Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 21.08.2025 по делу 6003-25-00-2к/95 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 21 тамыз №6003-25-00-2к/95 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов болып,

прокурор О.С.Пернеевтың, талап қоюшы өкілдері А.Б.Кадыровтың және А.У.Аккалжановтың, жауапкер өкілі Л.Б.Булатбекованың, үшінші тұлға өкілі Ж.К.Победаның қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы «Мақат аудандық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Бөлім) жауапкер «Теплоэнергострой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - ЖШС-і), даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға «DREAM ATYRAU» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - үшінші тұлға), жауапкерді сақтау келісім шарты бойынша материалдықтауарлық құндылықтарды тапсыру-қабылдап алу актісімен талап қоюшыға табыстауды міндеттеу туралы электрондық форматтағы азаматтық іс бойынша шығарылған Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 13 қаңтардағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 сәуірдегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) Бөлімнің берген кассациялық шағымын қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы :

Бөлім аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны ЖШС-і қабылдап алған тауарды қайтарып беруден бас тартып жүргенімен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Бөлім кассациялық шағымында жергілікті соттармен істің мәнжайлары дұрыс анықталмағанын және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын, ЖШС-і тауарды қайтарып беруді талап еткен хатқа жауап бермегенін көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, істі жаңадан қарауға жолдауды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын және прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай бұзушылықтара жол берілген.

Анықталғаны, тараптар арасында 2022 жылғы 7 шілдеде №35 құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарты (бұдан әрі -

Мемлекеттік сатып алу шарты) жасалып, ЖШС-і Мақат ауданы Доссор кентіндегі 3 қатарлы 60 пәтерлі тұрғын үйге сыртқы инженерлік желілерінің құрылысын жасауды міндеттенген.

2022 жылғы 18 қазанда тараптар арасында тауарлық-материалдық құндылықтарды (бұдан әрі - тауар) сақтау шарты (бұдан әрі - Сақтау шарты) жасалып, ЖШС-і тізімге сәйкес тауарды сақтауға міндеттеме алған.

Сақтау шартының 1.2 тармағына сай тауар үшінші тұлғаның қоймасында сақталатыны көзделген.

Осыған орай, 2022 жылғы 19 қазанда ЖШС-і мен үшінші тұлға арасында аталған тауарларды өтеусіз сақтау шарты жасалып, сол күнгі алысберіс актісіне сай үшінші тұлға тауарларды қабылдап алған.

Мемлекеттік сатып алу шарты бойынша 2022 жылғы қазан және қараша айларында Бөлім орындалған жұмыстар актілеріне сай ЖШС-не барлығы 21 152 935 теңге төлеп, соңғысы жұмыстарды толық орындамауына байланысты шарт жабылған.

Бірінші саты соты талапты қанағаттандырусыз қалдыру барысында бір біріне қайшы тұжырымдар жасаған, апелляциялық инстанция онымен негізсіз келіскен.

Атап көрсеткенде, бірінші саты соты Сақтау шартында көрсетілген тауарлар Мемлекеттік сатып алу туралы шарты бойынша жасалған 2022 жылғы 19 қазанда орындалған жұмыстар актілеріндегі құрылыс материалдары деген тұжырым жасай отырып, Бөліммен тауарлар ЖШС-не тапсырылғаны туралы дәлелдемелер ұсынылған жоқ деген қарама қайшы қорытынды жасаған.

Одан бөлек, сотта тауарлар жоғалғаны анықталған, сондықтан Бөлім жоғалған заттың құнын өндіріп алуға құқылы деген де тұжырым жасалған.

Алайда, Мемлекеттік сатып алу туралы шартымен жұмыстарды тапсырыс беруші Бөлімнің материалдарымен орындау көзделмеген, ЖШС-і орындаған жұмыстары және жұмсалған материалдары үшін Бөлімнен 21 152 935 теңге мемлекет қаржысын алған, Сақтау шартының 2.1.5 тармағына сай ЖШС-і тауарды пайдалануға құқығы жоқ екені белгіленген.

Тауарлар ЖШС-не тапсырылғанының нақты дәлелі ретінде Сақтау шарты және ЖШС-і мен үшінші тұлға арасында жасалған тауарларды өтеусіз сақтау шарты болады.

Іс құжаттарына тауарлардың жоғалғаны туралы деректер тіркелмеген, АПК-тің 72-бабына сай ондай дәлелдемелерді ЖШС-і және үшінші тұлға сотқа ұсынған жоқ.

Бірінші саты сотында үшінші тұлға өкілі тауардың қоймада жоқ екенін, оларды алып кеткенін, бірақ кім және қашан алып кеткенін білмейтінін

көрсетсе, кассациялық сот отырысында өзіне тауарлар мүлдем өткізілмегенін айтқан.

Анықталған мән-жайларды қорыта келгенде Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 768-бабының 1 және 2-тармақтарының негізінде Сақтау шарты бойынша бiр тарап (сақтаушы) оған екiншi тараптың (жүк берушiнiң) берген затын сақтауға және бұл затты сақталған күйiнде қайтаруға мiндеттi екені, Сақтау шарты зат сақталуға берiлген кезден бастап жасалған деп танылатыны жергілікті соттардың назарынан тыс қалған.

Соттар тараптар іс жүргізу барысында өз ұстанымын, оны қорғау тәсілдері мен құралдарын өз бетінше және соттан тәуелсіз таңдайтынын (АПК-тің 15-бабының 2-бөлігі), сот істі талап қоюшы мәлімдеген талаптар шегінде шешетінін (АПК-тің 225-бабының 2-бөлігі) ескермей, Бөлім тауардың құнын өндіріп алуға құқылы деген қате тұжырым жасаған.

Істің мұндай тұрғысында, АПК-тің 68-бабының 6-бөлігінің негізінде, дәлелдемелердің жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткілікті екенін ескере отырып, жергілікті соттардың сот актілерінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығарылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, кассациялық сот

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 13 қаңтардағы шешімінің және Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 29 сәуірдегі қаулысының күші жойылсын, талап қоюшы «Мақат аудандық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің талап қоюын қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығарылсын.

Жауапкер «Теплоэнергострой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 2022 жылғы 18 қазандағы №22-10 тауарлық-материалдық құндылықтарды жауапкершілікпен сақтау туралы келісім шарт негізінде қабылдап алынған тауарлық-материалдық құндылықтарды талап қоюшы «Мақат аудандық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесіне табыстау міндеттелсін.

Жауапкер «Теплоэнергострой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен мемлекет пайдасына 1 966 (бір мың тоғыз жүз алпыс алты) теңге мемлекеттік баж өндірілсін.

Талап қоюшы «Мақат аудандық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын. Қаулы жария етілген күннен бастап заңды күшіне енеді.

Төрағалық етуші К.Айтжанов Судьялар Н.Жумагулова Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.