ВС РК - Постановление от 28.05.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2511 (Административное)

6001-24-00-6ап/2511

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 28 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші - судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар - Ш.Т. Даниярова, Г.К.Нұрбаев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Фарида Едильбаевна Кабатаеваның жауапкер «Талдықорған қаласының тұрғын үй қатынастары жəне тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне тұрғын үй алу кезегін 2021 жылдың 24 желтоқсанынан бастап «жасы бойынша зейнеткерлер» санаты бойынша қалпына келтіру туралы əкімшілік ісі бойынша,

Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік соты 2023 жылғы 26 маусымдағы шешіміне, Жетісу облыстық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 наурыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен əкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Ф.Е.Кабатаева сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп «Талдықорған қаласының тұрғын үй қатынастары жəне тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің əрекеттерін даулаған. Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2023 жылғы 26 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Сот шешіміне сəйкес «Талдықорған қаласының тұрғын үй қатынастары жəне тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі Фарида Едильбаевна Кабатаеваны мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж тұлғалар қатарында 2021 жылдың 24 желтоқсанынан бастап «жасы бойынша зейнеткерлер» санаты бойынша қалпына келтіруге міндеттелген.

Жетісу облыстық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші жəне апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып істі мəні бойынша қарау үшін апелляциялық саты сотына жіберуді сұраған. Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан əрі – сот алқасы) отырысына келмеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рəсімдік-процестік кодексінің (бұдан əрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сəйкес əкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан əрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау жəне кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тəртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, талап қоюшы Ф.Е.Кабатаева 2005 жылдың 19 шілдесінен бастап «Талдықорған қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінде тұрғын үйге мұқтаж ретінде «тұрмыс жағдайы төмен отбасы» деген санатта кезекте тұрған.

2016 жылдың 24 қарашасында берілген анықтамаға сай оның осы кезектегі реттік нөмері №65 болған.

Осыдан кейін, 2022 жылдың 7 сəуірінде уəкілетті орган тұрғын үй кезегінде тұрғандардың тізіміне тексеру-түгендеу жүргізіп, оның қорытындысы бойынша тұрғын үй кезектерінің саны 19-дан 6-дейін біріктіріліп, қысқартылған. Нəтижесінде, талап қоюшы Ф.Е.Кабатаеваның тұрған «тұрмыс жағдайы төмен отбасы» деген санат тиісті заңмен қарастырылмағандықтан, оны «жасына қарай зейнеткер» деген санаттағы кезекке қойған.

Ф.Е.Кабатаева үй кезегінің санатын ауыстырудағы уəкілетті органның əрекетімен келіспей, жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар, «тұрмыс жағдайы төмен отбасы» деген санат көзделмегендіктен талап қоюшы «жасына қарай зейнеткер» деген санатқа ауыстырылуға жатады деп уəждеп, талап қоюды қанағаттандырған.

ӘРПК-нің 5-бабының екінші бөлігіне сəйкес əкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау жəне қалпына келтіру мақсатында əкімшілік істерді əділ, бейтарап жəне уақтылы шешу болып табылады. ӘРПК-нің 7-бабында белгіленген заңдылық қағидатына сəйкес əкімшілік орган, лауазымды адам əкімшілік рəсімдерді өз құзыреті шегінде жəне Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске жəне Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сəйкес жүзеге асырады.

ӘРПК-нің 13-бабының 1-бөлігіне сай, əкімшілік рəсімге қатысушының əкімшілік органның, лауазымды адамның қызметіне сенімі Қазақстан Республикасының заңдарында қорғалады.

«Тұрғын ұй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан əрі - Заң) 68-бабында халықтың əлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын азаматтар тізбесі көрсетілген.

Уəкілетті орган талап қоюшы Ф.Е.Кабатаеваны 2005 жылдың 19 шілдесінен бастап «тұрмыс жағдайы төмен отбасы» деген санаттағы кезекке қойған. Кейіннен, Ф.Е.Кабатаеваны «жасына қарай зейнеткер» деген санаттағы кезекке 2022 жылдың 7 сəуірінен бастап ауыстырған.

Себебі, жергілікті соттармен анықталғандай, Заңның 67-69баптарында «тұрмыс жағдайы төмен отбасы» деген санат көзделмеген, бұндай санат 2005 жылдары қолданыста болған заңдармен де көзделмеген. Демек, уəкілетті органның Ф.Е.Кабатаеваны бастапқыда, яғни 2005 жылы 19 шілдесінде «тұрмыс жағдайы төмен отбасы» деген санатпен тұрғын үй кезегіне қою қате болып табылады

Осыған байланысты, жергілікті соттар талап қоюшының аталған уəждерін негізді деп дұрыс бағалаған.

Жоғарыдағылар негізінде, сот алқасы жергілікті соттардың жауапкердің əрекеттерін заңсыз деп танып, талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымдары заңды əрі негізді деп есептейді. АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сəйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сəйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дəлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уəждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уəждеріне дауланған сот актілерімен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дəлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды жəне істің мəнжайларына сəйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын жəне АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік соты 2023 жылғы 26 маусымдағы шешімі, Жетісу облыстық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 28 наурыздағы қаулысы өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Б.Дуйсенбаев Судьялар Ш.Т.Даниярова Г.К.Нұрбаев Көшірмесі дұрыс Судья Г.К.Нұрбаев

Көшірмесі дұрыс Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.