Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 09.10.2025 по делу 6003-25-00-2к/719 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 9 қазан №6003-25-00-2к/719 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы Ә.Оспанның, талап қоюшылар өкілдері Б.Р.Камаловтың және К.М.Орынбасаровтың, жауапкер өкілі И.К.Арзиевтың, үшінші тұлға өкілі А.К.Сырымбетованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшылар Есенаманов Тасқын, Қанатхан Мыса, Қожа Талғат Сағатбекұлы, Оспан Әбдіғани жауапкер «Нурай несие» кредиттік серіктестік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Серіктестік), даудың нысанасына дербес талаптарды мәлімдемейтін үшінші тұлға «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңірлік даму институты» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Қоғам), кепіл міндеттемесін жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі үшінші тұлғаның Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан әрі - МАЭС) 2025 жылғы 20 қаңтардағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 мамырдағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Талап қоюшылар аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны кепіл міндеттемесіне қолдарын қоймағандарымен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, 2015 жылғы 5 маусымдағы Серіктестік пен оның қатысушылары талап қоюшылар арасында жасалған Қоғамға берілген кепіл міндеттемесі жарамсыз деп танылған және Серіктестіктен үлестік тәртіпте талап қоюшылардың пайдасына әрқайсысына 1 846 теңгеден мемлекеттік баж өндірілген.

Қоғам кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай бұзушылықтара жол берілген. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 35-бабының 2- тармағына сай заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi ол құрылған кезде пайда болады және оны тарату аяқталған кезде тоқтатылады.

Анықталғаны, талап қоюшылар басқа тұлғалармен бірге Серіктестіктің құрылтайшылары (қатысушылары) болып табылады, басшысы болып сол кезде азамат У.А.Арышов тағайындалған.

2015 жылғы 5 маусымда талап қоюшылар және Серіктестік арасында әрқайсысының жер учаскесі кепілге беріліп, 1 700 000 теңгеден микрокредит беру туралы шарттары (барлығы 4 шарт) рәсімделген, несие қайтару мерзімі 2020 жылғы 20 наурыз деп белгіленген және уақытылы қайтарылған.

Несиені алу мақсатында Серіктестік басшысы У.А.Арышов Қоғамға барлығы 57 қатысушының атынан жасалған 2015 жылғы 5 маусымдағы кепіл міндеттемесін (бұдан әрі - Даулы міндеттеме) тапсырған, себебі бұл міндеттеменің болуы несие алу үшін міндетті шарт.

МАЭС-ның 2020 жылғы 27 қарашадағы шешімімен Серіктестік мәжбүрлі түрде таратылған.

Сол себепті жеке сот орындаушысы А.Т.Сансызбаеваның 2021 жылғы 30 қыркүйектегі қаулысымен МАЭС-ның 2019 жылғы 21 қарашадағы және 25 желтоқсандағы шешімдерімен Серіктестіктен Қоғамның пайдасына барлығы 237 194 048 теңге өндіру жөніндегі атқарушылық өндірісі тоқтатылған

Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысымен Қоғамның талап қоюы қанағаттандырылып, талап қоюшылардан басқа тұлғалармен бірге ортақтасқан түрде 263 984 042 теңге несие қарызы және мемлекеттік баж өндірілген, несие сомасының өндірілуінің себептерінің бірі ретінде Даулы міндеттеменің болуы негіз болған.

Осыдан кейін, талап қоюшылар Даулы міндеттеме туралы білмегендерін және қолдарын қоймағандарын көрсетіп, оны жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінген, тиісінше осы негіздермен соттар талапты қанағаттандыру жөнінде тұжырымға келген.

Алайда, АПК-тің 277-бабының 8) тармақшасына сәйкес iс бойынша тарап ретiнде әрекет ететін ұйым қызметi тоқтатылуына және құқық мирасқорларының болмауына байланысты таратылса iс бойынша іс жүргізу тоқтатылатыны соттардың назарынан тыс қалған.

Демек, даудың сотта қаралу уақытында Серіктестік таратылып кеткен, оның құқықтық мирасқоры жоқ, іс бойынша жауапкер ретінде Серіктестіктің өзі ғана тартылған, тиісінше қызмет атқармайтын (таратылып кеткен) тұлғаға талап қоюға болмайды, Қоғаммен дауланған сот актілерінің күші істің мән-

жайларына байланысты емес, тек ғана жауапкердің таратылып кетуі себепті жойылуы тиіс.

Өз кезегінде, бұл талап қызмет атқарып жатқан (таратылмаған) заңды тұлғаға немесе заң бұзушылықтарға жол берген кінәлі тұлғаларға қойылуы мүмкін, яғни осы дау бойынша шығарылған сот актілерінің күші жойылуы алдағы уақытта талап қоюшыларға жауапкер қатарында басқа тұлғаларды тартып, сотқа жүгінуге кедергі болмайды.

Істің мұндай тұрғысында, жауапкер Серіктестік таратылып кеткенін және құқық мирасқорының жоқ екенін, іс бойынша басқа тұлғалар жауапкер қатарында тартылмағанын ескере отырып, соттардың сот актілерінің күші жойылып, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылуға жатады. АПК-тің 277-бабының 8) тармақшасын, 451-бабының 2-бөлігінің 6) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып,

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 20 қаңтардағы шешімінің және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 мамырдағы қаулысының күші жойылсын, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылсын.

Даудың нысанасына дербес талаптарды мәлімдемейтін үшінші тұлға «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңірлік даму институты» акционерлік қоғамының кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

Н.Косанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.