Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 16.06.2026 по делу 6003-26-00-2к/870 (Гражданское)

6003-26-00-2к/870

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 16 маусым

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К.Рустембеков,

судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,

прокурор К[...], талап қоюшының өкілі Н[...], жауапкер М[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Департамент) жауапкер «Ш[...]» шаруа қожалығынан (бұдан әрі-ШҚ) жер учаскесін мақсаты бойынша пайдаланбағаны үшін мәжбүрлеп алып қою туралы электронды азаматтық істі талап қоюшының Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 13 маусымдағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 13 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттар іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот тараптарды, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.

Іс құжаттарына қарағанда, Жалағаш ауданы әкімдігінің 2004 жылғы 30 қыркүйектегі № 94 және 2021 жылғы 7 шілдедегі №133 қаулылардың негізінде Жалағаш аудандық жер қатынастары бөлімі мен жауапкер «Ш[...]» ШҚ арасындағы жасалған 2021 жылғы 12 тамыздағы № 405 бөлінбейтін жер учаскесінде жер үлесін жалға беру туралы шарт негізінде «Ш[...]» ШҚ Ж[...] ауданы, Ақсу ауылдық округіндегі №1 ауыспалы егістігінің кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесіндегі жалпы көлемі – 538 гектар,

оның ішінде ауылшаруашылық алқаптары – 379 гектар, басқа алқаптар – 159 гектар бөлінбейтін жер учаскесінің ішінен жалпы көлемі – 77,34 гектар, оның ішінде 75,34 егістік, басқа жер алқаптары 2 гектар жер учаскелеріне ортақ үлестік меншікке негізделген жай серіктестік түріндегі шаруа қожалығын жүргізу үшін 2052 жылға дейін ортақ үлестік уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен жер учаскесі жалға берілген.

Жалағаш ауданы әкімдігінің 2018 жылғы 18 маусымдағы № 120 қаулысымен Жалағаш ауданы инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерде дақылдарды кезектестiру (ротациялау) схемасы бекітілген.

Жалағаш ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімімен «Ш[...]» ШҚ тарапынан Жалағаш ауданы, Ақсу ауылындағы №1 ауыспалы егіс жүйесінің 3-ші және 4-ші танабындағы жерде ротация сақталмай, оларды ұтымсыз пайдаланып жатқандығы анықталып, тиісті шара қолдану үшін Қызылорда облысының жер ресурстарын басқару департаментіне 2023 жылғы 22 маусымда хат жолдаған.

Талап қоюшы жауапкер тарапынан жер учаскесінде жер заңдылықтарының сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізіп, жауапкермен № 1-ші ауыспалы егіс жер учаскесінің 3-ші танабында болуы тиіс жоңышқа дақылының орнына 38,0 га күріш дақылын және 4-ші танабында жоңышқа орнына көлемі 40,0 га күріш дақылын орналастырылғаны анықтаған.

Тексеру нәтижесінде талап қоюшы 2023 жылғы 27 шілдеде 1 жыл мерзімге бұзушылықтарды жою туралы № 171 нұсқама қабылдаған.

2023 жылғы 27 шілдеде талап қоюшы жауапкерді Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі-ӘҚБтК) 338 бабымен кінәлі деп танып, ескерту жазасын тағайындаған.

Нұсқаманың 1 (бір) жылдық мерзімі өткеннен кейін нұсқама талаптарын орындалғандығы туралы Департаменттің сұрау хаты жауапкермен жауапсыз қалған.

Жалағаш аудандық сотының 2024 жылғы 29 тамыздағы қаулысымен «Ш[...]» ШҚ Ә[...] құқық бұзушылық туралы кодексінің ӘҚБтК-нің 462бабының 3-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған.

Жалағаш ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі 2024 жылы жауапкермен инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерде дақылдарды кезектестiру (ротациялау) схемасының бұзылғандығын анықтаған.

Атап айтқанда, № 1-ші ауыспалы егістігі жер учаскесінің 3-ші және 4-ші танабында танабында болуы тиіс жоңышқа дақылының орнына 62,0 га күріш дақылын орналастырған.

Жауапкер егістік жер учаскелеріне 2023 жылы №1-ші ауыспалы егіс жер учаскесінің 3-ші танабында болуы тиіс жоңышқа дақылының орнына 38,0 га күріш дақылын және 4-ші танабында жоңышқа орнына көлемі 40,0 га күріш дақылын орналастырғандығы анықталса, 2024 жылы № 1-ші ауыспалы егістігі

жер учаскесінің3-ші және 4-ші танабында болуы тиіс жоңышқа дақылының орнына 62,0 га күріш дақылын орналастырғандығы анықталған.

Яғни, жауапкер 2023 жылы 78,0 га және 2024 жылы 62,0 га егістік жер учаскесіне жоңышқа дақылын орналастырудың орнына күріш дақылын орналастырып, дақылдарды кезектестiру схемасын бұзған, ал 2025 жылға ротация схемасы сақталуда.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 99-бабының 4,5тармақтарына сай жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерде дақылдарды кезектестiрудiң белгiленген схемасын ұстануға, қажеттi мелиорациялық және қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзуге, соның iшiнде учаскеде бар суландыру және тоспакәрiз жүйелерiн тиiсiнше тәртiппен күтiп-ұстауға мiндеттi. Осы баптың 4- тармағында белгiленген талаптарды бұзу, Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарында көзделген әкiмшiлiк жазалау шараларына әкеп соғады (ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi тиiмдi пайдаланбау), сондай-ақ осы Кодекстiң 93-бабының нормаларына сәйкес жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қоюға негiз болуы мүмкiн.

Бірінші сатыдағы сотта жауапкердің 2023 және 2024 жылы егістік жер учаскесіне жоңышқа дақылын орналастырудың орнына күріш дақылын орналастырып, дақылдарды кезектестiру схемасын бұзғаны, ал 2025 жылы ротация схемасын сақтағаны анықталған.

Алайда жауапкердің 2023 және 2024 жылы дақылдарды кезектестіру схемасын бұзуы экологиялық залалға алып келгені тиісті дәлелдемелермен расталмаған.

Жауапкер 2023-2024 жылдар аралығында жерді пайдалану тәртібін бұзғаны анықталғанымен, жауапкерге тиесілі жер көлемі 77,34 га. жер учаскесін алып қою қолданылған заң сипаты мен салдарына сай келмейтін, шектен тыс құқықтық ықпал ету шарасы болып табылады. Мұндай шараны қолдану шаруа қожалығы мүшелері мен олардың отбасының әлеуметтік экономикалық жағдайына тікелей әсер етіп, олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталу қағидатына қайшы келеді.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

Талап қоюшының шағымдағы уәждері соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Талап қоюшы өкілінің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі,

дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.

Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 13 маусымдағы шешімі және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

Судьялар: А.О.Тогумбетова

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.