6001-25-00-6под/9
2025 жылғы 20 маусым Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Г.Б.Дуйсенбаев,
талап қоюшы «Бас əскери прокуратура» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі» мемлекеттік мекемесіне заң бұзушылықтарға жоюға қолданбау туралы əрекеттерін заңсыз деп тану жəне əскери қызметшілерге қосымша төлемдер жүргізуді міндеттеу туралы əкімшілік ісі бойынша Қазақстан Республикасының əскери соты төрағасының əкімшілік істің соттылығын анықтау туралы ұсынысын қарап,
Талап қоюшы «Бас əскери прокуратура» мемлекеттік мекемесі жоғарыда көрсетілген талап қоюмен Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотына жүгінген.
Осы соттың 2025 жылғы 30 сəуірдегі ұйғарымымен əкімшілік іс осы соттың соттылығына жатпауына байланысты Ақмола гарнизонының əскери сотына незізінен қарау үшін жолданған.
Ақмола гарнизонының əскери соты талап қоюшы Бас əскери прокуратура мемлекеттік мекеме болып табылатындықтан, əскери соттың соттылығына жатпайды деген қорытындыға келген.
Осыған орай, Қазақстан Республикасының əскери соты төрағасы ұсыныста əкімшілік істің соттылығын анықтауды сұрап, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі – АПК) 34бабының 6-бөлігіне сəйкес, соттар арасындағы соттылық туралы дауды шешуді сұраған.
АПК-нің 34-бабының 6-бөлігіне сəйкес соттар арасындағы соттылық туралы дауларды жоғары тұрған сот шешеді, оның шешімі түпкілікті болып табылады жəне ол шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.
Ұсынысты жан-жақты зерттеп, келесі тұжырымға келемін.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рəсімдік-процестік кодексінің (бұдан əрі – ӘРПК) 102-бабына сəйкес əкімшілік сот ісін жүргізуді мамандандырылған аудандық жəне оларға теңестірілген əкімшілік соттар жүзеге асырады.
ӘРПК-нің 103-бабына сəйкес əскери соттар, егер əскери басқару органдары, əскери бөлім жауапкер болып табылса, мамандандырылған басқа соттардың соттылығына жататын істерді қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да əскерлер мен əскери құралымдардың əскери қызметшілерінің, əскери жиындардан өтіп жүрген азаматтардың талап қоюлары бойынша əкімшілік істерді қарайды деп анықталған.
Аталған нормаға сəйкес, əскери соттар тек əскери қызметшімен, əскери жиындардан өтіп жүрген азаматтардың талап қоюлары бойынша əкімшілік істерді қарайды.
Талап қоюшы «Бас əскери прокуратурасы» мемлекеттік мекемесі, ал жауапкер «Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі» мемлекеттік мекемесіне болғандықтын, яғни екі мемлекеттік мекеме арасындағы дау болғандықтан əкімшілік іс Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотында қаралуға жатады.
АПК-тің 34-бабының 6-бөлігін басшылыққа алып, судья
Ұ Й Ғ А Р Ы М Е Т Т І:
Талап қоюшы «Бас əскери прокуратура» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі» мемлекеттік мекемесіне заң бұзушылықтарға жоюға қолданбау туралы əрекеттерін заңсыз деп тану жəне əскери қызметшілерге қосымша төлемдер жүргізуді міндеттеу туралы əкімшілік ісі соттылығы бойынша Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотына жолдансын.
Ұйғарым түпкілікті болып табылады жəне шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.
Судья Г.Б. Дуйсенбаев Көшірмесі дұрыс. Судья Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.