ВС РК - Постановление от 11.04.2019 по делу 6001-19-00-6КГ/9 (Об административном правонарушении)

6кг-9-19

Қ А У Л Ы

2019 жылғы 11 сәуір Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья А. Қыдырбаева,

судьялар М. Балкен, Н. Жолдасбеков,

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Департаментінің прокуроры Т[...],

2019 жылғы 8 сәуірдегі сенімхаттың негізінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қызылорда облысының полиция департаментінің өкілі С[...] қатысуымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының 2018 жылғы 25 тамыздағы және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 20 желтоқсандағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығымен келіп түскен

Б[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 608-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

2018 жылғы 25 тамызда шығарылған Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының қаулысымен әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты Б[...] қатысты ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы сот ісін жүргізу тоқтатылған. Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың актісі өзгеріссіз, прокурордың апелляциялық өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды ұсынады.

Наразылықтың дәлелдерін қолдаған Қызылорда облысы полиция департаментінің өкілі С[...] Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық соты және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қаулыларының күшін жою арқылы және істі қайта

қарауға тиіс деп пайымдаған прокурордың қорытындысын тыңдап, алқа мынадай тұжырымға келді.

ӘҚБтК-нің 840-бабы 1-бөлігіне сәйкес сот қаулысының күшiн жоюға не оны өзгертуге және қаулы шығаруға мыналар: судьяның сот қаулысында жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, прокурордың апелляциялық өтінішхатын қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi; әкiмшiлiк жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы; осы Кодекстiң процестік нормаларының елеулi түрде бұзылуы; қаулымен қолданылған әкiмшiлiк жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кiнәлiнiң жеке басына немесе заңды тұлғаның мүлiктiк жағдайына сәйкес келмеуi негіздер болып табылады.

Іс құжаттарына сәйкес жүргізуші Б[...] 2018 жылғы 22 маусымда Жаңақорған [...] бойында мемлекеттік белгісі [...] «Toyota Camry» маркалы автокөлігімен қарсы бағытта келе жатқан И[...] басқаруындағы мемлекеттік белгісі N [...] «Volkswagen Passat» маркалы автокөлігін соғып, материалдық залал және И[...] денсаулығына орта дәрежелі, кәмелетке толмаған А[...] денсаулығына ауыр дәрежелі зиян келтірген.

Осы факті бойынша Б[...] әрекетінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің (бұдан әрі - ҚК) 345-бабының 2- бөлігінде көзделген қылмыс құрамының бар екені бекітілген. Бұдан әрі, ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес жәбірленушілермен татуласуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулы қабылданған.

Осыған байланысты полиция Б[...] қатысты ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігімен хаттама толтырған. Сот әкімшілік істі тоқтату негізі ретінде Б[...] әрекеті ҚК-нің 345-бабының 2-бөлігінің диспозициясымен қамтылатыны, қылмыстық іс татуласуға байланысты тоқтатылғаны, құқық бұзушылық құрамы жоқтығы туралы тұжырым жасаған.

Алайда, соттың істе әкімшілік құқық бұзышылықтың құрамы жоқ деген тұжырымы негізсіз.

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры орынбасарының наразылығында іс бойынша іс жүргізуді тоқтату заңсыздықтың негіздемесі ретінде Б[...] әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін іс материалдарында дәлелдемелердің болуы туралы дәлел келтірілген. Наразылық дәлелдерінің негізділігі мыналармен расталады.

ҚК-нің 345-бабының 2-бөлігіне сәйкес автомобильдi басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан бұзуына байланысты қылмыстық жаупкершелік көзделген.

Сонымен бірге, төменгі сатыдағы соттар мыналарды ескермеген. ҚК-нің 345-бабының диспозициясы жүргізушінің көлік құралдарын бүлдіруге әкеп соққан, алкогольдік масаң күйде көлік құралын басқаруынан көрінген құқыққа қарсы әрекетті қамтымайды. Осыған байланысты төменгі сатыдағы соттардың Б[...] іс-әрекетінде ӘҚБтК-нің 608-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамының жоқтығы туралы тұжырым мерзімінен бұрын болып табылады.

ӘҚБтҚ-тің 822-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс бойынша қаулы заңды және негізделген болуы тиіс.

Жоғарыда айтылғандар сот істі қарау кезінде заңды сақтамағандығын білдіреді, осыған орай, ӘҚБтК-нің 839-бабы 1-бөлігінің 4-тармағы негізінде Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық соты және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қаулыларының күші жойылуға жатады.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 3-бөлігі бойынша Б[...] қатысты қабылданған Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық сотының 2018 жылғы 25 тамыздағы және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 20 желтоқсандағы қаулыларының күші жойылып, іс бойынша іс жүргізуді қайта қозғап, бірінші сатыдағы сотқа өзге құрамда қайта қарау үшін жолдансын.

Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші А. Қыдырбаева

Судьялар

М. Балкен

Н. Жолдасбеков

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.