Кассационный суд Республики Казахстан по уголовным делам - Постановление от 05.02.2026 по делу 6003-26-00-3к/33 (Об административном правонарушении)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 5 ақпан 6003-26-00-3к/33 Астана қаласы

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші- судья Қ.А.Мусетов,

судьялар М.К.Сатыбалдин, Г.Б.Даулетова,

Қазақстан Республикасының Бас прокурорының аға көмекшісі А.Төремұратұлының,

әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша жүргізіліп жатқан тұлға К.М.Дуйсеновтың, оның қорғаушысы - адвокат Р.Н.Пицыктың, жәбірленушілер Д.Н.Есенгуловтың, И.И.Есенгулованың,

полиция инспекторы Е.Қанатбайұлының,

аудармашы М.А.Тоғызбаеваның қатысуларымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты төрағасының ұсынуымен келіп түскен

Қайрат Мырзалиевич Дуйсеновке қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 610-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2025 жылғы 21 қарашадағы қаулысымен ӘҚБтК-тің 610 - бабы 1 - бөлігімен Қ.М.Дуйсеновке қатысты қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс, оның әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты тоқтатылған.

Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот қаулысының күші жойылып, іс бойынша жаңа қаулы шығарылған.

Қ.М.Дуйсенов ӘҚБтК-нің 610 - бабы 1 - бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша 55 048 теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалған.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты төрағасының ұсынуында құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот қаулыларын қайта қарауды сұраған.

Апелляциялық сатыдағы сот қаулысын күшінде қалдыруды сұраған жәбірленушілер Д.Н.Есенгуловтың, И.И.Есенгулованың, полиция инспекторы Е.Қанатбайұлының пікірлерін, ұсынуды қолдаған қорғау

тарабын ың, прокурордың пікірлерін тыңдап, іс материалдарын зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Кассациялық тәртіппен қайта қарау ӘҚБтК-нің 851 - бабы 5 -бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.

Ақтау қаласы полиция басқармасының инспекторы Е.Қанатбайұлы 28 қазан 2025 жылы сағат 16.05 шамасында, Ақтау қаласы 1А-шағын ауданы «Red Station» қарсы бағдаршаммен реттелетін жол қиылысында мемлекеттік белгісі 307 BC 12, «Hyundai H 350» маркалы автокөлігінің жүргізушісі Қ.М.Дуйсенов бағдаршамның тыйым салынған қызыл түсіне өтіп, мемлекеттік белгісі 103 AAF 12, «Mitsubishi Pajero» маркалы Д.Н.Есенгуловтың басқаруындағы автокөлігімен соқтығысып, нәтижесінде жәбірленушіге материалдық шығын келтірілді деген негізбен Қ.М.Дуйсеновке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған.

Сотта Қ.М.Дуйсенов Маңғыстау облысының жедел жәрдем станциясында көлік жүргізушісі болып жұмыс істейтінін, 28 қазан 2025 жылы сағат 15.50-де Ақтау қаласы 21-шағын аудан 37-үй 1-секция 53пәтерден 30 жастағы азамат асылып қалғаны туралы хабар түскенін, аталған шақырту 1-18 санаттағы, яғни тез арада 10 минутта жету қажет болғасын, қасындағы 2 фельдшермен бірге көліктің арнайы сиренасын, яғни дыбыс және жарық сигналдарын қосып, станциядан шығып жолда кетіп бара жатқанда, Ақтау қаласы 1А және 3А шағын аудандары арасындағы жол қиылысында, бағдаршамның қызыл түсіне теңіз жақтан келе жатып, жылдамдығын азайтқанын, қауіпсіздікке көз жеткізіп, өзіне сол жердегі автокөліктердің барлығы жол беріп тұрғасын өтіп бара жатқанында, сол жағынан, яғни Д.Н.Есенгуловтың басқаруындағы «Mitsubishi Pajero» автокөлігі келіп, өзінің басқаруындағы жедел жәрдем көлігін өткізбей соғып, жол көлік оқиғасын жасағанын, мұның бәрін істегі бейнежазбадан көруге болатынын көрсетті.

28 қазан 2025 жылы сағат 15.50-де Маңғыстау облысының жедел жәрдем станциясына 30 жастағы азамат асылып қалғаны туралы хабар түскені, аталған шақырту 1-18 санаттағы, яғни тез арада 10 минутта жету қажет болғаны іске тіркелген шақыру картасымен расталған.

Жол жүрісі Қағидаларының (әрі қарай-Қағида) 6 - тарауы 40тармағында жарқылдауық маягі іске қосылған жедел және арнайы қызмет көлігінің жүргізушілері кезек күттірмейтін қызметтік тапсырманы орындау кезінде, жол жүрісі қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағдайда Қағидалардың талаптарын орындамауы мүмкін делінген.

Бұл ретте, басқа қатысушылардың алдында басымдық алуы үшін мұндай көлік жүргізушілері өздеріне жол берілгендігіне көз жеткізгеннен кейін ғана басымдықты пайдалана алады.

Бұл талаптарды жедел жәрдем жүргізушісі Қ.М.Дуйсенов орындаған. Яғни, ол жарқылдауық маяк пен арнаулы дыбыстық сигналды іске қосып, басқа қозғалысқа қатысушылардың өзіне жол бергендігіне көз жеткізіп, қиылыстан өтіп бара жатқанда, Д.Н.Есенгулов келіп оны соққан. Ол бейнежазбадан анық көрінеді.

Қағиданың 6 - тарауы 41 - тармағына сай, көк және (немесе) қызыл түсті жарқылдақ маягі іске қосылған және арнаулы дыбыстық сигналы бар көлік құралдары жақындаған кезде жүргізушілер осы және олардың ілесіп жүруіндегі басқа көлік құралдарының кедергісіз өтіп кетуін қамтамасыз ету үшін жолды босатады.

Алайда, Д.Н.Есенгулов осы талапты орындамай, басқа көліктердің Қ.М.Дуйсеновтың басқаруындағы жедел жәрдем көлігіне жол беріп тұрғанына қарамай, қиылыстан өтіп бара жатқан жедел жәрдем көлігіне соқтығысқан.

Д.Н.Есенгулов жол- көлік оқиғасы болған кезде жедел жәрдем көлігінің сиренасының дауысын естімедім деген уәждері негізсіз, себебі іске тіркелген бейнежазбадан ол жедел жәрдем көлігінің жарық сигналдарын қосып, жолда кетіп бара жатқанын әлдеқашан көргені, алайда аталған көлікті өткізбей соқтығысып, жол-көлік оқиғасын жасағаны анық көрінеді.

Мұндай жағдайда, бірінші сатыдағы сот Қ.М.Дуйсеновтың әрекетінде ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамы жоқ деген дұрыс тұжырымға келген. Істің жоғарыда көрсетілген мән-жайларды назарға ала отырып, соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында біркелкіліктің бұзылуына байланысты ӘҚБтК-нің 851-бабының тәртібімен іс бойынша шығарылған апелляциялық саты сотының қаулысының күші жойылып, Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2025 жылғы 21 қарашадағы қаулысы өзгеріссіз қалдыруға жатады.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуы қанағаттандыруға жатады.

ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа ала отырып, Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот,

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігі бойынша Қайрат Мырзалиевич Дуйсеновке қатысты Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысының күші жойылсын.

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2025 жылғы 21 қарашадағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Қ.А.Мусетов

М.К.Сатыбалдин

Судьялар

Г.Б.Даулетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.