6001-21-00-3г/80(3)
Қ А У Л Ы
2021 жылғы 5 сәуір Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы А.Қ.Ескендіров,
талап қоюшы Қ[...] жауапкер «АЗИЯ АВТО» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - АҚ) бүлінген автокөлікті жаңа автокөлікпен ауыстыру міндетін жүктеу, моральдық залалды өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған,
Маңғыстау облысы Ақтау қаласы № 2 сотының 2020 жылғы 1 шілдедегі шешімін және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 23 қыркүйектегі қаулысын қайта қарау туралы талап қоюшының өкілі Т[...] келтірген өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,
Қ[...] сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Ақтау қаласы № 2 сотының 2020 жылғы 1 шілдедегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 23 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгерессіз қалдырылған.
Арызданушы өтінішхатында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың тұжырымы істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыруды сұрап, төмендегідей уәждер келтірген.
2018 жылғы 9 тамызда «AЗИЯ АВТО» АҚ мен Қ[...] арасында № 382 автокөлікті сатып алу-сату шарты жасалып, соңғы 2018 жылы шыққан «S[...]» маркалы автокөлік құралын қосымша жабдықпен 6 497 500 теңгеге сатып алған.
Шарт жасау барысында жауапкермен автокөліктің техникалық және кепілдік қызмет көрсетілуі 24 ай немесе 30 000 км жүруге дейін деп белгіленген. 2018 жылғы 9 тамыздағы алу-беру актісі негізінде автокөлік талап қоюшыға табысталған.
2018 жылғы 23 желтоқсанда сағат 04.30 шамасында автокөлік Қ[...] үйінің ауласында тұрған кезінде өртеніп кеткен.
2019 жылғы 23 қаңтардағы № 61 сарапшының қорытындысы бойынша автокөліктің өртену ошағының орналасуы мен өрт шығудың техникалық себептері анықталмаған.
Өз кезегінде, «AM[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің хатына сай автоэлектрик Л[...], К[...], Е[...] және
Қ[...] қатысуларымен өртенген автокөліктен электр блогы мен электр сым жүйелерінің бөлігі алынып, қарау жүргізілгенін, онда қысқа тұйықталу мен байланыстардың балқу іздері бар деген қорытындыға келгендерін мәлімдеген. Яғни көліктің өртену себебі электр сымдары балқуынан болған деп санайды.
Жергілікті соттар көрсетілген құжатқа қол қоюшы мен автоэлектрик Л[...] құзырына күмән келтіріп, оны назарға алмай, көліктің не себепті өртенгені белгісіз күйде қалдырылған.
Сонымен қатар, бір автокөлікті қарау жүргізген екі маман екі түрлі қорытындыға келгенін, яғни өртенген автокөліктің суреттерін қарап, ол қандай да бір жол апатына ұшырап өртке оранған деген қорытынды жасалған. Алайда жауапкер тарапынан бұл болжамды немесе басқа да бір өртену кінәсі талап қоюшы тарапынан екендігін растайтын ешқандай дәлел келтірілмеген.
Соттың талап қоюшы тиісті алу-беру актісі бойынша көлікті қабылдап алып, яғни тауардың сапасына ешқандай ескертулер келтірмеген деген уәжін негізсіз екенін, өйткені көліктің өртке орануы конструкциялық және технологиялық күрделі жүйелерінің кемшіліктерінен болатынын, оларды алу-беру процесі кезінде көзбен көріп, анықтау мүмкін еместігін көрсеткен.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Өтінішхатта келтірілген уәждер және басқа да мән-жайлар сот актілерін кассациялық сатыдағы сотқа қайта қарау үшін негіздердің бар екендігін көрсетеді.
Қорыта келгенде, судья өтінішхатты іспен бірге кассациялық сатыдағы сот отырысында қарауға беру қажет деп санайды.
АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,
судья
Ақтау қаласы № 2 сотының 2020 жылғы 1 шілдедегі шешімін және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 23 қыркүйектегі қаулысын қайта қарау туралы талап қоюшының өкілі Т[...] өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына берілсін. Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.
Судья
А.Қ.Ескендіров
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.