ҚАУЛЫ
2025 жылғы 25 ақпан 6001-24-00-6ап/3030 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өмірәлиев болып,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Басқарма прокуроры Н.Молдахановтың,
талап қоюшының өкілі Д.М.Юсуповтың қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Asemade» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент), «Жаңаөзен қалалық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Құрылыс бөлімі) 2024 жылғы 29 мамырдағы №471010000-4-6-291199 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықты жою туралы хабарламаны (бұдан әрі – Хабарлама) заңсыз деп тану және 2024 жылғы 18 маусымдағы №69367478-ОК1 қорытындылар туралы хаттаманың күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 2 тамыздағы шешіміне, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысына мүдделі тұлға «Ақтау PRINT» жеке кәсіпкерінің (бұдан әрі – ЖК) кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 2 тамыздағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.
Департаменттің 2024 жылғы 29 мамырдағы №471010000-4-6-291199 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықты жою туралы хабарламасы заңсыз деп танылып, 2024 жылғы 18 маусымдағы №69367478-ОК1 қорытындылар туралы хаттаманың күші жойылған.
Серіктестіктің пайдасына Департамент пен Құрылыс бөлімінен үлестік түрде мемлекеттік баж алымы үшін төленген шығыстар 36 920 теңге төленген мемлекеттік баж алымы өндірілген.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған. Мүдделі тұлға «Ақтау PRINT» ЖК-і кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Құрылыс бөлімі мен «Жаңаөзен қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілдерінен істі өздерінің қатысуынсыз қарау туралы арыздары түсті.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы Серіктестік өкілінің кассациялық шағымға қарсы болған пікірін, прокурордың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда 2024 жылдың 13 сәуірінде «Жаңаөзен қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (Тапсырыс беруші) тапсырысы негізінде Құрылыс бөлімі (Ұйымдастырушы) №11941975-1 санды «Жаңаөзен қаласын ұлттық, мемлекеттік және басқа да іс шараларына көркем мәдени безендіруді ұйымдастыру қызметі» мемлекеттік сатып алу конкурсын (бұдан әрі – Конкурс) жариялаған.
2024 жылғы 5 мамыр күнгі №11941975-1 санды қорытындылар туралы хаттамасына сәйкес Серіктестік жеңімпаз, екінші жеңімпаз «Ақтау PRINT» ЖК-рі болып танылған.
«ARDAMIDI» ЖШС-гі және «Ақтау PRINT» ЖК-рі қорытындылармен келіспей Департаментке шағымданған.
Департамент камералдық бақылау нәтижелерімен Ұйымдастырушыға Хабарлама жолданған.
Хабарламада конкурстық комиссия мүшелері талап қоюшының Конкурсқа ұсынылған материалдық және еңбек ресурстарының Конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейтінін, оның өтінімі конкурсқа негізсіз жіберілгенін көрсетіп, бұзушылықтарды жоюды ұйғарған.
Серіктестік 2024 жылдың 5 маусымындв Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит Комитетіне шағым жолдаған.
Комитеттің 2024 жылғы 12 маусымдағы №КВ/4266-И санды жауап хатына сай, аталған шағым қараусыз қалдырылған.
2024 жылдың 12 маусымында №11941975-ОК1 Конкурс қорытындылары қайта қаралып, нәтижесінде «Ақтау PRINT» ЖК-рі жеңімпаз, ал екінші орын алған «T&S Constraction» ЖШС-ті деп таныған.
Бұл қорытындымен келіспеген Серіктесті жоғарыдағы талаптармен сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.
«Мемлекеттiк сатып алу туралы» Занның 9-бабының 1-тармағы 4- тармақшасына және 3-тармағына сай, «Әлеуетті өнім берушілерге мынадай біліктілік талаптары қойылады: мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті материалдық, еңбек және қаржы ресурстарының болуы;
Әлеуетті өнім беруші өзінің осы бапта белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растау үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген тиісті құжаттарды ұсынады».
Осындай талаптар Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №648 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы» қағидаларының (бұдан әрі – Қағида) 56, 58тармақтарында да көзделген.
Конкурстық құжаттаманың 11-қосымшасына сәйкес Ұйымдастырушы тарапынан әлеуетті өнім берушілерге материалдық ресурстары бойынша бірнеше біліктілік талаптары қойылған. Оның ішінде ретінде: ені кемінде 6 метр болатын 2 дана принтер болуы туралы талап қойылған.
Бірақ соттармен әлеуетті өнім берушілер конкурсқа қатысу барысында максималды басып шығару ені 3,2 м ғана болатын принтерлерді ұсынғаны анықталған.
Яғни, әлеуетті өнім беруші «Ақтау PRINT» ЖК-нің конкурстық талаптарына сәйкес келмейтіндіктен дауланып отырған Конкурс қорытындысын заңсыз деп тануы орынды болып табылады. Соттардың келтірген осы және басқа негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 2 тамыздағы шешімі, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға «Ақтау PRINT» жеке кәсіпкерінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев Көшірмесі дұрыс Судья С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.