ҚАУЛЫ
2025 жылғы 19 тамыз 6003-25-00-4к/275 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев
судьялар Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,
талап қоюшының өкілі М.Камбилұлының, жауапкер А.Е. Бөгенбайдың, мүделлі тұлға А.К.Жанакаеваның қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны жауапкер Астана қаласы атқарушы округының жеке сот орындаушысы Бөгенбай Айжан Еділбайқызына қаулыны заңсыз, жарамсыз деп тану туралы талабымен қозғалған әкімшілік ісімен,
Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 қаңтардағы ұйғарымына, Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 ақпандағы ұйғарымына талап қоюшы өкілінің берген кассациялық шағымын қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жауапкердің қаулысын заңсыз, жарамсыз деп тану туралы әкімшілік талап қоюымен сотқа жүгінген.
Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 қантардағы ұйғарыммен, ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігі 4) тармақшасына сәйкес, егер арызға қол қоюға немесе оны ұсынуға өкілеттіктері жоқ адам қол қойса сот (судья) талап арызы қайтарылады деген негізбен қайтарған.
Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 ақпандағы ұйғарыммен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшының жеке шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған. Талап қоюшы өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жоюды және талап арызды қайта қарауға жіберуді сұрайды.
ӘРПК – нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және
процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай, 2024 жылғы 12 қарашада талап қоюшының атына E-otinish портал арқылы жауапкер жұмыс жобасына қорытынды беру туралы №ЖТ-2024-05944761 сұрау жіберген. «Мемсараптама» РМК-ы сұрауға қорытындағы мәліметтердің құпиялылығына байланысты, қорытынды беруден бас тарту туралы 2024 жылғы 19 қарашада №13-01-01-16/ФЛ-Б-1008 жауап берген. Сұрау бойынша, қажетті құжаттар ұсынылмағандықтан, 2024 жылғы 9 желтоқсанда ТЖК жұмыс жобасы бойынша қорытындыны талап ету туралы қаулы шығарылып, ол 2024 жылғы 9 желтоқсанда Астана қаласы Алматы ауданының прокурорымен санкцияланған.
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 126бабының 3) тармақшасына сәйкес, сот орындаушысы заңда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде туындаған мәселелер бойынша қажеттi ақпаратты, түсiнiктемелер мен анықтамаларды өтеусіз алуға құқылы. Бұл ретте жеке және заңды тұлғалар оларды дереу, ал арнайы құжаттарды өңдеудi, дайындауды талап ететiн жағдайларда үш жұмыс күнінен кешіктірмей сот орындаушысына беруге мiндеттi. Заңнын 128 - бабына сәйкес, сот орындаушысының заңды талаптары барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін өзі басқару органдары, азаматтар мен ұйымдар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мүлтіксіз орындалуға тиіс. Сот орындаушысының заңды талаптарын орындамау, сондай-ақ сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі функцияларды жүзеге асыруына кедергі келтіру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
Заңның 127 - бабына сәйкес, өндiрiп алушы немесе борышкер сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындау жөнiндегi шешiмiне және әрекетiне (әрекетсiздiгiне) немесе осындай әрекеттер жасаудан бас тартуына сотқа шағым жасауы мүмкiн. Шағым сотқа Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен берiледi.
Атқарушылық іс бойынша өндіріп алушы «Жилой Комплекс Абсолют» мүлік иелерінің бірлестігі, ал борышкер «Добро пожаловать» тұрғын үйқұрылыс кооперативі болып табылады.
«Мемсараптама» РМК атқарушылық іс жүргізу бойынша тарап болып табылмайды, яғни Заңның 127-бабына сәйкес ЖСО іс-әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану құқығы берілмеген, осыған байланысты талап қоюды ұсынуға құқы жоқ. ЖСО-ның қабылданған қаулысымен талап қоюшының заңды мүдделері бұзылмаған.
ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігі 4) тармақшасына сәйкес, егер арызға қол қоюға немесе оны ұсынуға өкілеттіктері жоқ адам қол қойса сот (судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Кассациялық сот, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың ұйғарымдарын заңды және негізді деп санайды, өйткені талап қоюшының ЖСО-ның қабылданған қаулысымен талап қоюшының заңды мүдделері бұзылмаған.
Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал оның жауапкердің тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық сатыдағы сотардың ұйғарымдарының күшін жоюға, сөйтіп, кассациялық шағымды қанағаттандыруға еш негіз жоқ.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 8 қаңтардағы ұйғарымы, Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 ақпандағы ұйғарымы осы іс бойынша өзгеріссіз қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е. Нұралиев Л. Кудекова
Судьялар
Ш.Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.