ҚАУЛЫ
2023 жылғы 2 ақпан 6001-22-00-6ап/1847 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының өкілі
Е.Е.Көшербаевтың,
талап қоюшы Ж[...], жауапкер Мақтаарал ауданы әкімінің өкілі – М[...], мүдделі тұлғалар:
А[...] өкілі – Т[...],
«Мақтаарал ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (ММ) өкілі – Ә[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейне-конференцбайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы Ж[...] жауапкер Мақтаарал ауданының әкіміне қаулылардың бөлігін заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облысының Мақтаарал аудандық сотының 2022 жылғы 12 қаңтардағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 шілдедегі қаулысына мүдделі тұлға А[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшылар жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Түркістан облысының Мақтаарал аудандық сотының 2022 жылғы 12 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.
Түркістан облысы, [...] әкімдігінің 2015 жылғы 29 мамырдағы №641 қаулысының Ж[...] берілген Достық ауылдық округінен ауыл шаруашылық мақсатындағы ауданы 2,84 гектар, кадастрлік нөмірі [...], жер учаскесін ауданның арнайы жер қорына енгізу бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Түркістан облысы, [...] әкімдігінің 2015 жылғы 8 қыркүйектегі №990 қаулысының А[...] берілген 7,54 гектар, кадастрлік нөмірі №[...] санды жер учаскесінен 2,76 гектар жер учаскесін бөліп беру туралы бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Мақтаарал ауданының ауыл шаруашылық және жер қатынастары бөлімі мемлекеттік мекемесі мен А[...] арасында жасалған жер учаскесін жалға беру туралы 2015 жылғы 14 қыркүйектегі №598 шарты заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Мүдделі тұлға А[...] кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, жаңа шешім шығаруды сұраған.
Талап қоюшы Ж[...] өзінің қарсы пікірінде кассациялық шағымды қанағаттандырусыз және сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.
Мүдделі тұлға өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшының шағыммен келіспеген пікірлерін, жауапкер мен мүдделі тұлға өкілдерінің түсінідірмелерін, прокурордың сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша жергілікті соттар тарапынан мұндай кемшіліктерге жол берілмеген.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2002 жылғы 7 қаңтардағы Мақтарал ауданы Әкімиятының қаулысымен Ж[...] отбасына тиесілі 2,84 гектар суармалы жер «Достық» селолық округі аймағындағы «ЕБ[...]» шаруа қожалығының жерінен ұзақ мерзімге, 49 жылға уақытша үлестік жер пайдалану құқығымен бөлініп берілген.
Мақтаарал ауданы әкімі мен талап қоюшы Ж[...] арасында 2003 жылғы 17 наурызда №2187 санды, кадастрық нөмірі [...] жер учаскесін жалға беру туралы үлгілік шарт жасалған.
Мақтарал ауданы әкімінің 2015 жылғы 29 мамырдағы №641 қаулысымен бұл жер учаскесі ауданның арнайы жер қорының құрамына енгізілген.
Әкімнің 2015 жылғы 8 қыркүйектегі №990 қаулысы негізінде, конкурстың жеңімпазы ретінде А[...] Достық ауылдық округі аумағындағы ауданның арнайы жер қорынан 7,54 гектар суармалы жер учаскесі уақытша өтеулі ұзақ мерзімге 35 жылға бөлініп берілген және 2,76 гектар жер теліміне кадастрлық нөмірі [...] сәйкестендіру актісі алынған.
«Мақтаарал ауданының ауыл шаруашылық және жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесі және А[...] арасында көлемі 2,76 гектар жер учаскесін жалға беру туралы 2015 жылғы 14 қыркүйектегі №598 шарты жасалған.
Ж[...] сотқа берген талап қоюында өзіне тиесілі жер учаскесін әкімдік оған хабарламастан арнайы жер қорына заңсыз енгізіп, содан соң А[...] рәсімдегендігін көрсеткен.
Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда жауапкердің талап қоюшыға тиесілі жер учаскесін Қазақстан Республикасы Жер кодексінің талаптарын бұза отырып ауданның арнайы жер қорының құрамына енгізген деген тұжырымы негізді болып табылады.
Соттардың уәждері сот актілерінде егжей-тегжейлі көрсетілген.
Кассациялық шағым иесінің Ж[...] сотқа талап қою мерзімін өткізіп алған деген уәжі де негізсіз.
ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сай дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі. Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.
Әкімшілік рәсімге қатысушысы болып табылатын Ж[...] Әкімдік оған қатысты әкімшілік актінің көшірмесін табыстамаған немесе ондай актінің қабылданғаны туралы назарына жеткізбеген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының Мақтаарал аудандық сотының 2022 жылғы 12 қаңтардағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға А[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.