6кп-8-24
Қ А У Л Ы
2024 жылғы 27 ақпан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Б.Б. Шермұхаметов,
судьялар Е. Мәукен мен Н.Қ. Құрманғалиевтың, прокурор Т[...],
адвокат В[...],
аудармашы Т[...]
уәкілетті органың өкілдері - Ұ[...] пен А[...] қатысуларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен аудио-бейне жазба құралдарын қолданып, ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен Л[...] (L[...]) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Қ[...] Республикасының азаматы Л[...], 2023 жылдың 25-ні наурызында Қазақстан Республикасының шекарасынан өтіп, «АМС[...]» ЖШС-де инженер болып еңбек қызметін атқаруға заң тәртібімен рұқсатын алған. 2023 жылдың 28 қыркүйегінде Л[...] Байғанин ауданы Ащы ауылдық округіне қарасты Абылайхан шаруа қожалығы маңында көтергіш агрегат [...]техникалық көлігін басқарып жүргізген, яғни визада көрсетілмеген жүргізуші және жұмысшы ретінде еңбек қызметін атқарған.
Осыған байланысты Л[...] қатысты ӘҚБтК-нің 517бабының 5-бөлігімен хаттама толтырылып, іс құжаттары сотқа жіберілген.
Ақтөбе облысы Байғанин аудандық сотының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі қаулысымен Л[...] ӘҚБтК-нің 517-бабының 5- бөлігімен кінәлі деп танылып, оған Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығарып жіберу түріндегі жаза тағайындалған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды көрсетілген.
Ұсынудың қанағаттандыруын қолдаған құқық бұзушының қорғаушысын, қарсылық білдірген уәкілетті органың өкілдерінің түсініктемелерін, ұсыну қанағаттандыруға жатады деген прокурордың қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы келесі тұжырымға келді. ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қарауға: қабылданған қаулыны орындау адамдардың өмірі, денсаулығы үшін не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін болатын; қабылданған қаулы адамдардың белгісіз тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын; қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады. ӘҚБтК-нің 737-бабының талаптарына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша әрбiр iстiң мән-жайларын уақтылы, жан-жақты, толық және объективтi анықтап Кодекстің талаптарына сәйкес шешу, іс жүргізуге қатысушылардың құқықтары мен міндеттерінің іске асырылуын қамтамасыз ету, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау болып табылады. Сот қаулысында көрсетілгендей Қ[...] Республикасының азаматы Л[...] 2023 жылдың 25 наурызында Қазақстан Республикасына келіп, «АМС[...]» ЖШС-де инженер болып жұмыс істеуге рұқсат алған. 2023 жылдың 28 қыркүйегінде Байғанин ауданы Ащы ауылдық округіне қарасты «А[...]» шаруа қожалығының аумағында [...]жүк көтергіш қондырғысын басқарып келе жатқаны үшін ұсталған. Көрсетілген іс-әрекет бойынша полиция лауазымдық қызметкері мен бірінші сатыдағы сот Л[...] визада көрсетілмеген жұмыстарды орындады деген қорытындыға келген.
Іс материалдары бойынша 2023 жылғы 9 маусымдағы №KZ69VDW00355266 «АМ[...]» ЖШС-мен берілген рұқсатнамасында Л[...] шетелдік жұмысшы ретінде «маман, өндіріс инженері» санаты бойынша қабылданған. Оның төлқұжатында 2023 жылғы 12 шілдедегі № 17449928 «АМ[...]» ЖШС-не СЗ санаты бойынша жұмыс істеу үшін рұқсат (виза) берілген. 09.08.22 жылғы № 1041 еңбек шартына сәйкес, Л[...] «А[...]» ЖШС-де ұңғымаларды жөндеу жөніндегі инженер болып жұмысқа орналасқан. Осы жұмыс барысында ол Қазақстан Республикасының заңнамасына және Жұмыс берушінің актілеріне сәйкес қызметтік міндеттерін орындайды». Еңбек шартының 1.2 тармағында көрсетілгендей, оның жұмысты орындау орны «Ақтөбе облысындағы «жұмыс берушінің объектілері». Жұмыс жүргізілетін объектілерді басқа жерге ауыстыру және жұмыс орнын өзгерту
жұмыс берушінің бұйрығы негізінде орындалады.
Құқық бұзушының қорғаушысы өтінішке қоса берілген «АМС[...]» ЖШС ұңғымаларды жөндеу жөніндегі инженерінің «Лауазымдық нұсқаулығын» тіркеген. Сол нұсқаулықтың 1.5 тармағындағы «Жалпы ережелерге» сәйкес, Л[...] инженер ретінде жабдықты алаңға жылжыту ережелері мен әдістерін, оның ішінде өз күшімен құрылғылар мен агрегаттардың жұмысын білуі міндетті. Нұсқаулықтың 2.2 және 2.3тармақтарында Л[...] міндеттеріне: «Объектілерді арнайы техникамен уақтылы қамтамасыз етуді, оның ұтымды бөлінуін және пайдаланылуын қамтамасыз ету және бақылау» кіреді деп көрсетілген.
Бірінші сатыдағы сот Л[...] лауазымдық нұсқаулығына не кіретінін, оның визада көрсетілген жұмыстарға сәйкес келетінінкелмейтінін анықтамаған. Құқықбұзушының лауазымдық нұсқаулығы сотта зерттелмеген, оған тиісті баға берілмеген. Одан басқа [...]қондырғысын басқару әрекеттері қандай жұмыс түріне жататыны да сотпен анықталмаған.
Сонымен, соттың Л[...] визасында көрсетілгендей инженер ретінде тек өндірісті басқаруды ұйымдастыру керек деген уәждері өз дәлелін толық таппаған, оның жұмысқа рұқсаты мен еңбек шартында мұндай функционалдық міндеттер көрсетілмеген. Көрсетілген мән-жайлар сотпен тексерілмеген, сот бұл мәнжайды № 279 ережеге сәйкес Л[...] лауазымы маман инженерлердің қай санатына жататынын, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №553 бұйрығымен бекітілген оның «Басшылар, мамандар және басқа да қызметкерлер лауазымдарының біліктілік анықтамалығымен» арақатынасын анықтауы керек еді.
Мұндай жағдайда аталған сот актілерінің күші жойылып, іс бірінші сатыдағы соттың қайтадан қарауына жолдануға жатады.
Сот істі қайта қарау барысында жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, қажет болған жағдайда іс бойынша басқа да процестік амалдар жүргізіп, барлық жинақталған дәлелдемелердің жиынтығына тиісті баға беріп, заңды шешім қабылдауды тиіс. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Л[...] (L[...]) қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша Ақтөбе облысы Байғанин аудандық сотының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі қаулысының күші жойылсын, әкімшілік іс жаңадан сот қарауына бірінші сатыдағы сотқа жолдансын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
Б. Шермұхаметов
Судьялар
Е. Маукен
Н. Құрманғалиев
Көшермесі дұрыс
Судья
Н. Құрманғалиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.