздары мен салықтарын төлеуі не мұрагерлік массаға енгізілуге жататын мүліктік сипаттағы мұра қалдырушыға тиесілі төлемдерді, құндылықтарды алуы түсіндіріледі.
Мұрагерлер көрсетілген әрекеттерді мұра ашылған кезден бастап алты ай ішінде жасауы тиіс.
Осы қаулының 11- тармағына сай, мұрагердің АК-нің 1072-3-бабына сәйкес мұраны қабылдау үшін мерзімді қалпына келтіру туралы арызын қарағанда сот мерзімді қалпына келтіріп, мынадай шарттар жиынтығы болған кезде: мұраны іс жүзінде қабылдаған дәлелдері болмаса, мерзім дәлелді себептермен (мұрагердің науқастануы, сондай-ақ мұраны қабылдау туралы арызды беруге кедергі жасайтын мән-жайлар) өткізіп алса, мұрагер осы мерзімді өткізіп алуының себебі жойылғаннан кейін алты ай ішінде сотқа жүгінсе мұрагерді мұраны қабылдаған деп тани алады.
2023 жылғы 15 ақпанда мұралық мүліктен мұра қалдырушының мұрагер балалары Г.Н.Ешимоваға, Р.Нұрғалиұлына, А.Нұрғалиұлына әрқайсысына 1/8 үлестен заң бойынша мұраға құқық туралы куәліктер берілген.
2023 жылғы 3 мамырдағы Шымкент қаласының Абай аудандық сотының шешімімен А.Н.Ешимоваға мұра мүлікті қабылдау мерзімі қалпына келтірілген.
2023 жылғы 22 маусымда және 3 шілдеде мұралық мүліктен мұрагер А.Н.Ешимоваға 1/8 үлесіне заң бойынша мұраға құқық туралы куәлік берілген.
2023 жылғы 26 маусымдағы Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының ұйғарымымен Г.Н.Ешимова мен Г.А.Кожамкулованың арасында бітімгершілік келісімі бекітіліп, ол бойынша Г.А.Кожамкулова Г.Н.Ешимоваға оның 1/8 үлесін ақшалай құны ретінде 13 000 000 теңге төлейтіні, оның үлесі Г.А.Кожамкуловаға өтетіні бекітілген.
2024 жылғы 11 желтоқсандағы Шымкент қаласының нотариусының қаулысына сәйкес талап қоюшыға мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алуына байланысты заң бойынша мұраға құқық туралы куәлік беруден бас тартылған.
Төменгі сатыдағы соттар жоғарыда көрсетілген заң талаптарын басшылыққа алып, талап қоюшының мұраны қабылдау мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алғанын растайтын мән - жайларды қарастырған. Сотта талап қоюшының мұраны қабылдау мерзімін дәлелді себептермен өткізіп алғанын растайтын дәлелдері жоқ екені анықталған. Талап қоюшы мұра қалдырушының 2022 жылғы 17 қаңтарда қайтыс болғанын білген, демек, осы кезден бастап мұра мүлік туралы білуге тиіс болған.
Алайда талап қоюшы осы талап қоюды 2024 жылғы 25 желтоқсанда, яғни 3 жылға жақын уақыт өткеннен кейін берген, осы мерзім ішінде талап қоюшыға мұраны қабылдауға кедергі келтірген себептер болмаған.
Талап қоюшының мұраны қабылдаған деп тану туралы талабы да негізсіз қойылған, себебі мұра қалдырушы Шымкент қаласының тұрғыны болған және мұра мүлік те осы Шымкент қаласында орналасқан. Талап қоюшы Көкшетау қаласының тұрғыны, ол мұра мүлікті иеленбеген, пайдалануына алмаған, мүлікке қатысты ешқандай билік жүргізбеген, оған қатысты төлемдерді жүргізбеген және шығындарымен есептеспеген.
Сонымен қатар, талап қоюшының бұл талабы оның мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру туралы талабына қарама қайшы келеді.
Мұндай жағдайда бірінші және екінші сатыдағы соттардың талап қоюшының мұраны қабылдаған деп тану және мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру талап қоюын негізсіз деп танығаны дұрыс.
Мұралық куәлікті жарамсыз деп тану және мұра мүліктегі үлесті анықтау туралы талап қоюға мұраны қабылдап алған немесе мұраны қабылдау мерзімі қалпына келтірілген жағдайда ғана жол берілетіні себепті талап қоюдың қалған бөлігі де заңды негізде қанағаттандырудан бас тартылған.
Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот төменгі сатыдағы соттардың талап қоюды қанағаттандыруға заңды негіздер жоқ деген тұжырымдарымен толық келіседі.
Кассациялық шағымда келтірілген уәждер істі қарау барысында тексерілген, оларға төменгі сатыдағы соттармен дұрыс баға берілген, тиісті заң нормалары дұрыс қолданылған, шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 4 сәуірдегі шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 маусымдағы қаулысы күшінде, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Ғ.Бастаубаев
Төрағалық етуші судья
Судьялар
А.Даненова
А.Токсанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.