Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 08.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/971 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 8 мамыр №6003-26-00-2к/971 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы А[...], оның өкілдері С[...] және К[...], жауапкер Х[...], жеке нотариус Б[...], аудармашы Т[...] бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы А[...] жауапкерлер Х[...], Х[...], жеке нотариус Б[...] автокөлікті сатып алу құқығымен жалға алу шартын жарамсыз деп тану және ақша өндіру туралы электрондық азаматтық істі жауапкердің Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 29 қазандағы шешімі мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 29 қаңтардағы қаулысына берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Талап қоюшы сотқа аталған талап қоюмен жүгініп, оны жауапкерлердің әрекеттерінің салдарынан өзіне материалдық шығын келтірілгенімен негіздеген.

Апелляциялық сот алқасының қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, 2025 жылғы 8 наурызда жауапкер Х[...] және талап қоюшы А[...] арасында жасалған автокөлікті сатып алу құқығымен жалға алу шарты жарамсыз деп танылған, жауапкер Х[...] талап қоюшы А[...] пайдасына жалдау ақысы 1 156 000 теңге, мемлекеттік баж шығысы 13 526 теңге, өкілдің көмегіне 115 600 теңге, талап қоюшы А[...] жауапкер Х[...] пайдасына өкілдің көмегі үшін 136 635 теңге өндірілген, талап қоюдың тұрақсыздық айыпақы сомасы 136 346 теңге, 90 000 теңге автокөлік шиналарын және 60 000 теңге орындық қаптарын сатып алуға жұмсалған шығындарды өндіру жөніндегі бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Жауапкер жеке нотариус Б[...] кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің өзіне қатысты бөлігінің күшін жоюды, өзін тиісті жауапкер болмағандықтан жауапкерлер қатарынан алып тастауды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін зерделеп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 449-бабының 1-бөлігінде істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот

iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексеретіні бекітілген. Осыған орай, кассациялық сот сот актілерінің заңдылығын тек ғана жауапкер жеке нотариус Б[...] шағымы шеңберінде қарады.

Анықталғаны, 2021 жылғы 16 мамырда «Кaspi Bank» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Банк) мен жауапкер Х[...] арасында №R9782938-004 несие шарты жасалып, ашылған несие желісінің аясында соңғыға автомобиль сатып алу үшін 8 160 500 теңге несие берілген, оны қамтамасыз ету мақсатында тараптар арасында 2024 жылғы 12 шілдеде № R9782938-004 /CRD-51/Z кепіл шарты жасалып, жауапкер Х[...] меншігіндегі сериясы №AJ99808766 куәлік негізінде расталған, 2020 жылы шығарылған «Tayota Corolla» маркалы, мемлекеттік тіркеу нөмірі [...] автокөлігі (бұдан әрі - автокөлік) кепілге қойылған.

Аталған кепіл шарттың 3.2.2.-тармағына сәйкес кепіл беруші кепіл ұстаушының жазбаша келісімінсіз: кепіл затын қайта кепілге бермеуге; кепіл затын иеліктен шығармауға; кепіл затын басқа адамға жалға бермеуге немесе тегін пайдалануға бермеуге; кепіл затына басқаша билік етпеуге міндетті. 2025 жылғы 8 наурызда сенімхат негізінде жауапкер Х[...] атынан әрекет етуші жауапкер Х[...] пен талап қоюшы А[...] арасында автокөлікті сатып алу құқығымен жалға алу шарты (бұдан әрі - даулы шарт) жасалып, жауапкер жеке нотариус Б[...] куәландырылған.

Даулы шарттың 1.1.-бөлігіне сәйкес жалға беруші (жауапкер Х[...]) өзіне тиесілі автокөлікті жалға алушыға (талап қоюшы А[...]) кейіннен сатып алу құқығымен жалға береді, ал жалға алушы аталған автөкөлікті жалға алуға және шарт талаптарына сәйкес пайдалануға қабылдайды.

Жалдау ақысы төмендегі тәртіппен төленеді: жоғарыда көрсетілген автокөліктің түпкілікті құны 19 292 000 теңге мөлшерінде белгіленеді. Осы 19 292 000 теңге сомасы жалға алушы тарапынан жалдау ақысы ретінде төленеді және ол әр күнге 14 000 теңгеден есептеліп, 4 жыл 6 ай (1378 күн төлем ақысы, демалыс күндерін санағанда) мерзім ішінде, яғни 2025 жылғы 8 наурыздан бастап 2029 жылғы 8 тамызға дейін, демалыс және мереке күндерін есептемей, кезең-кезеңімен төленеді (Шарттың 2.1.-бөлігі).

Тараптар арасында автокөлікті пайдалануға қатысты дау туындағандықтан ол талап қоюшы А[...] пайдалануынан алынған, сол себепті соңғысы сотқа осы талап қоюмен жүгінген.

Соттар автокөлік кепіл ұстаушы Банктің келісімінсіз жалға берілгені анықталуына байланысты Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 315бабының 2-тармағының және кепіл шартының 3.2.2.-тармағының негізінде даулы шарт жарамсыз деп танылуға жатады деген дұрыс тұжырымға келген.

Бұл жағдайда жауапкер жеке нотариус Б[...] автокөліктің кепілде тұрғанын және оны жалға беруге кепіл ұстаушының келісімінің жоқ екенін біле тұра даулы шартты заңсыз куәландырған.

Кассациялық шағымның жеке нотариусты жауапкерлер қатарынан алып тастау қажеттілігі туралы уәждері де негізсіз болып табылады, өйткені АПК-тің 47-бабының 1-бөлігіне сәйкес талап қоюшы А[...] сотқа берген талап қоюында жеке нотариусты жауапкер ретінде тартуды сұраған.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, шағымда көрсетілген мән-жайлар зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, кассациялық шағым уәждерінің негізінде шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сол себепті, сот шешімі және алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 29 қазандағы шешімі мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 29 қаңтардағы қаулысы күшінде, жауапкер жеке нотариус Б[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар М.Кадырова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.