№6003-25-00-2к/4678 4678(2)
Қ А У Л Ы
2026 жылғы 23 ақпан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов болып, прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшы Е.Қ.Қайрақбаевтың, жауапкер өкілдері С.А.Мырзабековтың, Р.М.Сләмханның, Е.М.Айқымбековтың қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы, ашық сот отырысында, Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 қыркүйектегі қаулысына жауапкерлердің кассациялық шағымымен түскен,
талап қоюшы Еркін Қасенұлы Қайрақбаевтың жауапкерлер «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне, Зайсан ауданы әкіміне шешім мен өкімді заңсыз деп танып күшін жою туралы электрондық азаматтық ісін қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Е.Қ.Қайрақбаев сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, онда заңсыздығына байланысты «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің Шығыс Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің (бұдан әрі - ӘЖК) 2025 жылғы 21 қаңтардағы №5 шешімі мен Зайсан ауданы әкімінің (бұдан әрі - Әкім) 2025 жылғы 27 қаңтардағы №12-к «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы өкімінің күшін жоюды сұраған.
Зайсан аудандық сотының 2025 жылғы 27 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 қыркүйектегі қаулысымен сот шешімінің күші жойылған, Әкімнің 2025 жылғы 27 қаңтардағы №12-к өкімі заңсыз деп танылып күші жойылып, талап қоюдың ЭЖК-тің 2025 жылғы 21 қаңтардағы №5 шешімін заңсыз деп танып күшін жою жөніндегі бөлігі бойынша азаматтық іс жүргізу тоқтатылған.
Сот шешімінің күші жойылып, жаңа шешім шығарылуына апелляциялық сатыдағы соттың талап қоюшыға тәртіптік жаза қолдану мерзімі өтіп кеткені және ӘЖК-нің шешімі азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен даулануға жатпайтындығы жөніндегі тұжырымға келуі негіз болған.
Жауапкерлер кассациялық шағымдарын, сот түйіндерінің істің мәнжайларына сәйкес келмеуіне, материалдық құқық нормаларының дұрыс
қолданылмауына, тәртіптік жазаның заңда көзделген мерзімде қолданылғанына негіздеп, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін, прокурордың шағым уәждерін қолдаған қорытындысын тыңдап, кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде сот актiсінің заңдылығын тексерiп, талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
АПК-тің 76-бабының 8-бөлігінің талабына сәйкес, әкімшілік іс бойынша соттың заңды күшіне енген шешімімен белгіленген әкімшілік актінің заңсыздығы осы акт заңсыздығының азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарау кезінде қайтадан дәлелденбейді.
Соттармен анықталған мән-жайларға қарағанда, Б.М.Тамтыковтың Зайсан ауданының әкімінің «Қайсар» шаруа қожалығын жүргізу үшін жер учаскесін жалға беру туралы, 2023 жылғы 1 тамызда қабылданған №549 қаулысын заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісінің қаралуы қорытындысымен, Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотымен 2023 жылғы 2 қарашада «Зайсан ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Е.Қ.Қайрақбаевқа қатысты анықталған заң бұзушылықтарға шара көру жөнінде жеке ұйғарым шағарылған.
Жеке ұйғарым Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 29 қазандағы қаулысымен заңды күшіне еніп, жауапкерлерге орындау үшін 2024 жылғы 19 қарашада жолданған.
Сондықтан Е.Қ.Қайрақбаевпен мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасалғаны заңды күшіне енген сот актісімен анықталғандықтан, оның азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарау кезінде ол қайтадан дәлелденуге жатпайды.
Жеке ұйғарымға байланысты Е.Қ.Қайрақбаевқа қатысты 2024 жылғы 26 қарашада тәртіптік іс қозғалып, қызметтік тергеп тексеру тағайындалған. Тәртіптік іс қажетті құжаттар мен ақпараттар алынғанға дейін 2024 жылғы 27 қарашада тоқтатылған.
2024 жылғы 25 желтоқсанда тәртіптік іс жаңғыртылып, 2024 жылғы 27 желтоқсанда қайта тоқтатылған.
2025 жылғы 10 қаңтарда сұрау хаттарға жауаптар түскендіктен тәртіптік іс жалғастырылып, қорытындысы 21 қаңтарда ӘЖК-те қаралған.
ӘЖК-тің 2025 жылғы 21 қаңтардағы №5 шешімімен Әкімге Е.Қ.Қайрақбаевқа «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазасын қолдану ұсынылған.
Әкімнің 2025 жылғы 27 қаңтардағы №12-к өкімімен Е.Қ.Қайрақбаевқа осы тәртіптік жазасы берілген.
Аталған мән-жайлар іс құжаттарымен расталған және тараптармен дауланбаған.
Өз кезегінде, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының ы 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V Заңының 45-бабының 2 және 4–тармақтарының талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін осы Заңда көзделген тәртіптік жаза терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және оны терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолдануға болмайды.
Тәртіптік жауаптылық туралы мәселені қарау және тәртіптік жазаны қолдану мерзімінің өтуі осы баптың 3-тармағында көрсетілген жағдайларда, қылмыстық іс бойынша іс жүргізу не әкімшілік іс жүргізу кезеңінде, сондай-ақ мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жауаптылығы мәселесін шешуге әсер ететін сот актісі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
Е.Қ.Қайрақбаевқа қатысты тәртіптік істің қозғалуына тек соттың жеке ұйғарымы негіз болғандықтан, бұл сот актісінің заңды күшіне енуі оның тәртіптік жауаптылығы мәселесін шешу үшін тікелей әсері болған.
Е.Қ.Қайрақбаевпен тәртіптік теріс қылық 2023 жылғы 27 шілдеде жасалған, соттың оған қатысты 2023 жылғы 2 қарашада шығарылған жеке ұйғарымы 2024 жылғы 29 қазанда заңды күшіне еніп, орындауға 19 қарашада жолданған, даулы тәртіптік жаза 2025 жылғы 27 қаңтарда қолданылған.
Бұл тұрғыда, Әкіммен талап қоюшыға тәртіптік жаза анықталған күннен бастап үш айдың ішінде және терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдың ішінде қолданылған.
Сондықтан апелляциялық сатыдағы сотпен материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағандықтан, сот актісі өзгертіліп, бірінші сатыдағы сот шешімі бұл бөлікте өзгеріссіз қалдырылуға, кассациялық шағымдар қанағаттандырылуға тиіс.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 8)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 4 қыркүйектегі қаулысы өзгертілсін.
Қаулының Зайсан ауданы әкімінің міндетін атқарушысы Д.Сериковтың 2025 жылғы 27 қаңтардағы №12-к Еркін Қасенұлы Қайрақбаевқа «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» өкімін заңсыз деп танып күшін жою
туралы бөлігінің күші жойылып, Зайсан аудандық сотының 2025 жылғы 27 маусымдағы шешімі бұл бөлігінде өзгеріссіз қалдырылсын. Қаулының қалған бөлігі күшінде қалдырылсын. Кассациялық шағымдар қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова Судьялар А.Есдаулетов Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.