ВС РК - Постановление от 17.10.2024 по делу 6001-23-00-6ап/2606 (Административное)

6001-23-00-6ап/2606

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 17 қазан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар Г.К.Нұрбаев, Е.Д. Өміралиев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Қайрат Асқарбекұлы Жанқалидың жауапкер жеке сот орындаушысы Амирбек Абдумажитұлының қамтамасыз ету шаралары кезіндегі тыйым салу әрекетін/әрекетсіздігін заңсыз деп тану, қамтамасыз ету шаралары туралы өндірісті қысқартуын заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша,

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 19 мамырдағы ұйғарымына, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 маусымдағы ұйғарымына талап қоюшының өкілі берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 19 мамырдағы ұйғарымымен талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхат қанағаттандырудан бас тартылып, талап қою талап қоюшыға қайтарылған.

Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 маусымдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып істі мәні бойынша қарау үшін бірінші саты сотына жіберуді сұраған.

Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Түркістан облысы Төлеби аудандық сотының 2021 жылғы 2 сәуірдегі № 5158-21-00-2/294 ұйғарымымен жауапкерлер Жумашев Бекмурат Абусеитович пен Жумашев Бактияр Кемпирбековичке меншік құқығымен тиісілі мүлікке талап қойылған мөлшерінде, яғни материалдық залал – 8190 548 теңге және 108 000 теңгеге тыйым салынып, аталған сот ұйғарымы негізінде жеке сот орындаушы А.Абдумажитұлымен 2021 жылғы 3 сәуірде № 282/21-51-846 атқарушылық іс құжаты қозғалып, борышкер Б.К.Жумашевтің Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Үшсала көшесі, №8 үйіне, белгілі бір іс-әрекеттер жасауына тыйым салу туралы қаулы шығарылып, 2021 жылғы 9 сәуірдегі қаулысымен атқарушылық іс құжаты өндірістен тоқтатылған.

Талап қоюшы Қ.А.Жанқали жеке сот орындаушы А.Абдумажитулына борышкер Б.К.Жумашевтің жылқылары бар екені туралы хабар беру негізінде, жеке сот орындаушы А.Абдумажитұлы «Төлеби аудандық ветеринарлық қызметі» мемлекеттік мекемесіне сұраныс хат жолдап, аталған мекеменің 2021 жылғы 14 сәуірдегі №05-10/49 санды жауап хатымен борышкер Б.К.Жумашевтың атына 75 жылқы малы тіркелгені хабарланған.

ӘРПК-нің 9 бабына сәйкес әркім бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы.

Қ.А.Жанқали жауапкердің әрекетсіздігін заңсыз деп танып, қаулының күшін жою туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 2 наурыздағы № 5194-22-00-4/85 ұйғарымымен талап қоюшы Қ.А. Жанқали мен жауапкер А.Абдумажитұлы арасында аталған талап қою бойынша медиациялық келісім бекітілген.

Медиациялық келісімнің шарттарына сәйкес Қ.А. Жанқали талап қоюдан бас тартып, ал жауапкер А.Абдумажитұлы Төлеби аудандық сотының 2021 жылғы 2 сәуірдегі №5158-21-00-2/294 ұйғарымы негізінде қозғалған атқарушылық іс жүргізу бойынша сот орындаушысының өндіретін төлем ақысы жөнінде қаулы қабылдамауға міндетенген. Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 15 сәуірдегі ұйғарымымен Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 2 наурызындағы ұйғарымының күші жойылып, талап қою жаңадан қарауға сол сотқа жіберілген.

ӘРПК-нің 136 бабының 4-бөлігіне сәйкес сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.

ӘРПК-нің 136-бабының 8-бөлігінде талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады делінген.

Талап қоюшы борышкердің атына жылқылары тіркелгенін, № 282/2151-846 атқарушылық ісі өндірістен тоқтатылғанын 2021 жылдың сәуір айында білген.

Дегенмен талап қоюшының өкілі жаупкердің әрекетсіздігін заңсыз деп танып, қаулының күшін жою туралы талап қоюмен 2022 жылдың ақпан айында сотқа жүгінген.

Талап қоюшының өкілі талап қоюмен заңда белгіленген мерзімнен кеш жүгінуіне дәлелді себептер ұсынбаған.

Сәйкесінше, бірінші саты сотының талап қоюшының талап қою мерзімін қалпына келтіру туралы арызы қанағаттандырудан бас тартылуға жататыны туралы тұжырымы негізді әрі заңды.

ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінің 15) тармақшасына сай, сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот(судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Талап қоюшы талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алғандықтан бірінші саты соты талап қоюды негізді қайтарған.

АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерімен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген. Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 19 мамырдағы ұйғарымы және Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 маусымдағы ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшы Қ.А. Жанқалидың өкілі – Д.И. Паизхановтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев Г.К. Нұрбаев Е.Д. Өміралиев

Судьялар

Көшірмесі дұрыс Судья

Г.К. Нұрбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.