6003-26-00-2к/103
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 2 маусым Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, талап қоюшы К[...], жауапкер С[...]
қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] жауапкер С[...] заңсыз салынған ғимаратты өз есебінен бұзу туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2025 жылғы 7 қазандағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 желтоқсандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 желтоқсандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2025 жылғы 7 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберуді немесе талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Түркістан облысы, [...] меншік иесі талап қоюшы Қ[...], ал Түркістан облысы, [...], жер учаскесі жауапкер С[...] тиесілі. Тараптардың жер учаскелері көршілес орналасқан.
Сарыағаш аудандық сотының 2025 жылғы 11 шілдедегі ұйғарымы негізінде жүргізілген зерделеу жұмыстарының негізінде келесі мән-жайлар анықталған.
С[...] пен Қ[...] тиесілі жер учаскелері өлшеніп, сәйкестендіру құжатына сәйкес өз орнында орналасқанын, жер учаскелерінің конфигурациясы өзгермегенін, жер учаскелері бір-бірімен беттеспейтіндігін анықталған. Бұл мән-жайлар 2025 жылғы 30 шілдеде Сарыағаш аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімі мен Сарыағаш ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары қорытындысымен расталған.
Сондай-ақ, «Жеке тұрғын үй құрылысы аудандарын жоспарлау және салу» 3.01-102-2012 ҚР ЕЖ 5.2.1-тармағына сәйкес тұрғын үйді, шаруашылық-тұрмыстық құрылыстарды орналастыру, олардың мөлшері жоспарда және биіктігі бойынша нормативтік талаптардың сақталуын және іргелес учаскелерді инсоляциялаудың қажетті шарттарын қамтамасыз етуді ескере отырып, құрылыс салушы (немесе оның тапсырысы бойынша басқа тұлға) айқындайды. Тұрғын үйді және шаруашылық құрылыстарды орналастыру кезінде іргелес учаскелердегі тиісті құрылыстармен көрсетілген құрылыстарды бұғаттау жағдайларын қоспағанда, іргелес усадьбалық учаскесінің шекарасынан тұрғын үйдің қабырғасына дейін кемінде 3 метр және шаруашылық құрылыстарына дейін 1 метр шегіну көзделуі тиіс.
Бірінші сатыдағы сотпен С[...] тиесілі жер учаскесіндегі құрылыс жер учаскесінің шекарасынан 1,6 метр арақашықтық орналасқан, ал, Қ[...] тиесілі жер учаскесінде орналасқан пайдалануындағы тұрғын үйі жер учаскесінің шекарасынан арақашықтық қалдырылмағаны анықталған.
Жауапкерге тиесілі даулы құрылыс объектісіне Сарыағаш ауданының « Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесімен 2025 жылғы 21 шілдеде келісім берілген.
Жауапкер құрылыс жұмыстарын жүргізуге белгіленген тәртіппен алынған рұқсатсыз құрылыс объектіні заңсыз салғаны үшін тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған, жер учаскесінің құқық белгілейтін құжаттары дауланбаған.
Қ[...] талабының негізділігін бекітетін және даулы құрылыс қауіптілік төндіретіні жөнінде дәлелдемелерді сотқа ұсынбаған.
Сондықтан, бірінші сатыдағы сот К[...] ғимаратты заңсыз салынғаны дәлелденбеуіне байланысты талап қою қанағаттандыруға жатпайды деген негізді тұжырымға келген.
Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен. Өйткені жауапкерге тиесілі жер учаскесінде орналасқан объект талап қоюшының құқығына нұқсан келтіретіндігі іс материалдарымен расталмаған.
Соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының 2025 жылғы 7 қазандағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші:
Ж.К.Рустембеков
Судьялар:
А.О.Тогумбетова
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.