ВС РК - Постановление от 11.09.2024 по делу 6001-24-00-3гп/366 (Гражданское)

6001-24-00-3гп/366

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 11 қыркүйек Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Б.Ж.Тоқтарова, судьялар Г.Қ.Жүсіпбекова, Ш.С.Иманиязова, талап қоюшының өкілі Ш.А.Шорабек,

жауапкер Р.К.Кенесбаев,

«Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – «Отбасы банкі» АҚ) өкілі Ч.Т.Ахметовтың қатысуымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласы Алматы ауданы прокурорының жауапкерлер Гүлсім Мұратбайға, Галым Куралбекович Жумжаевқа, Акима Жамангараевна Арынгазинаға, Мереке Куанышұлы Курмангалиге, Адель Мұратбайға, Батима Жамангараевна Арынгазинаға, Темирбек Тусупбековке, Роза Кимашевна Балкибаеваға, Руслан Кенжеевич Кенесбаевқа, Майа Темерлановна Кенесбаеваға, «Отбасы банкі» АҚ-на сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы шешіміне және 2024 жылғы 19 ақпандағы қосымша шешіміне, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 мамырдағы қаулысына жауапкер Р.К.Кенесбаевтың келтірген өтінішхаты бойынша электрондық азаматтық іс материалдарын алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Г.Мұратбай мен Г.К.Жумжаевтың арасындағы 2016 жылғы 9 қаңтардағы № 26, Г.К.Жумжаев пен А.Ж.Арынгазинаның арасындағы 2016 жылғы 2 ақпандағы № 219, А.Ж.Арынгазина мен А.Мұратбайдың арасындағы 2016 жылғы 16 сәуірдегі № 1578, А.Мұратбай мен Б.Ж.Арынгазинаның арасындағы 2017 жылғы 23 тамыздағы № 3477, Б.Ж.Арынгазина мен Р.К.Балкибаеваның арасындағы 2021 жылғы 1 маусымдағы № 1195, Р.К.Балкибаева мен Р.К.Кенесбаевтың арасындағы 2021

жылғы 16 шілдедегі № 1525 сатып алу-сату шарттары жарамсыз деп танылған.

Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Астана қаласы Алматы ауданының прокуроры М.К.Курмангалиге, Т.Тусупбековке, М.Т.Кенесбаеваға, «Отбасы банкі» АҚ-на қойған сатып алусату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талаптарының бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Осы соттың 2024 жылғы 19 ақпандағы қосымша шешімімен Астана қаласының Алматы ауданы прокурорының арызы қанағаттандырылған мәмілелер бойынша тараптар бастапқы қалпына келтірілген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арыз беруші жергілікті соттардың қабылдаған шешімімен келіспей, соттың тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін көрсетіп, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылғанына сілтеме жасап, дау айтылған сот актілерін өзгертіп, Б.Ж.Арынгазина және Р.К.Балкибаеваның арасындағы және Р.К.Балкибаева мен Р.К.Кенесбаевтың арасындағы сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы, мәмілелер бойынша тараптар бастапқы қалпына келтіру туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Сот алқасы іс бойынша тараптардың пікірлерін тыңдап, электрондық

іс құжаттарын зерделеп, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодекстінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Іс материалдарынан анықталғандай, Алматы қаласы Медеу аудандық сотының 2015 жылғы 24 желтоқсандағы үкімімен сотталған М.Т.Укшебаевтың Астана қаласы, Амман көшесі, 4-үй, 12-пәтері (бұдан әрі – даулы пәтер, жылжымайтын мүлік) мемлекет пайдасына тәркіленген.

Сот үкіміне сәйкес, М.Т.Укшебаев мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлға бола тұра, жылжымайтын мүлікті сатып алушы ретінде әшкере болғысы келмей, тәркіленген даулы пәтерді қызы Г.Мұратбайдың атына тіркеген.

Көрсетілген сот үкімі негізінде, сот орындаушысы А.Жүсіпбай атқарушылық іс қозғаған.

Алайда, сот орындаушысы А.Жүсіпбаймен даулы пәтер сотталған М.Т.Укшебаевтың қызы Г.Мұратбай 2016 жылғы 9 қаңтардағы № 26 сатып алу-сату шарты бойынша Г.К.Жумжаевқа сатқаны анықталған.

Содан кейін, Г.К.Жумжаев пен А.Ж.Арынгазинаның арасында 2016 жылғы 2 ақпанда № 219 даулы пәтерді сатып алу-сату шарты жасалған.

2016 жылғы 16 сәуірде А.Ж.Арынгазинаның өкілі М.Ж.Саурамбекова және сатып алушы А.Мұратбайдың заңды өкілі Г.Мұратбайдың арасында даулы пәтерді сатып алу-сату шарты жасалған, сонымен жылжымайтын мүлік сотталған М.Т.Укшебаевтың отбасына қайтарылған.

2017 жылғы 23 тамызда А.Мұратбай мен Б.Ж.Арынгазинаның арасында № 3477, 2021 жылғы 1 маусымда Б.Ж.Арынгазина мен Р.К.Балкибаеваның арасында № 1195 даулы пәтерді сатып алу-сату шарттары жасалған.

2021 жылғы 16 шілдедегі сатып алу-сату шарты бойынша Р.К.Балкибаева пәтерді Р.К.Кенесбаевқа сатқан.

Астана қаласы Алматы ауданы прокуроры сотқа осы талап қоюмен жүгініп, онда сотталған М.Т.Укшебаев мемлекет алдындағы жауаптылықтан жалтару ниетінен даулы пәтерді өзінің қызы Г.Мұратбайдың атына тіркеп, өз кезегінде соңғысы өз туыстарына сатып жібергенімен негіздеген.

Осыған орай, жергілікті соттар Г.Мұратбай мен Г.К.Жумжаев арасындағы бірінші мәміле жарамсыз деп танылуына байланысты, барлық кейінгі мәмілелер де жарамсыз деп танылуына жатады деген тұжырымға келген.

Сот алқасы жергілікті соттардың бұл тұжырымын негізсіз деп санайды. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодекстің (бұдан әрі - АК) 406бабының 1-тармағына сәйкес, сатып алу-сату шарты бойынша бір тарап (сатушы) мүлікті (тауарды) екінші тараптың (сатып алушының) меншігіне, шаруашылық жүргізуіне немесе жедел басқаруына беруге міндеттенеді, ал сатып алушы бұл мүлікті (тауарды) қабылдауға және ол үшін белгілі бір сомасын (бағасын) төлеуге міндеттенеді.

АК-нің 160-бабының 1-тармағына сәйкес оған тиісті құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз, тек алдау үшін жасалған мәмілені (жалған мәмілені) сот мүдделі тұлғаның, тиісті мемлекеттік органның немесе прокурордың талап арызы бойынша жарамсыз деп таниды.

Тараптардың белгілі бір әрекеттерінің (әрекетсіздіктерінің) болуымен немесе болмауымен және іс бойынша басқа да дәлелдемелермен (мысалы, мүліктің берілмеуі және сол сияқты) расталуы мүмкін белгілі бір заңдық салдарлардың туындауына тараптардың мәміле бойынша еркінің болмауы жалған мәмілелердің жарамсыздығына (мәніссіз болуына) әкеп соғады.

Алайда талап қоюшының Б.Ж.Арынгазина және Р.К.Балкибаеваның және Р.К.Балкибаева мен Р.К.Кенесбаевтың арасындағы мәмілелер тиісті құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз жасалғаны, тараптардың өз құқықтары мен міндеттерін нақты орындамағаны туралы уәждері ешқандай дәлелдермен расталмаған.

Іс материалдарынан анықталғандай, сот үкімі шыққан сәттен бастап даулы пәтерге сегіз жыл бойы тыйым немесе ауыртпалық салынбаған.

Сондықтан Р.К.Балкибаева 2021 жылғы 1 маусымда даулы пәтерді Б.Ж.Арынгазинадан ақылы мәміле негізінде сатып алып, өзінің атына тіркеген.

Осы мәмілені жасау кезінде даулы пәтерге ешқандай тыйым салынбаған, 2021 жылғы 1 маусымда берілген анықтамаға сәйкес жылжымайтын мүліктің иелері Б.Ж.Арынгазина мен Т.Түсіпбеков көрсетілген, ал бұрынғы 2016-2017 жылдары жасалған мәмілелер көрсетілмеген.

Талап қоюшымен осы мәміле бойынша сатып алушы Р.К.Балкибаеваның өз міндеттерін орындамағаны туралы сотқа дәлелдеме ұсынбаған. Өз кезегінде тараптар жылжымайтын мүлікті беру және оның бағасы туралы шағым келтірмеген.

АК-нің 180-бабына сәйкес жылжымайтын мүлікке билік ету құқығы оған өзінің құқығын тіркеген меншік иесіне тиесілі.

Сонымен, Р.К.Балкибаева даулы пәтердің меншік иесі болып, оны өзінің күйеу баласы Р.К.Кенесбаевқа «Отбасы банкі» АҚ-ы арқылы сатқан.

Бұл Р.К.Кенесбаев пен «Отбасы банкі» АҚ-ы арасындағы 2021 жылғы 22 шілдедегі жылжымайтын мүлікті кепілге алу және банктік қарыз шарттарымен расталған. Даулы пәтерге Р.К.Кенесбаевтың меншік құқығы тіркелген.

Осы мәміле жасалған кезде де даулы пәтерге ауыртпалық салынбаған.

Сонымен қатар, шарт жасалғаннан кейін Р.К.Кенесбаев даулы пәтерде отбасымен бірге тұрып, жылжымайтын мүлікке байланысты ауыртпалықтарды алып жүрген.

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген мәмілелерді жалған деп талап қойған, алайда бұл шарттар жасалған кезде сатып алушыларға іс жүзінде даулы пәтер берілмегені және ол бұрыңғы иесінің иелігінде қалғандығы туралы дәлелдемелер сотқа ұсынбаған.

Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттардың Б.Ж.Арынгазина және Р.К.Балкибаеваның және Р.К.Балкибаева мен Р.К.Кенесбаевтың арасындағы мәмілелер жарамсыз деп тану туралы тұжырымы негізсіз, себебі тараптар арасында АК-тің 406-бабының талаптары орындалған, даулы пәтер сатушымен сатып алушыға берілген, оның ақысы төленген.

Бұл мән-жайлар сотта талап қоюшымен жоққа шығарылмаған.

Бұдан басқа соттар жауапкердің талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуiн қолдану туралы өтініштерін негізсіз қабылдамаған.

Астана қаласы Алматы аудандық сотының 2017 жылғы 12 қыркүйектегі ұйғарымымен мемлекеттік сот орындаушысының пәтер мәмілесін жарамсыз деп тану және тараптарды бастапқы қалпына келтіру туралы ұсынысы қараусыз қайтарған.

Осыдан кейін, Астана қаласы Әділет Департаменті Астана қаласы прокуратурасының атына осы сатып алу-сату шарты бойынша жарамсыз деп тану туралы мәселені шешу бойынша хат жолдаған (05.12.2017ж. шығ.№1507/23573-и). Осы хатты алу фактісі мемлекеттік органдар арасындағы электрондық құжат айналымының ақпаратымен расталады.

Алайда прокуратура органдары тарапынан қандай да бір іс-әрекет жасалмаған, содан кейін атқарушылық іс жүргізу 2017 жылы 26 желтоқсанда тоқтатылған. Осы уақытқа дейін үкім шығарылғаннан бері пәтер бойынша нақты төрт мәміле жасалған.

Сотта анықталған бұл мән-жайлар, прокуратураның 2017 жылы аяқталған мәмілелер туралы білгендігін, бірақ мемлекеттің мүддесін қорғау бойынша олардың құқықтары мен міндеттерін ұзақ уақыт пайдаланбағанын және пәтермен жасалған мәмілелер туралы уақытылы дауламағанын дәлелдейді. Сондай-ақ, прокуратура пәтер бойынша одан әрі мәмілелер жасамау үшін, пәтерге тыйым немесе өзге де ауыртпалық салу жөнінде ешқандай шара қолданбаған.

Осылайша, осы талап қоюды берген кезде прокуратура дәлелсіз себептермен талап қою мерзімдерін өткізіп алған.

АК-нің 180-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес, талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талаптан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болады.

Мұндай жағдайда сот актілері өзгертілуге жатады.

Осыған орай, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілерін өзгертіп, Б.Ж.Арынгазина мен Р.К.Балкибаеваның арасындағы және Р.К.Балкибаева мен Р.К.Кенесбаевтың арасындағы сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы, мәмілелер бойынша тараптар бастапқы қалпына келтіру туралы талап қоюын қанағаттандыру туралы бөлігінің күші жойылып, осы бөлігін қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шағарылуға жатады.

АПК-нің 109-бабына сәйкес кассациялық өтініш берген кезде төленген 301 232 теңге мемлекеттік баж Р.К.Кенесбаевқа мемлекеттік бюджеттен қайтарылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы шешімі және 2024 жылғы 19 ақпандағы қосымша шешімі, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 мамырдағы қаулысы өзгертілсін.

Сот актілерінің Батима Жамангараевна Арынгазина мен Роза Кимашевна Балкибаеваның арасында жасалған 2021 жылғы 1 маусымдағы № 1195, Роза Кимашевна Балкибаева мен Руслан Кенжеевич Кенесбаевтың, Майа Темерлановна Кенесбаеваның келісуімен, арасында жасалған 2021 жылғы 16 шілдедегі № 1525 сатып алу-сату шарттары жарамсыз деп тану, мәмілелер бойынша тараптар бастапқы қалпына келтіру, Роза Кимашевна Балкибаевадан, Руслан Кенжеевич Кенесбаевтен мемлекеттің пайдасына 2 070 000 теңге мемлекеттік баж әр қайсысынан өндіру туралы талап қоюларын қанағаттандырған бөлігінің күші жойылсын, осы бөлікте талап қою қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылсын.

Сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.

Руслан Кенжеевич Кенесбаевқа мемлекеттік бюджеттен 301 232 (үш жүз бір мың екі жүз отыз екі) теңге мемлекеттік баж төлемі қайтарылсын. Жауапкердың өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Б.Тоқтарова

Г.Жүсіпбекова

Судьялар

Ш.Иманиязова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.