№6003-25-00-2к/3871
№6003-25-00-2к/3871(2)
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 20 қаңтар Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева, прокурор Н.А.Молдахановтың,
талап қоюшының өкілі С.К.Усеновтың, жауапкердің өкілі Н.Х.Усюпбековтың, үшінші тұлғалар «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі А.М.Киізбайдың, «КАС-бетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі А.К.Акылбектің, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының Түлкібас аудандық тіркеу және кадастр бөлімінің өкілі А.А.Манатовтың, Түлкібас ауданының әкімінің өкілі С.С.Бердібектің қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында,
талап қоюшы «Түлкібас ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Жер қатынастар бөлімі) жауапкер «Береке-Қызыл-ту» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі -ЖШС) 2023 жылғы 1 шілдедегі №30 жер телімін жалға беру туралы шартты жарамсыз деп тану туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшы Жер қатынастары бөлімінің және үшінші тұлға «КАС-бетон» ЖШС-нің Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымдары бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Жер қатынастар бөлімі жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы және прокурордың апелляциялық өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы мен үшінші тұлға «КАС-бетон» ЖШС кассациялық шағымдарында жергілікті соттар ұсынылған дəлелдемелерге біржақты баға бергенін, материалдық жəне процестік құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа
шешім қабылдауды сұрайды.
Іске қатысушы тұлғалардың түсініктемелерін, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, азаматтық істің құжаттары мен кассациялық шағымдардың уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты сот актілерін күшінде қалдыру қажет деп табады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Азаматтық істің құжаттарымен келесі мән-жай анықталған.
Түлкібас аудан әкімінің 2003 жылғы 22 сәуірдегі №302 қаулысымен (бұдан әрі - № 302 қаулы) «Береке-Қызыл-ту» ЖШС-не Түлкібас ауданы, Састөбе поселкісі округінің аумағындағы ауданның арнайы жер қорынан ауылшаруашылық өнімдерін өндіру үшін барлығы 200,0 гектар жер учаскесі 49 жыл мерзімге жалға беріліп, көлемі 191,3 гектар жер учаскесіне кадастрлық №19-300-069-829 сәйкестендіру актісі рәсімделіп, 2003 жылғы 18 шілдеде № 3834 жер учаскесін жалға беру туралы үлгілік шарт жасалған.
2011 жылы «Береке-Қызыл-ту» ЖШС 12,0 гектар жер учаскесінен бас тартуына байланысты ауданның арнайы жер қорына алу туралы Түлкібас ауданы әкімдігімен 2011 жылғы 1 маусымда №339 (бұдан әрі - № 339 қаулы) қаулы қабылданған.
Содан кейін, «Береке-Қызыл-ту» ЖШС-нің №19-300-069-829 көлемі 191,3 гектар жер учаскесі екіге бөлініп, көлемі 44,5 гектар жер учаскесіне кадастрлық №19-300-072-036 (бұдан әрі - №1 жер учаскесі) және көлемі 131,0113 гектар жер учаскесіне кадастрлық №19-300072-037 (бұдан әрі - № 2 жер учаскесі) екі сәйкестендіру актілері рәсімделген.
2019 жылғы 22 тамызда Жер қатынастары бөлімі мен «Береке-Қызылту» ЖШС арасында көлемі 44,5 гектар кадастрлық №19-300-072-036 және көлемі 131,0113 гектар кадастрлық №19-300-072-037 жер учаскелерін 33 жылға жалға беру туралы № 41 шарт жасалған.
2023 жылғы 6 сәуірде «Береке-Қызыл-ту» ЖШС «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалының Түлкібас аудандық тіркеу және кадастр бөліміне (бұдан әрі - тіркеу және кадастр бөлімі) жүгініп № 1 және № 2 жер учаскелерін бастапқы қалпына келтіре отырып, жаңа сәйкестендіру актісін шығару туралы арызданған.
2023 жылғы 22 тамызда № 1 және № 2 жер учаскелері біріктіріліп, көлемі 187,5113 гектар кадастрлық №19-300-072-044 жер учаскесіне (әрі қарай - даулы жер учаскесі) жаңа сәйкестендіру актісі рәсімделген.
2023 жылғы 1 шілдеде талап қоюшы мен жауапкер арасында даулы жер учаскесіне қатысты жалға беру туралы № 30 шарт (бұдан әрі - даулы шарт) жасалған.
«Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесімен (әрі қарай - Депаратмент) «КАС-бетон» ЖШС-нің арызы негізінде 2024 жылғы 14 қазанда № 259 тексеруді тағайындау туралы акті қабылданған.
2024 жылғы 22 қазандағы № 216 тексеру қортындысында даулы шарт жасалған кезде заң талаптары бұзылып, жауапкерге жер учаскесін жалға беру құқығы сауда-саттықсыз (аукционсыз) жүзеге асырылғандықтан, даулы шарттың күшін жою және заң бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға жауапкершіліктерін қарау туралы акт жасалған.
Департаментпен тексеру нәтижесі бойынша Жер қатынастар бөліміне Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзышылықтарды жою туралы 2024 жылғы 22 қазанда № 193 нұсқама (әрі қарай - №193 нұсқама) берілген.
Жер қатынастар бөлімі талап қоюында жауапкермен жасалған даулы шарт заң талаптарына сәйкес келмейтінін көрсеткен.
Бірінші сатыдағы сот Жер қатынастары бөлімі Қазақстан Республикасы заңнамасының, заңды тұлға жарғысының талаптарын және құзыретiн бұзатынын біле тұра даулы шартты әдейі жасағандықтан, мәмiленi жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы жоқ болғандықтан талап қою қанағаттандырудан бас тартылуға жатады деген тұжырымға келген. Соттың бұл тұжырымымен апелляциялық сот толықтай келіскен.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (әрі қарай - АК) АКнің 380-бабына сай, азаматтар және заңды тұлғалар шарт жасасуға ерікті.
АК-нің 158-бабы 3-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасы заңнамасының, заңды тұлға жарғысының талаптарын не оның органдарының құзыретiн бұзатын мәмiленi әдейі жасасқан адам, егер мұндай талап пайдакүнемдiк уәждерден немесе жауаптылықтан жалтару ниетiнен туындаса, мәмiленi жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы емес. Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 147,148-баптарының талаптарына сәйкес, орталық уәкілетті орган осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құзыреті шегінде жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды ұйымдастырады және жүргізеді.
Аумақтық бөлімшелер жердің пайдаланылуы мен қорғалуына, атап айтқанда: облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің Қазақстан Республикасының жер заңнамасы саласында қабылдаған шешімдерінің заңдылығына; облыстардың, республикалық маңызы
бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың уәкілетті органдарының жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары бойынша қабылдаған шешімдерінің заңдылығына мемлекеттік бақылауды жүргізеді.
Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзу салдарынан келтірілген залалды өтеу, мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан және игерілмеген не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жүрген жер учаскелерiн мәжбүрлеп алып қою, жер учаскелерін беруге, нысаналы мақсатын өзгертуге, алып қоюға, мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты құқыққа сыйымсыз шешімдердің күшін жою, сондай-ақ жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы берген нұсқамаларын осы нұсқама берілген тұлғалар нұсқамада көрсетілген мерзімде орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайларда оларды орындау және жеке тұлғалардан, лауазымды адамдар мен заңды тұлғалардан айыппұл өндіріп алу мәселелері бойынша сотқа талап қоюды дайындауға және беруге құқығы бар.
Департаменттің Жер қатынастары бөліміне жолдаған №193 нұсқамасында тараптар арасында Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 43, 43-1 және 48-бабының талаптарын бұзатын даулы шарт жасалғаны, яғни даулы жер учаскесіне жауапкер «Береке-Қызыл-ту» ЖШС-не жалға беру құқығы сауда-саттықсыз (аукционсыз) жүзеге асырылғаны көрсетілген.
АК-нің 157-бабы 3-тармағына сәйкес, мүдделі тұлғалар, тиісті мемлекеттік орган не прокурор мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоюы мүмкін. Көрсетілген мәмілені жасау нәтижесінде құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған немесе бұзылуы мүмкін тұлға мүдделі тұлға болып табылады. Мәмілені жарамсыз деп тануға талап қою құқығы бар тұлғалардың тізбесі осы Кодексте және (немесе) өзге де заңнамалық актілерде белгіленеді.
Жоғарыда көрсетілгендей Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 147,148-баптарының талаптарына сәйкес мұндай талап қоюмен сотқа жүгіну құқығы Департаментке жүктелген.
Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттар Жер қатынастар бөлімі бұл іс бойынша тиісті талап қоюшы болып табылмайды деген негізді тұжырым жасаған.
Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Талап қоюшы мен үшінші тұлғаның іс бойынша анықталған мәнжайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе
өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 10 сәуірдегі шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы «Түлкібас ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің және үшінші тұлға «КАС-бетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.