ВС РК - Постановление от 10.07.2024 по делу 6001-24-00-3ГП/277 (Гражданское)

6001-24-00-3ГП/277

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 10 шілде Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында

төрағалық етуші - алқа төрағасы Н.К.Шәріпов, судьялар Ж.М.Қашқынбаева, Ғ.Ж.Мырзаке, прокурор М[...], талап қоюшы «Маңғыстау облысы әкімдігінің іс басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма, Мекеме, Тапсырыс беруші) өкілі Т[...],

жауапкер «TM-SYSTEMS» Инновациялық Компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі - Серіктестік, Өнім беруші) өкілі А[...], аудармашы Н[...] қатысуымен ашық сот отырысында талап қоюшы Басқарманың жауапкер Серіктестікке:

-2023 жылғы 12 қаңтардағы № 2300010/00 мемлекеттік сатып алу шартын (бұдан әрі - Ш[...]) жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 25 қаңтардағы шешімін, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 наурыздағы қаулысын қайта қарау туралы Серіктестіктің өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Басқарма Серіктестікке жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 25 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған. Д[...] жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары өндірілген.

Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Арызданушы өтінішхатында жергілікті соттардың қабылдаған сот актілерімен келіспей, іс бойынша жасаған тұжырымдарының істің мән-жайына сәйкес келмейтінін, материалдық құқық нормаларының бұзылғанын көрсетіп, даулы сот актілерінің күшін жойып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Сот алқасы жауапкер өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, талап қоюшы өкілінің қарсылығын, прокурордың сот актілерін күшінде қалдыру қорытындысын тыңдап, өтінішхат уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп келесі тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде

бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар тарапынан жол берілген.

Сотпен анықталғандай, Басқарма мен Серіктестіктің арасында жалпы сомасы 21 600 000 теңгеге бір көзден тікелей сатып алу тәсілімен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы Ш[...] жасалған.

Ш[...] №1 қосымшасына сәйкес, Серіктестік 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанын қоса алғандағы мерзімге дейін ақпараттық жүйені қостау және техникалық қолдау көрсету бойынша қызмет көрсетулер, яғни «S[...] интеграцияның әмбебап ішкі жүйесі» бағдарламалық жасақтамасының жұмыс істеуіне техникалық қолдау қызметтері, жаңартулар, кеңестік қолдау көрсетуге міндеттенген.

«Маңғыстау облысы ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі - Департамент) Ш[...] бір көзден сатып алу тәсілімен заңсыз жасалғаны анықталып, 2023 жылғы 13 қарашада Басқармаға аудиторлық есеп нәтижелері бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы жолдаған. Басқарма бір көзден сатып алу тәсілімен жасалған Ш[...] күшін жою туралы шаралар қабылдау мақсатында Серіктестікке Ш[...] өзара келісіммен бұзу жөнінде нұсқама жолдаған.

Талап қоюшы жауапкермен Ш[...] өзара бұзудан бас тартқанын көрсетіп, Ш[...] жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырып, Тапсырыс берушімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың заңмен белгіленген негізгі принциптері мен мақсаттарын бұзып, мемлекеттік сатып алу бәсекелестік рәсімдерімен өткізілмей, Ш[...] тікелей жасау арқылы бір көзден заңсыз жасалған деп тұжырымдаған.

Дегенмен жергілікті соттардың мұндай тұжырымдарымен келісуге болмайды.

«Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысының 5 тармағымен түсіндірілгендей - АПК-нің 224-бабына сәйкес сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс.

Шешiм iс жүргiзу құқығының нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе ұқсас қатынасты реттейтiн заңның қажеттi негiздерiн қолданғанда не азаматтық заңнаманың жалпы бастауларынан және мәнiнен, адалдық, парасаттылық пен әдiлдiк (Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексiнiң (бұдан әрі – АК) 5-бабы және АПК-нің 6-бабы) талаптарынан туындағанда, заңды болып табылады.

Iс үшiн маңызы бар фактiлер, заң талаптарына сай сот отырысында өндiрiлген осы фактiге қатысты жол берiлген және шынайы дұрыс дәлелдермен

құпталса немесе дәлелдеудi қажет етпейтiн жалпыға мәлiм мән-жайларға сәйкес келсе немесе iс бойынша жинақталған дәлелдемелер дауды шешу үшiн жеткiлiктi болса, ондай шешiм негiздi болып саналады.

АПК-нің 412-бабына сәйкес апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша апелляциялық сатыдағы сот істе бар және осы Кодекстің 413-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес ұсынылған материалдар бойынша істің нақты мән-жайларының анықталуының, материалдық құқық нормаларының қолданылуы мен түсіндірілуінің дұрыстығын, сондай-ақ істі қарау мен шешу кезінде азаматтық процестік заң нормаларының сақталуын тексереді.

АПК-нің 413-бабының 1,2-бөліктерінде көрсетілгендей сот істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемде тексередi. Апелляциялық сатыдағы сот істе бар, сондай-ақ, осы Кодекстің 404бабының екінші бөлігіне сәйкес ұсынылған дәлелдемелерге мәлімделген талап қою шегінде баға береді.

Аталған азаматтық процестік нормалары жергілікті соттармен сақталмаған. Соттардың талап қоюдың негізділігі туралы тұжырымдары материалдық және процестік құқығының нормаларын дұрыс қолданбауымен негізделген және іс бойынша анықталған мән жайларға сәйкес келмейді.

Сот даулы Ш[...] жарамсыз танығанын оның мазмұны заң талаптарына сәйкес келмейтінімен, яғни АК-нің 158-бабы 1-тармағымен негіздеген.

Сонымен қатар, АК-нің 158-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы заңнамасының, заңды тұлға жарғысының талаптарын не оның органдарының құзыретiн бұзатын мәмiленi әдейі жасасқан адам, егер мұндай талап пайдакүнемдiк уәждерден немесе жауаптылықтан жалтару ниетiнен туындаса, мәмiленi жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы емес.

Мекеменің талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту үшін жоғарыда келтірген негіздер бар.

Біріншіден, дәл Мекеменің бастамасымен Серіктестікпен мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарына қайшы келетін даулы Ш[...] жасалған. Бұл мән-жай тексеріс нәтижесі бойынша Департаменттің Мекемеге жолдаған нұсқамасымен расталады.

Екіншіден, сотта Серіктестікпен белгілі бір жұмыс көлемі орындалғаны анықталған. Серіктестік Мекемеге жұмыстың аяқталған туралы актіні қол қоюға жолдаған, алайда ол қол қоюдан негізсіз бас тартқан. Мекеменің бұл әрекеттерін алқа Ш[...] бойынша міндеттемелерді орындаудан жалтаруға бағытталған деп санайды.

Осыған байланысты кассациялық сот алқасы Мекеменің өзі жасасқан Ш[...] даулауға құқығы жоқ деген қорытындыға келеді.

«Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының заңының 18-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес мұндай талап қоюмен сотқа жүгіну құқығы Департаментке жүктелген.

Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінішхатта көрсетілген мән-жайлар дәлелін тапты деп санайды. Жергілікті соттардың жіберген кемшіліктері елеулі болып табылады, өйткені бұл кемшіліктер істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан.

Іс бойынша қосымша дәлелдемелерді жинаудың қажет еместігін, даудың мән-жайлары толық анықталғанын, алайда жергілікті соттар материалдық құқық нормаларын түсіндіру және қолдану кезінде қателік жібергенін ескеріп, сот алқасы даулы сот актілерін күшін жойып, іс бойынша талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдау қажет деп санайды. Жауапкер өтінішхат бергенде төленген мемлекеттік баж «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің (Салық кодексі) 108-бабының 4-тармағына сәйкес қайтарылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 25 қаңтардағы шешімінің, Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 наурыздағы қаулысының күші жойылсын.

Іс бойынша «Маңғыстау облысы әкімдігінің іс басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылсын.

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің (Салық кодексі) 108-бабының 4-тармағына сәйкес «TM-SYSTEMS» Инновациялық Компаниясы» ЖШС-не 862 (сегіз жүз алпыс екі) теңге қайтарылсын.

«TM-SYSTEMS» Инновациялық Компаниясы» ЖШС-нің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Н. Шәріпов

Ж. Қашқынбаева

Судьялар

Ғ. Мырзаке

Көшірмесі дұрыс. Судья

Ғ. Мырзаке

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.