ҚАУЛЫ
(қосымша)
2026 жылғы 4 ақпан №6003-25-00-4к/2583 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші- судья Д.А. Әбдіғалиев,
судьялар - М.А.Қасымов, Г.М.Ыдырысова,
ашық сот отырысында Джангулиева Райхан Ибатулловнаның Тараз қаласының әкіміне қаулыны заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы әкімшілік талап қоюы бойынша әкімшілік істі, талап қоюшы өкілінің сот шығындарын өндіріп алу туралы өтініші бойынша келіп түскен материалды қарап, АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінді.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы шешімімен талап қанағаттандырылды, Тараз қаласы әкімінің 2024 жылғы 23 шілдедегі қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылды.
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды.
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы қаулысымен қабылданған сот актілері күшінде қалдырылды.
Талап қоюшының өкілі өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша 500 000 теңге мөлшерінде сот шығындарын өндіріп алу туралы өтінішхат берді.
Көрсетілген шығындарды растау үшін тиісті шарт пен түбіртек қоса тіркелген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі — АПК) 452-бабының екінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот АПКнің 236-бабында көзделген жағдайда және тәртіппен қосымша қаулы шығаруға құқылы.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі — ӘРПК) 122-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сот шығындарын бөлу мәселелері АПК қағидалары бойынша қаралады.
АПК-нің 113-бабының бірінші бөлігіне сәйкес шешім пайдасына шығарылған тараптың өтінішхаты бойынша сот екінші тараптан өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша шеккен шығындарды өндіріп береді.
Кассациялық сатыдағы сот талап қоюшының сот шығындарын өндіріп алу туралы мәселені шешпеген.
Өкіл көмегіне ақы төлеу бойынша 500 000 теңге мөлшеріндегі сот шығындарын өтеу туралы өтінішті қарап, кассациялық сот оны мынадай негіздер бойынша ішінара қанағаттандыру мүмкін деп есептейді.
АПК-нің 113-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сот шығындары ақылға қонымды шектерде өндіріледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы №9 «Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығындары туралы заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысының 14-тармағына сәйкес, процеске қатысқан өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша құжатпен расталған шығын сомасы шамадан тыс жоғары деп мәлімделген жағдайда, мүліктік емес талаптар бойынша сот Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі — АК) 8-бабының 4- тармағында және АПК-нің 6-бабының бесінші бөлігінде көзделген адалдық, әділдік және ақылға қонымдылық өлшемдерін басшылыққа алуы тиіс.
Өкілдің кассациялық сатыдағы сот отырысына қатысуы қамтамасыз етілмегенін ескере отырып, сот нақты көрсетілген заң көмегіне сай мөлшер ретінде 100 000 теңге көлемінде өндіріп алуды ақылға қонымды деп санайды.
АПК-нің 113-бабының бірінші бөлігін, 236-бабы бірінші бөлігінің 3) тармақшасын, 452-бабының екінші бөлігін басшылыққа ала отырып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Талап қоюшы өкілі Максат Алтынбектің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын. «Тараз қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінен талап қоюшы Джангулиева Райхан Ибатулловнаның пайдасына 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде сот шығындары өндіріп алынсын.
Төрағалық етуші Д. Әбдіғалиев
Судьялар М.Қасымов
Г. Ыдырысова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.