6001-23-00-6ап/2820
Қ А У Л Ы
2024 жылғы 10 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,
судьялар Ж.Б.Ермағамбетова, Г.К.Нұрбаев болып,
жауапкер өкілі Г.С.Сапаркуловтың қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Айсулу Уахаповна Хасанованың жауапкерлер «Түркістан облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Берик Серикбайулы Ибадуллаевқа, бас маманы Галымжан Сеидуалиевич Сапаркуловқа әрекетін (әрекетсіздігін) заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша,
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 тамыздағы қаулысына талап қоюшының өкілі берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы А.У.Хасанова жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 28 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкер «Түркістан облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) бас маманы Г.С.Сапаркуловтың талап қоюшы А.У.Хасанованың атынан келіп түскен арызы бойынша тексеру тағайындау әрекеті заңсыз деп танылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 тамыздағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімінің күші жойылып, талап қоюшы А.У.Хасанованың талабын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған. Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған апелляциялық саты сотының қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, бірінші саты сотының шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Талап қоюшы тарапы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Жауапкер өкілінің кассациялық шағымға қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2022 жылғы 5 желтоқсанда Басқарманың mei@ityrkistan.kz электронды поштасына талап қоюшы А.У.Хасанованың атынан Сарыағаш ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің Сарыағаш ауданының №60, №32 жалпы орта білім беретін мектептерінің басшыларына қатысты арызы түсіп, аталған мекемемен тіркеуге алынған.
Аталған арыз бойынша шешім қабылдау Түркістан облысының еңбек инспекциясының еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігін бақылау бөлімінің бас маманы – еңбек инспекторы Г.С.Сапаркуловқа тапсырылған, сондықтан ол арызда көрсетілген еңбек саласына қатысты емес мәліметтер бойынша өз құзыреттері шегінде қарау үшін 2022 жылғы 6 желтоқсанда №37-04-19/1978 шығыс хатымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне және Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Сарыағаш аумағы бойынша ауданаралық басқармасына жолдаған. Бұл қабылданған шешім жөнінде А.У.Хасановаға хабарланған.
Арызда көрсетілген еңбек саласына қатысты мәліметтер бойынша Басқарма 2022 жылғы 6 желтоқсанда «Тексеру тағайындау туралы акт» дайындап, оны Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша басқармасына жолдаған, акт аталған мекемеде 2022 жылғы 7 желтоқсанда №2261000002200022/00310 тіркеуге алынған.
Басқарманың 2022 жылғы 7 желтоқсандағы №358-ж/қ бұйрығына сәйкес, аталған мекеменің бас маманы Г.С.Сапаркулов Қазығұрт ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне тексеру және Сарыағаш ауданының №50 жалпы орта білім беретін мектебіне бақылау жасау жұмыстарын жүргізу үшін 2022 жылғы желтоқсан айының 8-9 күндері аралығында іссапарға жіберілген.
2022 жылғы 9 желтоқсанда талап қоюшы А.У.Хасанова іссапарда жүрген Г.С.Сапаркуловқа өзінің атынан Басқармаға жолдаған арызды өзі жазбағаны жөнінде арыз тапсырған, бұл арыз 2022 жылғы 9 желтоқсанда Басқармада №ЖТ-Х-846 және №ЖТ-2022-02804623 тіркеуге алынған.
А.У.Хасанованың бұл арызының көшірмесі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне және Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Сарыағаш аумағы бойынша ауданаралық басқармасына 2022 жылғы 15 желтоқсанда №37-04-191929 шығыс хатымен жолданған және арызды А.У.Хасанованың өзі жазбағаны жөнінде хабарланған. Талап қоюшының Сарыағаш ауданының прокуратурасына жазған арызы Сарыағаш аудандық полиция бөлімінде тіркелген іс-құжаттарға біріктіріліп, қараусыз қалдырылған.
Осыған орай, талап қоюшы Сарыағаш аудандық сотына жүгініп, Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің шешімін заңсыз деп тануды сұраған.
Сарыағаш аудандық сотының 2023 жылғы 17 қаңтардағы қаулысымен Сарыағаш аудандық полиция бөлімімен тіркеуге алынып, қылмыс құрамының болмауына байланысты кезектен тыс қалдырылып, номенклатуралық іске тіркелген шешімінің күші жойылған. ӘРПК-нің 9 бабына сәйкес әркім бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгінуге құқылы.
А.У.Хасанова сотқа осы талап арызымен жүгініп, жауапкерлер өзінің жеке деректемелерін пайдаланып берілген арызды тіркеу, қарау, ол бойынша тексеру жүргізу дайындық әрекеттерінен Сарыағаш ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі мен әріптестерінің алдында қолайсыз жағдайда қалғанын, ар-намысына залал келтірілгенін көрсетіп, жауапкерлердің әрекетін (әрекетсіздігін) заңсыз деп тануды сұраған.
Бірінші сатыдағы сот Басқарманың аталған арызды А.У.Хасанованың өзі жазғанын анықтап алмай, арыз арыз иесінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылмағанын, арызға жеке куәлігінің көшірмесі тіркелмегенін ескермей, оны тіркеуге алып, тиісті құқық органдарына оларға өз құзыреті шегінде тексеруге жолдаған әрекетінен нұқсан келгенін көрсетіп, талап қоюшының талабын қанағаттандырған.
ӘРПК-тің 5-бабының екінші бөлігінің талабына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
ӘРПК-нің 7 бабында белгіленген заңдылық қағидатына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының ӘРПК-нің 154-бабының бірінші бөлігінің талабына сәйкес шешім заңды және негізді болуы тиіс.
Апелляциялық сот алқасымен А.У.Хасанованың атынан Басқармаға түскен арызы ӘРПК-тің 63-бабының екінші бөлігінің талабына сай болғандығы, оны қабылдамауға қандайда бір заңда көрсетілген негіздер жоқтығы, арыз Басқармамен дұрыс тіркеуге алынғандығы жөнінде тұжырым жасалған.
Сонымен бірге, апелляциялық сот алқасымен А.У.Хасанованың арызы бойынша Басқарма тексеру жүргізбеген және осы арызға сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті де және Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Сарыағаш аумағы бойынша ауданаралық басқармасымен де тексеру жүргізілмегендігіне мән берілген.
А.У.Хасанованың арызы бойынша қандай да бір тексеру басталмаған, даулы арызды оның өзі жазбағаны анықтала салып, Басқарма барлық осы арыз бойынша тексеру жүргізуді тоқтату жөнінде жоғарыда көрсетілген мекемелерге хабарлаған.
Істің мұндай тұрғысында Басқарманың және оның қызметкері Г.С.Сапаркуловтың іс-әрекеттерінен А.У.Хасанованың мүддесін және құқығын бұзуға қатысты қандай да бір әрекеттер жүргізілмеген, арызды тіркеу және арызда көрсетілген мәліметтерді тексеру туралы актіні тіркеуден өткізу, өз құзыретіне кірмейтін арыздын бөліктерін басқа мекемелерге жолдау талап қоюшының құқықтарын бұзбайды, бұл заңда көзделген әрекеттер және оны кез келген мекеме арыз түскенде жүргізетін әрекеттер болып табылады.
Аталған даулы арыздың А.У.Хасанованың атынан Басқармаға түсіп, тіркеуге алынуымен, талап қоюшы өзінің қандай да бір құқықтары мен мүддесінің бұзылғанын дәлелдей алған жоқ.
Осыған сәйкес, апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың талап қоюшының талабын қанағаттандыру туралы тұжырымын негізсіз және заңға қайшы қабылданған деп дұрыс бағалаған.
Сәйкесінше, сот алқасы, бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, талап қоюды қаңағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдау жөніндегі апелляциялық сотының тұжырымы заңды әрі негізді деп санайды.
АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актісімен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 тамыздағы қаулысы өзгеріссіз, талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г.Б. Дуйсенбаев
Ж.Б.Ермағамбетова
Судьялар
Г.К. Нұрбаев
Көшірмесі дұрыс Судья
Г.К. Нұрбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.