Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 11.06.2026 по делу 6003-26-00-2к/2326 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 11 маусым №6003-26-00-2к/2326 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

арыз беруші Ұ[...], үшінші тұлға өкілі О[...], қаржы басқарушысы К[...] бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында арыз беруші Ұ[...] (бұдан әрі - арыз беруші) банкроттық рәсімін қолдану туралы электрондық азаматтық істі арыз берушінің Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 24 шілдедегі шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 қазандағы қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,

Арыз беруші сотқа аталған арызбен жүгініп, оны өзінің төлем қабілеттілігінің жоқтығымен негіздеген.

Апелляциялық сот алқасының қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші сатыдағы сот шешімімен арызды қанағаттандырудан бас тартылған.

Арыз беруші кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, арызды қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Жергілікті соттар «Қазақстан Республикасының азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасы 2022 жылғы 30 желтоқсандағы Заңының (бұдан әрі - Заң) талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Арыз берушінің кредиторлық қарызы 10 938 975 теңгені құрайды, оның ішінде «Forte Bank» акционерлік қоғамына 10 125 110 теңге, «АНK[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 45 200 теңге, «ЕКА[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 699 972 теңге,

«В[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 38 694 теңге, «Touchzaim» микроқаржы ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 30 000 теңге. «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер Департаменті» РММ-нің 2025 жылғы 18 маусымдағы № 606 бұйрығымен Ұ[...] өтініші бойынша қаржылық басқарушы болып К[...] тағайындалған.

Қаржы басқарушысының қорытындысына сәйкес арыз беруші төлемге қабілетсіз және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға негіздер бар.

Арыз беруші жұмыс істемейді, жалпы орта білімі бар, үйленбеген, балалары жоқ, өзінің айтуынша табысы ай сайын 85 000 теңгені құрайды, әлеуметтік жәрдемақы алмайды, жұмыссыз ретінде есепте тұрмайды, уәкілетті органдардың жауаптарынан онда жылжымалы, жылжымайтын мүліктің жоқтығы көрінеді.

Сонымен қатар, арыз беруші бұрын кәсіпкерлікпен айналысқан, оның 2021 жылғы 31 желтоқсан мен 2022 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы ақша қаражатының қозғалысына талдау нәтижесінде «Kaspi Bank» АҚ-ның шоттары бойынша ақша қаражатының айналымы 17 503 480 теңге құрағаны анықталған.

Алайда, арыз берушінің кредиторлық берешектерді өтеуге қаржылық мүмкіндігі бола тұра, ол керісінше борыштық жүктемені ұлғайта отырып, оны өтеу үшін шаралар қабылдамаған.

Істің мән-жайларына сай соттар арыз берушінің жұмыс жасауға қабілетті, жалақының болмауы арыз берушінің өмірлік және материалдық жағдайларына не денсаулық жағдайына немесе өзге де себептерге байланысты емес екенін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 8- бабының 4, 6 және 7-тармақтарына сәйкес азаматтардың өздерінің құқықтарын жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасауы тиістігі, бұл талап сақталмаған жағдайда соттың адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алатыны туралы тұжырымға дұрыс келген

Одан бөлек, арыз берушінің жағдайы формальды түрде сот арқылы банкроттық рәсімін қолдануға сәйкес келгенімен, Заңның 4-бабына сәйкес азаматтарға сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану қағидаттарының қатарына азаматтардың адалдығы жататыны да ескерілген.

Істің мұндай тұрғысында, арыз қанағаттандырылуға жатпайды деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады. Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, бірінші сатыдағы соттың шешімі және апелляциялық сот алқасының қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 24 шілдедегі шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 қазандағы қаулысы күшінде, арыз беруші Ұ[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар Н.Жумагулова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.