6001-23-00-6ап/3260
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 23 мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Г.К. Нұрбаев болып,
талап қоюшының өкілі Н[...] қатысуымен,
талап қоюшы Д[...], Ж[...], Т[...] жауапкерлер Атырау қаласының әкіміне, Атырау облысының әкіміне, «Атырау қаласы мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесіне Атырау қаласының Жұлдыз елді мекеніне орталық кәріз, дренаж және нөсерлік жауын жүйелерінің құрылысына жобалау сметалық құжаттамасын жасауды, жүйелердің құрылысына жергілікті бюджетпен қаражат бөлуін мәслихатқа ұсыныс жасауды және жүйелерін жүргізуді міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 мамырдағы шешімі мен Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 3 қазандағы қаулысына талап қоюшының өкілі келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшылар сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген. Атырау облысының мамандандырылған ауданарық әкімшілік сотының 2023 жылғы 2 мамырдағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылудан бас тартылған.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 3 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі Н[...] кассациялық шағымда іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сот алқасы, талап қоюшының кассациялық шағымды қолдаған уәждерін, тыңдап, әкімшілік іс материалдарын зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.
Іс құжаттарынан анықталғандай, Жұлдыз мөлтек ауданының 678 тұрғыны Қазақстан Республикасының П[...] атына жолдаған 2022 жылғы 21 қазандағы ЖТ-2022-02550276/1 санды өтінішінде Атырау қаласы, [...] орталық кәріз жүйесін, көшелерге арық жүргізіп, халықтың жағдайын жасауды сұраған.
Талап қоюшылардың осы өтінішіне және осыған ұқсас бірнеше өтініш хаттарына жауапкерлер тарапынан Атырау қаласы, Қайыршақты ауылдық округі, Томарлы селосына орталық кәріз жүйесін жүргізу үшін алынған шаралар туралы мәселелердің қаралып жатқанын, аталған мәселе бойынша ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен қаражат көзі қарастырылмағанын, бірақ аталған мекен жайға жобалау-сметалық құжаттамаларын жасақтауды қажет ететін нысандардың тізіміне енгізілгенін, жобалау-сметалық құжаттамалары жасақталғаннан кейін және мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынған жағдайда, жергілікті бюджеттен қаражат көзінің бөлінуіне орай аталған мәселе шешілетінін мәлімдеген тиісті хаттар жолданған.
Бұл жауап хаттармен келіспеген талап қоюшылар уәкілетті органдардың әрекетсіздігінен жер асты суының көтерілуі мүмкін екенін, салдарынан болатын сыздың әсерінен тұрғындардың үйлері құлап қалу қаупі туындап отырғанын негіздеп сотқа жүгінген.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының (әрі қарай- Заң) 47-бабының 1 және 2-бөлігінде көзделгендей, елдi мекендердiң аумақтарын дамыту және оған құрылыс салу белгiленген тәртiппен бекiтiлген бас жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылады. Елдi мекендердiң бас жоспары қаланы, кенттi, ауылды не басқа да қонысты дамытуды кешендi жоспарлауды айқындайтын және аумақты ұйымдастырудың бекiтiлген бас схемасы мен аймақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасына сәйкес әзiрленетiн негiзгi қала құрылысы құжаты болып табылады.
Заңның 60-бабының талабы бойынша объектілердің және олардың кешендерінің құрылысы (реконструкциялау, қалпына келтіру, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу), сондай-ақ коммуникацияларды төсеу, аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру және көгалдандыру белгіленген тәртіппен бекітілген егжейтегжейлі жоспарлау жобаларына, елді мекеннің бас жоспары негізінде орындалған құрылыс салу жобасына (немесе тұрғындарының саны бес мың адамға дейінгі елді мекендерді дамытудың және құрылыс салудың оларды алмастыратын схемасына) сәйкес әзірленген жобалау (жобалау-смета) құжаттамасы бойынша жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 75-бабына сәйкес, жергілікті бюджеттің жобасы мәслихаттың тұрақты комиссияларында және сессиясында қаралады. Жергілікті бюджеттен жүргізілетін жұмыс үшін қаражат көзі мәслихаттың тұрақты комиссияларында шешіледі. Жергілікті атқарушы орган ұсыныс енгізеді.
Соттармен анықталғандай, «Қалалық құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі ұсынған 2023 жылғы 14 наурыздағы жобалау-сметалық құжатында Жұлдыз ықшам ауданы бойынша кәріз жүйесін жүргізу жүмыстарының бағасы 40 813 708 теңге болатыны көрсетілген, яғни жергілікті атқарушы органдармен бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқаны көрінеді.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, Жұлдыз ықшам ауданына кәріз жүйесін жүргізу үшін жобалау сметалық құжаттамаларын жасақтау, жергілікті бюджеттен қаражат көзін қарастыру жұмыстары алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар болып табылатынын, жергілікті бюджеттен жүргізілетін жұмыс үшін қаражат көзі мәслихаттың тұрақты комиссияларында шешілетінін, жергілікті атқарушы орган ұсыныс енгізетінін, яғни қазіргі кезде жұмыстар жүргізіліп жатқанын, аталған талап қою мерзімінен бұрын беріліп отыр деген тұжырымға келген.
Алайда, төменгі сатыдағы соттардың бұл тұжырымы ертерек қабылданған, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымын дұрыс айқындалмаған. Іс құжаттарына сәйкес, Жұлдыз ықшам ауданына кәріз жүйесін жүргізу мәселесі Атырау қаласының бас жоспарында көрсетілгенімен, онда кәріз жүйесін жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттамаларын жасақтау, жергілікті бюджеттен қаражат көзін қарастыру жұмыстары көрсетілмеген, ол жұмыстарды жүргізу жауапкер - қала әкіміне жүктелген. Яғни, жауапкер қала әкімі кәріз жүйесін жүргізу үшін жобалаусметалық құжаттамаларын жасақтауға құқылы екеніне тиісті құқықтық баға берілмеген.
Сонымен қатар, жергілікті соттар «Атырау қаласы Мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесін өз қалауымен жауапкер ретінде көрсеткен, алайда, жергілікті соттар осы дәлелдемелердің барлығын жан-жақты зерттемей, тиісті баға берілмеген.
ӘРПК-нің 8-бабының 1-ші және 2-ші тармақтарына сәйкес сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мәнжайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті. Егер заңда тиісті мәселелерді соттың шешетіні көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын негізге алып шешуге міндетті. ӘРПК-нің 16-бабына сәйкес судья белсенді рөлін атқару міндетті.
Істі жаңадан қарағанда орын алған кемшіліктерді жойып, тараптардың ұсынған дәлеледемелерін толық және жан-жақты зерттеп, оларға тиісті құқықтық баға беріп, ӘРПК қағидаттарына сәйкес белсенділік таныта отырып анықталған мән-жайларға байланысты заңды шешім қабылдау қажет. ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігін және АПК-нің 451-бабының 2- бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 3 қазандағы қаулысының күші жойылып, апелляциялық сатыға қайта қарауға жолдансын.
Талап қоюшының өкілі Н[...] кассациялық шағымы ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев
Судьялар
Ғ.Ө. Әлжанов
Г.К. Нұрбаев Г.Б. Дуйсенбаев
Көшірмесі дұрыс. Судья
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.