№6001-23-00-6ап/1496
2024 жылғы 27 ақпан Астана қаласы
ҚАУЛЫ
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова, талап қоюшының өкілі А[...],
мүдделі тұлғаның өкілдері А[...], А[...] қатысуыларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Т[...] жауапкер Түркістан қаласының әкіміне 2020 жылғы 21 қазандағы жер учаскесін беру туралы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының өкілі А[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда ол Түркістан қаласы әкімінің 2020 жылғы 21 қазандағы №1472 қаулысымен қайтыс болған К[...] жер учаскесі жеке меншік құқығымен берілгенін көрсетіп, осы қаулыны заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған, себебі бұл жер учаскесі өзіне Түркістан қаласы әкімиятының 2004 жылғы 19 қазандадағы №2208 қаулысымен жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін бөлінгенін көрсеткен.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 15 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Түркістан қаласы әкімінің 2020 жылғы 21 қазандағы №1472 «азамат Қудяров Асилханның жер учаскесіне жеке меншік құқығын беру туралы» қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы шешімнің күші жойылып, талап қою қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша апелляциялық сот алқасы материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, апелляциялық сот алқасы қаулысының күшін жоюды сұраған. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, Түркістан қаласы әкімиятының 2004 жылғы 19 қазандағы №2208 қаулысымен Т[...] Түркістан қаласы, [...], көлемі 1000 шаршы метр жеке тұрғын ұй құрылысын салу үшін жеке меншікке берілген.
Сонымен қатар, Түркістан қаласы әкімінің 2000 жылғы 10 тамыздағы №1726 шешімімен К[...] жеке үй құрылысын салу үшін көлемі 1000 шаршы метр жер ауласы бөлінген.
Кейін К[...] аталған жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын алу үшін тиісті қаулы қабылдау жөнінде арызданған.
Уәкілетті органмен К[...] аталған өтінішіне сәйкес, оған берілген жер учаскесіне жерге орналастыру жобасы дайындалған. 2019 жылғы 19 ақпанында К[...] қайтыс болған.
2020 жылғы 13 сәуірінде оның жұбайы - мұрагері К[...] заң бойынша мұраға құқық туралы куәлікке сәйкес К[...] жер учаскесіне құқық беретін акті алу үшін құзырлы органдарға жүгініп мемлекеттік тіркеу құқығына ие болған.
К[...] өтініші, жер комиссиясының қорытындысы және жерге орналастыру жобасы негізінде Түркістан қаласы әкімінің 2020 жылғы 21 қазандағы №1472 қаулысымен К[...] Түркістан қаласы, [...] жер учаскеде орналасқан, жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген, алаңы 0,1 га (1000 шаршы метр) жер учаскесіне жеке меншік құқығы берілген.
Әкім қаулысы негізінде аталған жер учаскесіне кадастрлық №[...] сәйкестендіру құжаты рәсімделген.
Жер комиссиясының оң қорытындысы негізінде Түркістан қаласы әкімінің 2022 жылғы 18 ақпандағы қаулысымен К[...] жалпы алаңы 0,1 га тұрғын үй құрылысы және оған қызмет көрсетуі үшін берілген жер телімінің нысаналы пайдалану мақсатын құрылыстар мен ғимараттарға қызмет көрсету үшін деп өзгертілген.
Жер учаскесіне К[...] құқығы заң бойынша мұраға құқық және меншік құқығы туралы куәліктер негізінде 2021 жылғы 24 ақпанда тіркелген.
Талап қоюшы К[...] жер учаскесі жеке меншік құқығымен берілгенімен келіспей, сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырып, даулы жер учаскесіне К[...] құқығы заң бойынша мұраға құқық және меншік құқығы туралы куәліктер негізінде тіркелгенімен даулы қаулы талап қоюшының жер учаскесiн иелену, пайдалану құқығын жүзеге асыруына кедергі келтіретінімен негіздеген.
Апелляциялық сот алқасы, бұл тұжырыммен келіспей, талап қоюшы өзіне тұрғын үй салу үшін берілген жер учаскесін қаулыда көрсетілген бір жыл ішінде игеріп пайдаланбаған, және ол жерге меншік құқығын тіркеуші органда тіркемеген, өзіне берілген жер учаскесін 2022 жылға дейін, яғни 16 жылдан астам уақыт игеруге ниет білдірмегенін көрсетіп, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.
Апелляциялық сот алқасының бұл тұжырымы негізді, материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес келеді.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.
Бұл дәлелдемелерге апелляциялық сот алқасымен тиісті құқық баға берілген, сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актісі ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан сот актінің күшін жоюға негіздер жоқ.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І: Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов
Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.